---
title: "Астанада Ораза айт мерекесі өтіп жатыр"
description: "Бүгін – мұсылманша айтізбесі бойынша Шәууәл айының алғашқы күні. Яғни, күллі мұсылман қауымы үшін Ор..."
author: "cipr2013"
published: "2018-06-18T08:42:25+00:00"
modified: "2018-06-18T08:42:25+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/astanada-oraza-ayt-merekesi-tip-zhatyr-807572"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/astanada-oraza-ayt-merekesi-tip-zhatyr-807572/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Астанада Ораза айт мерекесі өтіп жатыр

> Бүгін – мұсылманша айтізбесі бойынша Шәууәл айының алғашқы күні. Яғни, күллі мұсылман қауымы үшін Ор...

Бүгін – мұсылманша айтізбесі бойынша Шәууәл айының алғашқы күні. Яғни, күллі мұсылман қауымы үшін Ораза айт мейрамы. Осыған орай, ел мешіттеріндеекі рәкәғаттық Ораза айт намазы оқылды.

Ұлық мерекенің ұлтымыз үшін жыл санап қадірі артып келе жатқандығы көңілге мол қуаныш ұялатады. Таң білінер-білінбестен мешітке ағылған халықтың қарасы биыл тіптен көп болды. Ораза айт намазын оқу үшін мешітке келген елордалықтардың көптігі соншалық, құлшылық ордасының атшаптырым ауласында иін тірескен жұрттың арасынан ине шаншар орын табылмады.

Жиналған жамағатқа ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы Асқар Әбітайұлы Ораза айттың қадір-қасиеті мен осы күні атқарылатын салихалы амалдар жайлы мерекелік уағыз-насихат айтып, жиналған астаналық жұршылықты қасиетті мейраммен құттықтады.Ұлық мейрамға Астана қаласы әкімдігінің Дін проблемаларын зерттеу орталығының басшы орынбасары Айбек Асқарбекұлы қатысты.

Екі рәкәғат айт намазы оқылғаннан кейін, арнаулы Ораза айт құтпасы оқылып, құтпа соңынан мешітіміздің Бас имамы елімізге амандық, халқымызға бақ-береке, Отанымызға тыныштық, азаматтарымызға екі дүниенің жақсылығын тілеп дұға жасады.

Осылайша, қасиетті Рамазан айына орай ұсталатын бір айлық парыз ораза аяқталып, халқымыз үшін қасиетті Ораза айт мейрамы басталды.

Мешіттегі мерекенің жалғасы ұлттың рухын көтерер дәстүрлі спорттық шараларға ұласты. Арқан тарту, қол күресі, гір көтеру, асық ату сияқты ұлттық ойындардан мерекелік сайыс өтті. Айтқа келушілер ұлттық спорт сайысына дән риза болып, белсене қатысты. Мешіт қызметкерлері де белсенділік танытып, айт мерекесінің ұлттық дәстүрімізге сай халықтық деңгейде өтуіне атсалысты.

Мерекелік сайыс нәтижесінде жеңімпаздар арнаулы сертификаттар және бағалы заттармен сыйланды.

Источник: religii.kz

Источник: КГУ "Центр исследования проблем религий акимата города Астаны"

Контакты: 8 7172 55 04 42

Телефон доверия: 2288

Web сайт: www.religii.kz

Instagram: cipr_astana

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/astanada-oraza-ayt-merekesi-tip-zhatyr-807572](https://yvision.kz/kk/post/astanada-oraza-ayt-merekesi-tip-zhatyr-807572)