---
title: "Астаналық десантшылар жауынгерлік дабылмен көтерілді"
description: "Қазақстан Қарулы Күштерінің басқа да бөлімдері мен құрамалары қатарында елордалық десантты-шабуылдау..."
author: "minoboronyRK"
published: "2013-06-06T21:02:12+00:00"
modified: "2013-06-06T21:03:36+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/astanaly-desantshylar-zhauyngerlik-dabylmen-k-terildi-356422"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/astanaly-desantshylar-zhauyngerlik-dabylmen-k-terildi-356422/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Астаналық десантшылар жауынгерлік дабылмен көтерілді

> Қазақстан Қарулы Күштерінің басқа да бөлімдері мен құрамалары қатарында елордалық десантты-шабуылдау...

**Қазақстан Қарулы Күштерінің басқа да бөлімдері мен құрамалары қатарында елордалық десантты-шабуылдаушылар құрамасы да «оқу дабылы» бойынша жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтірілді.**

![Астаналық десантшылар жауынгерлік дабылмен көтерілді](http://mod.gov.kz/mod-ru/images/stories/06june2013/03.jpg)

ҚР ҚК Бас штабы Орталық командалық пунктінен пәрмен алысымен бригаданың жеке құрамы тактикалық-сап сабақтарын өткізуге кірісті. Құрама командирі генерал-майор Алмас Жұмакеевтің басшылығымен жауынгерлік машиналар паркінен бронетранспортерлер, «Камаздар», танктер, «Кобра» жауынгерлік барлау машиналары, инженерлік-саперлік және басқа да техникалардан тұратын үш жүзден астам қару-жарақ пен әскери техника шығарылды.

 

Бөлім сардарлары мен сарбаздары белгіленген уақытта толық жауынгерлік мүлкімен өз позицияларынан табылды. Әскери қызметшілердің іс-қимылдарын бөлімге арнайы шақырылған республикалық телеарналардың журналистері бақылады.

 

БАҚ өкілдері десантшылардың қысқа мерзім ішінде жауынгерлік тапсырмаларды орындауға әзір болып, белгіленген ауданға дер кезінде табан тірегеніне тәнті болды.

 

Бағынысындағылардың іс-қимылын бағалаған генерал Жұмакеев құрамының әскери қызметшілері жүктелген тапсырмаларды сауатты орындағанын, «оқу дабылына» сәйкес барлық техника ақаусыз от алып, белгіленген ауданға жылжығанын атап өтті.

 

**ҚР ҚМ Баспасөз қызметі**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/astanaly-desantshylar-zhauyngerlik-dabylmen-k-terildi-356422](https://yvision.kz/kk/post/astanaly-desantshylar-zhauyngerlik-dabylmen-k-terildi-356422)