---
title: "Ата-аналардың «оқу орындарындағы жемқорлыққа» төзімі таусылды"
description: "Ағымдағы жылғы 8 қазанда Солтүстік Қазақстан облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «Нұр Отан»..."
author: "finpolsko"
published: "2015-10-18T21:43:41+00:00"
modified: "2015-10-18T21:43:41+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ata-analardy-o-u-oryndarynda-y-zhem-orly-a-t-zimi-tausyldy-589662"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ata-analardy-o-u-oryndarynda-y-zhem-orly-a-t-zimi-tausyldy-589662/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Ата-аналардың «оқу орындарындағы жемқорлыққа» төзімі таусылды

> Ағымдағы жылғы 8 қазанда Солтүстік Қазақстан облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «Нұр Отан»...

![Ата-аналардың «оқу орындарындағы жемқорлыққа» төзімі таусылды](https://storage.yvision.kz/images/user/finpolsko/cmG92720Rh3PzU6hX184GafR1kzHll.jpg)

Ағымдағы жылғы 8 қазанда Солтүстік Қазақстан облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы және облыстық білім басқармасымен бірлесіп, «Педагогтар мен жастар арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекетті насихаттау» тақырыбы төңірегінде дөңгелек үстел өткізді.Дөңгелек үстелдің кеңейтілген отырысына М. Қозыбаев атындағы СҚМУ проректоры М.М. Тайжанова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары В.С. Ткаченко, 27 колледждің жетекшілері, Ішкі істер департаментінің, «Ардагерлер сапалы білім үшін» қоғамдық бірлестігінің, жастар ұйымдары және БАҚ өкілдері арнайы шақырылды.Жиынды ашқан, «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы төрағасының орынбасары Т.Ю. Чепухина, жемқорлықпен күресті жүзеге асыруға арналған партия бағдарламасына тоқталып, білім беру жүйесіндегі жемқорлықтың кең таралғандығын атап өтті.Содан болар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің маманы З.С. Байғаскина, дөңгелек үстелдің тақырыбы бекерден-бекер таңдалынбағандығын айтты. Өйткені Департамент қызметкерлері алдын алу жұмыстарын, түрлі аудитория өкілдерімен кездесулер өткізу барысында, азаматтардан көптеген арыздар естиді. Әсіресе, ЖОО мен арнайы білім беру мекемелерінде оқитын студенттерден, кейбір мұғалімдердің заңсыз ақшалай қаражат талап етулері ата-аналардың ызасына қатты тиюде.

![Ата-аналардың «оқу орындарындағы жемқорлыққа» төзімі таусылды](https://storage.yvision.kz/images/user/finpolsko/frb9q9zf07T2r5DvqoHB7yd8o7IdoR.jpg)

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» ҚР Заңының 3 бабына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтар үшiн осы Заңның негiзiнде мемлекеттiк мiндеттер атқаруға уәкiлеттi адамдар мен оларға теңестiрiлген адамдар жауапты болады. Білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтар үшiн мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестiрiлген білім беру мекемелерінің басшылары жауапты болады.Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың басқарушылық функцияларды атқарушы тұлғаларынан басқа жұмыскерлері, жемқорлық құқық бұзушылықтардың субъектісі болып танылмайды. Яғни олар, жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін жауапқа тартылмайды.Соның кесірінен оқу ошақтарындағы парақорлық үшін азаматтардың жалпы білім жүйесі және құқық қорғау органдарына деген сенімі жоғалатындығы сөзсіз.Сол себепті, жиылғандарға қылмыстық кодекстің 247 бабымен көзделген нормалар түсіндірілді. Мәселен, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымының, басқару функцияларын орындамайтын жұмыскерiнiң өз мiндеттерi аясына кіретін жұмысты орындау кезінде заңсыз сыйақы алғаны үшін жазаға тартылатындығы айтылды.Қазіргі уақытта оқу орындарында жемқорлықтың дамығандығына ешкім де күмән келтірмейді. Ақшаға құнығып болған оқытушылар, енді туристік жолдамалар, тұрмыстық техникаға дейін алатын болған. Осының барлығы ата-аналар, студенттер, тіпті мұғалімдер арасында өткізілген жасырын сауалнамалардан белгілі болды. Олар өздерінің заңсыз әрекеттерін үшінші тұлғаларды жұмылдыру арқылы жүзеге асыруда.ҚР қылмыстық кодексінің 247 бабына сәйкес, мұндай әрекетке барған тұлғалар 300 АЕК (594 600 теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 240 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 75 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.Бірнеше рет жасалған дәл сол іс-әрекетке – 500 АЕК (991 мың теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 300 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 90 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу жазасы тағайындалады.СҚО ІІД тергеу басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі С.Е. Құсайынованың айтуынша, ірi мөлшерде сыйақы алумен байланысты не қорқытып алумен ұштасқан іс-әрекеттерді жасаған тұлғалар мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 2000 АЕК (3 964 мың теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.Сонымен қатар, ІІД қызметкерлері өңіріміздің ЖОО, колледждері мен мектептерінде заңсыз ақшалай қаражат жинау фактілері анықталған жағдайда, Ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасына 39-41-85, 39-41-68 және 102 байланыс телефондары арқылы арыздану қажеттігі туралы жиынға қатысушыларға хабарлады.Оқу орындарында жүргізілетін алдын алу жұмыстары туралы өз пікірлерін білдірген облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары В.С. Ткаченко, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ проректоры М.М. Тайжанова, құрылыс-экономикалық колледжінің директоры, «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы маңындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Н.Д. Ухов, жемқорлық тәуекелдері білім беру саласының аз қаржыландырылуы салдарынан туындайды деген шешімге келді.

![Ата-аналардың «оқу орындарындағы жемқорлыққа» төзімі таусылды](https://storage.yvision.kz/images/user/finpolsko/A9tIP3qWN4Tx1oSk84R1Gd6Q70Xf64.jpg)

Дегенмен, оқу ошақтарында заң бұзушылықтарға нөлдік төзімділікті қалыптастыру бойынша, мұғалімдер қауымы қолдан келген шараларды қолданатындықтарын жеткізді.Кездесуге қатысқан Қазақстан Парламент Сенатының бұрынғы депутаты, қазіргі кезде жаңадан құрылған «Ардагерлер сапалы білім үшін» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Р.И. Полищук болса, бірлестіктің мақсаты – мұғалімдер жұмысына, оқыту үрдісіне қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету болып табылады, соның арқасында ғана білімді әрі бәсекеге қабілетті түлектер көбейеді деді.Отырыс соңында ұйымдастырушылар, барлық қатысушылардың ұсыныстар жобасын қарастыруды және педагогтар қауымына тұрмыстық жемқорлық сипаттарына нөлдік төзімділікті қалыптастыру бойынша үндеу әзірлеуді ұсынды.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ata-analardy-o-u-oryndarynda-y-zhem-orly-a-t-zimi-tausyldy-589662](https://yvision.kz/kk/post/ata-analardy-o-u-oryndarynda-y-zhem-orly-a-t-zimi-tausyldy-589662)