---
title: "Астанада Нұрғиса Тілендиевтің 90 жылдығына арналған концерт өтеді"
description: "Елордада қазақтың әйгілі дирижері, композитор, күйші, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 90 жыл..."
author: "TRK_kaz"
published: "2015-06-24T07:18:00+00:00"
modified: "2015-07-03T06:25:57+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/astanada-n-r-isa-tilendievti-90-zhyldy-yna-arnal-an-koncert-tedi-516527"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/astanada-n-r-isa-tilendievti-90-zhyldy-yna-arnal-an-koncert-tedi-516527/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Астанада Нұрғиса Тілендиевтің 90 жылдығына арналған концерт өтеді

> Елордада қазақтың әйгілі дирижері, композитор, күйші, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 90 жыл...

**Елордада қазақтың әйгілі дирижері, композитор, күйші, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 90 жыл толуына орай концерт ұйымдастырылып жатыр.**

**

![Астанада Нұрғиса Тілендиевтің 90 жылдығына арналған концерт өтеді](https://storage.yvision.kz/images/user/trk_kaz/RZu0m8Ejp1b393S1FAJl6kN6CHQcHW.jpg)

**

6 шілде күні Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында әйгілі композитор, дирижер, күйші Нұрғиса Тілендиевтің 90 жылдығына арналған «Жүрегім менің» атты концерт өтеді деп хабарлайды astana.gov.kz.

Кеште композитордың көпке танымал туындыларын Симфониялық оркестр мен Н. Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрі орындайды. Ал, оркестрге Халық қаһарманының қызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Тілендиева дирижерлік етеді.

Концертке Роза Рымбаева, Майгүл Қазтұрғанова, Еркін Шүкіманов, Сүндет Байғожин, Мәдина Сәдуақасова және «МузАРТ» тобы сияқты отандық эстрада жұлдыздары қатысады.

Сондай-ақ, шара барысында қазақ музыкасының данышпаны туралы бейнеклип көрсетіледі.

Тілендиев Нұрғиса Атабайұлы 1925 жылдың 1 сәуірінде Алматы облысы Іле ауданында дүниеге келген. Қазақ КСР халық әртісі (1975 жыл), КСРО халық әртісі (1984 жыл), Халық Каһарманы (1998 жыл) атақтарына ие.

Композитор Мәскеудегі П.И.Чайковский атындағы консерваторисының дирижерлік факультетін тәмәмдаған. 1953-1961 жылдары Абай атындағы опера және балет театрында, 1961-1964 жылдары Құрманғазы атындағы Мемлекеттік Академиялық халық аспаптар оркестрінде бас дирижер қызметін атқарды. 1981-1998 жылдары құрылуына тікелей өзі себепші «Отырар сазы» халық аспаптары оркестрінде бас дирижер болды. Сондай ақ, 1968 жылдың «Қазақфильм» киностудиясы музыка редакциясының бас редакторы болып істеді.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/astanada-n-r-isa-tilendievti-90-zhyldy-yna-arnal-an-koncert-tedi-516527](https://yvision.kz/kk/post/astanada-n-r-isa-tilendievti-90-zhyldy-yna-arnal-an-koncert-tedi-516527)