---
title: "Астанада қазақша қақпайтын балалар өсіп келеді"
description: "Жеделсатыда болған жағдай Өте бір жайсыз, тіпті, қорқынышты көрініске куә болдым. Жағдай мұндай мүшкіл деп ойламағанмын. Өзім тұратын үйдің лифтіне менімен жарыса екі бала мінді. Түрлері қазақ болғанда да, қап-қазақ енді. 7-8 оқитын балалар-ау...."
author: "orazali"
published: "2024-06-11T04:20:11+00:00"
modified: "2024-06-11T04:22:24+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/astanada-aza-sha-a-paytyn-balalar-sip-keledi-1005511"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/astanada-aza-sha-a-paytyn-balalar-sip-keledi-1005511/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Астанада қазақша қақпайтын балалар өсіп келеді

> Жеделсатыда болған жағдай Өте бір жайсыз, тіпті, қорқынышты көрініске куә болдым. Жағдай мұндай мүшкіл деп ойламағанмын. Өзім тұратын үйдің лифтіне менімен жарыса екі бала мінді. Түрлері қазақ болғанда да, қап-қазақ енді. 7-8 оқитын балалар-ау....

*Жеделсатыда болған жағдайдан кейінгі жедел ой*

![undefined](https://storage.yvision.kz/images/user/577776/256cfe5eebf13edf664273353daeca.jpg)

Өте бір жайсыз, тіпті, қорқынышты көрініске куә болдым. Жағдай мұндай мүшкіл деп ойламағанмын.

Өзім тұратын үйдің лифтіне менімен жарыса екі бала мінді. Түрлері қазақ болғанда да, қап-қазақ енді. 7-8 оқитын балалар-ау. Кіре, төртінші қабатты басты.

- Сегізді баса қойшы, - дедім. Қолым бос емес еді. Екеуі алақ-жұлақ етіп бір-біріне қарады.

- Се-гіз, - деп нақтылап қайталадым. Біреуі жетіні басты. Түсінбей тұрғанын енді ұқтым.

- Ол жеті, маған сегіз керек. Саусағымен сандардың үстін тағы бір айналып шықты.

- Сен орыссың ба? - дедім орысшалап. Шын сұрадым. Кәріс болуы да мүмкін ғой.

- Нет.

- Атың кім?

- Мирас.

- Мен Сережа әлде Саша деп ойладым, - дедім. Жас бала ғой, неге айтып тұрғанымды ұқпады, білемін.

Лифт олардың қабатына жетті де, екеуі құтылғанына қуанып, сыртқа зып берді. Деймін да, бұл балалар, мақұл, орыс мектебінде оқиды делік. Үйінде орысша сөйлейді делік. Сонда оларға қазақ тілі деген пән оқытылмай ма? Онға дейінгі сандарды білмеу дегенді сипаттайтын сөз таба алмай отырмын енді…

Тақырыпқа тағы бір тұздық.

“Хабарда” істеп жүргенімде бір мектепке түсірілімге барғанмын. Орыс сыныбындағы қазақ тілі туралы сюжет. Тоғызыншы сыныптың қазақ тілі сабағына кірдім. Апай тақтаға дәәу қып “Қазақтың шешендік өнері” деген тақырып жазып, шешендік өнердің түрлері, шешендік арнау, шешендік толғау, шешендік дау туралы ұзақ толғады. Бағдарлама бойынша сол тақырыпқа келген екен. Үзілісте осы пәнді үздік оқып жүр деген балалардан сұқбат алдық. Одар болса, өзін таныстыратын қарапайым сөздерді құрап айта алмай тұрды…

Осы жерден тоқтайын. Лифт сегізінші қабатқа келді.

Режиссер [Мұрат Есжан](https://www.facebook.com/profile.php?id=1712693447)ның жазбасы

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/astanada-aza-sha-a-paytyn-balalar-sip-keledi-1005511](https://yvision.kz/kk/post/astanada-aza-sha-a-paytyn-balalar-sip-keledi-1005511)