---
title: "Ата-ананың отбасындағы парызы қандай?"
description: "Отбасында берген тәрбиенің негізгі көзі – балаға туыстық қатынастардың жүйесін, ұлт ішіндегі әлеумет..."
author: "usergoogle106352248460091562861"
published: "2020-10-04T15:00:48+00:00"
modified: "2020-10-04T15:00:48+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ata-anany-otbasynda-y-paryzy-anday-867949"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ata-anany-otbasynda-y-paryzy-anday-867949/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Ата-ананың отбасындағы парызы қандай?

> Отбасында берген тәрбиенің негізгі көзі – балаға туыстық қатынастардың жүйесін, ұлт ішіндегі әлеумет...

Отбасында берген тәрбиенің негізгі көзі – балаға туыстық қатынастардың жүйесін, ұлт ішіндегі әлеуметтік рөлдердің мәнін түсіндіру, шежіресін таныту. Ол үшін әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің негізінде алынатын нормалар жүйесі қолданылады. Туыстық байланыстардың беріктігі: ата-ананы сыйлау парызы, қартайған ата-аналардың балаларымен бірге тұруы, кенже немесе жалғыз ұлдың ата-ана алдындағы жауапкершілігі, туыс отбасыларының өзара көмегі және жесірлердің балаларын туыстардың өз қамқорлығына алуы сияқты әдет-ғұрыптар қазақ отбасыларының жазылмаған заңдары бола отырып, балалар мен жастарды тәрбиелеуге жағымды ықпал жасағаны даусыз. Ата-анасы парасатты болып, балаларына өздерінің шыққан тегі, руы, ел-жұрты туралы әңгімелеп, ағайын-туыстар арасындағы қатынасты, жекжат-жұрағатқа сыйластық таныту салты бойынша аталас ағайындар бір-біріне қарайласып, қамқор болу міндеттілігін түсіндіріп, олардың жақсы істерін мадақтап, үлгі етіп отырған. Әдет-ғұрып, рәсімдер, салт-дәстүрлер арқылы тәрбиелеу отбасында қалыптасады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, үлкендердің, ата-аналардың жеке басының үлгі-өнегесі балалар тәрбиесіндегі ұтымды әдістердің бірі.

Бала тәрбиесіне мектеппен бірге отбасының да әсері өте зор. Отбасы адамзат бесігін тербеткен ұя десек, ата-ана – баланың бас ұстазы. Отбасы таным бесігі, өркениет ошағы, үлгі өнеге бастауы. Ата-ананың күнделікті өмір тіршілігінде еңбегі, адамгершілік қасиеттері, жақсы мінез-құлқы, өзара дұрыс қарым-қатынасы, құндылықтар жүйесі балаға үлгі. Ата-анаға баладан жақын ешкім жоқ, сондықтан да баласының саналы, салиқалы, арлы азамат болып қалыптасуы оларға тікелей байланысты.

Ж.Баласағұнның бала тәрбиесіне байланысты ата-аналарға арнаған кеңестері қазіргі таңда да үлгі боларлықтай. Ата-ананың басты парызы:

баланың дұрыс тәрбиеленуі мен білім алуына көңіл бөлу;

балаға шаңырақ иесі, бабалар ісін жалғастырушы екендігін ұғындыру;

баланы аруақтарды ардақтауға, ата-баба дәстүрін сақтауға, құрметтеуге, ұрпақтан-ұрпаққа көздің қарашығындай жеткізе білуге баулу;

балаға өзінің мінез-құлық этикасымен үлгі болу;

балаға әділетті, қайырымды болу;

өзінен туған балаға тәрбиені өзі беру («Ай маңдайлы ұл-қыз туса алдыңда, үйде өсір, бөтен жерде қалдырма»);

баланы жас кезінен өнерге үйрету, еңбекке араластыру;

баланы тәрбиелеп, оқыту барысында мінезін қалыптастыруға көңіл бөлу;

баланың тәні мен жанының жақсы жетілуіне назар аудару;

балаға өмірдің әрбір сағаты санаулы екенін, сол себепті оны дұрыс өткізу қажеттілігін ескерту («Кешіккен тірлік өте зая берер келгісіз, қалған өмір қанша екені белгісіз. Қалған күнді текке зая кетірме, елімді ибадат қып бекін де»).

Ал отбасы тәрбиесінің алтын діңгегі – ұлттық педагогика, ұлттық салт-дәстүр. Ұлтымызда бала тәрбиесіне қатысты сөз болғанда «баланы-бастан» деп айтып жатады. Бұл ұғымның астарында жатқан ой өте терең. «Ұлт боламын десең, ұрпағыңды ойла.Халық боламын десең – қалпыңды сақта. Ел боламын десең – елдігіңді сақта, халқың ел болып алдыңа келсе – алдымен бесігіңді сақта»- деген заңғар жазушы М.Әуезовтың аталы сөзі отбасы тәрбиесінің маңызын айқындайды. Кезінде М.Жұмабаев «Тәрбиедегі мақсат – баланы тәрбиешінің дәл өзіндей етіп шығару емес, келешек өз заманына лайық қылып шығару» деп айтуы ата-ана алдында үлкен жауапкершілік тұрғанын дәлелдейді.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ata-anany-otbasynda-y-paryzy-anday-867949](https://yvision.kz/kk/post/ata-anany-otbasynda-y-paryzy-anday-867949)