---
title: "Асығымыз алшысынан түскелі тұр"
description: "АСЫҒЫМЫЗ АЛШЫСЫНАН ТҮСКЕЛІ ТҰР«Асық ату» қазақ халқының атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық..."
author: "ergali-kartaigan"
published: "2015-03-21T10:17:11+00:00"
modified: "2015-03-21T10:17:11+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/asy-ymyz-alshysynan-t-skeli-t-r-430261"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/asy-ymyz-alshysynan-t-skeli-t-r-430261/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Асығымыз алшысынан түскелі тұр

> АСЫҒЫМЫЗ АЛШЫСЫНАН ТҮСКЕЛІ ТҰР«Асық ату» қазақ халқының атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық...

АСЫҒЫМЫЗ АЛШЫСЫНАН ТҮСКЕЛІ ТҰР«Асық ату» қазақ халқының атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық ойын түрі. Қазақ қашаннан ырымшыл халық. Ырымшылдығы сол, ата-енесі келін түсірсе, ұл тусын деген оймен асық жинаған. Өмірге ұл келсе, бесіктің басына қасқырдың, қыз туса еліктің асығын байлаған. Ал, қазір осындай ұлттық құндылықтарымыздың көбі ұмытылуда. Соңғы жылдары ғана ұлттық спорт түрлеріне мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, бірқатар жобалар іске асырыла бастады. Әсіресе, «Асық ату» ұлттық федерациясының ашылуы дүйім жұртты қуантқан жаңалық болды. Осыған орай, Жамбыл облысына арнайы келген «Асық ату» ұлттық федерациясының вице-президенті, асық атудан аға бапкер Жомарт Сабыржанұлы бірқатар БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді. Аталған бас қосуда Жомарт Сабыржанов федерацияның ұйымдастыруымен өткізілген жарыстарға, Жамбыл өңіріне қандай мақсатпен келгендігі және асық ату ойынын насихаттау жұмыстарына тоқталып өтті:
- 2011 жылы Өскеменде тұңғыш рет «асық ату» фестивальін өткізген ұлттық федерация, бүгінге дейін тынбай жұмыс жасап келеді. Жыл сайын республикалық көлемде 2-3 жарыс және қосымша турнирлер өткізіп тұрамыз. Үстіміздегі жылдың басты жаңалығы, мемлекеттен бөлінген қаржыға тоғыз жарыс кіргізіп отырмыз. Оның біреуі ҚР чемпионаты, қалғаны кубок және ересектер мен жасөспірімдер арасындағы чемпионат. Жасөспірімдер арасындағы чемпионат 20-26 тамыз күндері тараз топырағында өтетін болады. 2015 жылы Астана қаласының туған күніне арналып өткізілетін «асық ату» мен тоғызқұмалақ жарысын тәжік, қырғыз, өзбек, моңғол, түрік халықтарының арасында өткізетін ойымыз бар. Алдымыздағы үлкен жарыстардың бірі, Қызылорда қаласында өтетін, Конституцияның және Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған ұлттық спорт түрлерінен ересектер арасындағы ІV фестиваль. Ал енді «асық ату» ойынын насихаттау жағына келсек, қазіргі кезде еліміздің 78 мектебінде асық ойынының үйірмесі жұмыс жасауда, оның 63-і ауылдық жерлердегі мектептерге тиесілі. Жалпы еліміз бойынша 2000 – нан аса спортшы асық атумен тұрақты түрде айналысады. «Асық ату» ойынын қалыптасқан спорттық ойындардың біріне айналдыру үшін республиканың сегіз облысында федерациямыз ашылуы тиіс. Әзірге Қостанай, ШҚО, СҚО Ақмола облыстарында федерациямыз бар. Жамбыл облысына келгендегі мақсатым да осы. Осы тұрғыда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының көмегімен, федерация құру мәселесін қарастырып жатырмыз. Жарыстардың өткізілуіне келетін болсақ, асықты әр өңірде әртүрлі ойнайды. Біз енді осының барлығын ескере отырып, жалпыға ортақ ойын ережесін бекітіп(қақпа құл, бес табан, ащы шыр), нұсқаулық кітапшалар шығардық. Ойналатын асық та тек табиғи болуы шарт. Олай дейтінім, жақында бір еврей азаматы пластмассадан жасалған асық ойлап тауып, соны мемлекетке ұсыныпты. Дегенмен, жасанды асықтың адам денсаулығына тигізер зиянды жақтары болған соң, бұл ұсынысы жоққа шығарылды. Қалай десек те, бізге жасанды асықтың керегі жоқ, себебі жарысқа қатысатын спортшыларды федерация толықтай асықпен қамтамасыз ете алады. Елімізде асық жинайтын азаматтарымыз бар. Солардың бірі Болат Тағабай есімді бауырымыз 45 мың асық жинапты. Ол кісінің айтуынша, осы асықтарды ЭКСПО-ға дейін 100 мыңға жеткізбек ойы бар. Өткен жылдың қыркүйек айында Қырғызстанда он алты мемлекеттің қатысуымен «дүниежүзілік көшпенділер ойыны» бойынша жарыс өтті. Оның ішінде «асық атуға» бес мемлекет қатысты. Сонда байқағаным, асық атудан алдыңғы орында тұрған айыр қалпақты бауырлар. Ол жақта асық ату қалыптасқан спорттың бір түрі болып табылады. Тіпті, мектептерде оқу бағдарламасына еніп, арнайы бапкерлер дайындалып, оларға айлық төленеді және спорт шеберлігіне үміткерлер, спорт шеберлері бар – дейді, Ж.Сабыржанұлы. Ал, Әулие-ата өңірінде асық атудың шын жанашырына айналған азаматтардың бірі Бауыржан Бейсенбеков. Асық атуды насихаттап, облысымыздың жастарын айтулы жарыстарға апарып, республикалық бәсекелерде жоғары орындардан көрініп жүр. Ағамыз «асық ату» ойынына ұлттық нақышта арнайы киім тіктіріп, ұлттық құндылығымызды ұлықтап жүрген жайы бар. Бүгінгі таңда ел ішіндегі жарыстарда көзге көрініп жүрген жамбылдық Дархан Ахметалин және Ақылбек Бексұлтан ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп жүр. Ұлттық құндылықтарымыздың мұртын бұзбай, бүгінгі күнге дейін жеткізіп, оны әлемге әйгілеу басты мақсаттарымыздың бірі. Бұл бағытта белсенді қадам жасап отырған осындай ел ағаларының еңбегі елеулі болуы тиіс. Алдағы күндері ұлттық ойынымызды ұлт болып төрден шығарып жатсақ ұтылмайтынымыз анық. Жомарт ағамыз айтып өткендей, ұлттық ойынымызды тек федерация ғана емес, бүкіл қазақ болып қолдасақ қана мерейі үстем болмақ.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/asy-ymyz-alshysynan-t-skeli-t-r-430261](https://yvision.kz/kk/post/asy-ymyz-alshysynan-t-skeli-t-r-430261)