---
title: "Астрахань жеріндегі ноғай субэтникалық топтары туралы"
description: "Қарақалпақ, ноғай және қазақ тілдері ең жақын, туыс тілдер екені түсінікті. Қарақалпақ ағайындар тур..."
author: "Fvfylsr"
published: "2023-03-01T10:52:53+00:00"
modified: "2023-03-01T16:35:55+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/astrahan-zherindegi-no-ay-subetnikaly-toptary-turaly-984743"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/astrahan-zherindegi-no-ay-subetnikaly-toptary-turaly-984743/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Астрахань жеріндегі ноғай субэтникалық топтары туралы

> Қарақалпақ, ноғай және қазақ тілдері ең жақын, туыс тілдер екені түсінікті. Қарақалпақ ағайындар тур...

Қарақалпақ, ноғай және қазақ тілдері ең жақын, туыс тілдер екені түсінікті. Қарақалпақ ағайындар туралы көбірек білеміз деп ойлаймын. Ал, жалпы, ноғайлар туралы мағұлматтарымыз жеткілікті десек те біздің олардың субэтникалық топтары туралы деректеріміз аз.

Сонымен, ноғайлар негізінен Ресейде тұрады, саны ресми деректер бойынша 110 000, дегенмен, әдетте аз халықтар санын көп қылып көрсететін сияқты ноғайлардың өздері сандарын 150 000 шамасында дейді, меніңше, сол 110-150 мыңның арасында болар.

Енді, субэтникалық топтары туралы.

Бірінші, қарағаштар. Естеріңізде болса, ютубта қазақша сөйлеп жатқан бір әженің видеосы тараған болатын. Тілі қазақ тілінен еш айырмашылығы жоқ, тіпті, біздің батыс қазақтары сияқты "не зат" деп сөйлеп отырған ол әже қарағаш қызы болатын. Қарағаштардың мекені Ресейдің Астрахань облысы. Атауы түсінікті, яғни қара ағаш. Едәуір бөлігі қазақ тілінде сөйлейді. Қарағаштардың қысқаша тарихын алатын болсақ, қарағаштар қалмақ ханы Дондук-Омбоның кезінде оларға бағынышты болып, Құбан бойынан Еділдің төменгі ағысына көшіп (дұрысы, көшіріліп) келді. Рулық құрылымына қарайтын болсақ 4 руға бөлінеді, олар: найман, маңғыс, ас және төбептес. Соңғысы найманнан бөлінген деседі. Енді бір қызығы қарағаштардың құрамындағы Маңғыстау түркімендері (түрікпен) мен Қазан татарлары (қарақалпақ) жеке ру құрған. Қарағаштардың енді бір бөлігі қазақтармен, дұрысы Бөкей Ордасымен байланысты болып, қазақ арасына сіңісті.

Дегенмен, қарағаштар 1926 жылы татар деп жазылып, мектептегі білім әуелі татар тілінде, кейін орыс тіліне толықтай көшті. Өткен ғасырдың 80-90 жылдары ұлттық өрлеу дәуірі басталып, Кавказ ноғайларымен байланыс күшейді. Дегенмен, Астрахань таталарымен қарым-қатынас үзілген жоқ, ал, Астрахань облысында тұратын қарағаштардың қазақтармен байланысы одан сайын үдей түскен. Мысалы, Малый Арал (Кіші Арал) деп аталатын елді мекендегі қарағаштардың қазақтарға сіңісу процесі жүруде. Және бір таңқаларлығы ол ерікті түрді жүріп жатыр. Қарағаштардың саны ресми деректерде 218 адамнан өздерінің айтуынша 4,5 мыңға дейін.

Екінші, ноғай-татарлар. Олардың да мекені Ресейдің Астрахань облысы, оның ішінде Астрахань қаласы мен оның іргесі және аудандар. Саны белгісіз. Дегенмен, татар деп жазылғанына қарамастан анағұрлым көп деп ойлаймын. Қазан татарлары мен қарағаш ноғайлар оларды қараүйлі ноғайлар деп атайды. Қазақтар мен түркімендер ноғай деп айтады. Әрине, олардың да тағдыры өзге Астрахань аймағында тұратын ноғайлар сияқты, мектеп тілі әуелде Қазан татар тілі, қазір мектепте орыс тілінде оқиды. Әдеби тілі татар тілі, дегенмен, өз ана тілі ноғай тілінің бір бұтағы деуге болады. Дегенмен, 18-20 ғасырларда көшпенділіктен отырықшылыққа көшумен байланысты татарлардың әсері жоғары. Негізінен мәдени жағынан татар-ноғайлар Қазан татарларына бағыт ұстайды.

Үшінші, күндіреу ноғайлар. Саны 381 адам, меніңше одан да көп. Оларды да татар әсерін бойына сіңірген ноғайлар десек артық айтқандық емес. 20 ғасырдың басына дейін қарағаштар сияқты көшпелі өмір сүрген. Субэтникалық топ атауы "күн" сөзінен шыққан деседі. Кезінде күндіреу ноғайларының бір бөлігі патша заманында күштеп Орынбор жеріне көшірілді. Олар мұнда тағы бір түркі жұрты - ноғайбақтардың (ноғайбақтарға кейін жеке тоқталармыз) басқа түркі халықтары татарлар мен башқұрттармен бірге оның қалыптасуына әсер етті, ноғайбақтар қазақ шекарасында тұрғандықтан, қазақтардың да олардың этногенезіне қатысуы әбден мүмкін.

Күндіреу ноғайларының бір бөлігі қазақтарға сіңісті.

Төртінші. Отарлар (утарлар) немесе алабұғат таталары деп аталатын ноғайлар да Астрахань облысында тұрады. Бір бөлігі Қалмақстанда тұрады. Саны 400-1100 арасында. Астрахань татарларына қатысты деп айтатын болсақ та, олардың ең басында қалмақтанған қазақтардың, жембойлық ноғайлардың, кейін татарлар мен мишарлардың қатысуынан этногенезінің пайда болуын көреміз. Дегенмен, отарлар татар мәдениеті мен тілін жақын тұтады. Айтқандай субэтникалқ топ атауы "от" (от не шөптің оты) және оған жалғанған отарлар деген сөзден шыққанын байқауға болады.

Бұл шағын талдауымызда Кавказ ноғайларына тоқталмаймыз, өйткені олар туралы мәлімет жеткілікті. Айтқандай, соңғы санақ нәтижесі бойынша Кавказ ноғайларының, ең алдымен, Дағыстан ноғайларының азайғанын көреміз. Бірақ, бұл жерде олардың азаюының басты себебі жұмыс істеу мақсатымен Ямал сияқты Ресейдің өзге өлкелеріне кетуімен байланысты. Айтқандай, Мажарстанда ноғайлар ұлттық азшылық ретінде тіркелген. Ал, кезіндегі Қырымнан Мәскеуге баратын Ноғай жолы, Еділ татарларына қатысты ноғайлар туралы қосымша жазамын. Тиісінше, заманында Ресейдің қырғынынан қашқан ноғайлардың Осман империясына өтуі, жолында Румыния мен Болгарияда тұрақтап қалуы - ол бөлек әңгіме.

Айтқандай, Астрахань татарларының саны да азайған. Олардың ресми саны қазіргі күні 48 мың көлемінде ғана, ал, 2002 жылы әлі 70 мыңнын үстінде еді!

Сәйкесінше Қырым татарлары құрамындағы ноғайлар олар қырым татарларының далалық субэтносы ғана!

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/astrahan-zherindegi-no-ay-subetnikaly-toptary-turaly-984743](https://yvision.kz/kk/post/astrahan-zherindegi-no-ay-subetnikaly-toptary-turaly-984743)