---
title: "Астана тұрғыны пәтеріне мыңға жуық адамды тіркеген. Ол сотталды"
description: "Оның 35,7 шаршы метр бір бөлмелі пәтеріне 937 адамның тіркелгені анықталған. Бұл жайында қала прокуратурасындағылар хабарлады.Фото: total.kz ..."
author: "seri.jigit"
published: "2024-07-10T12:02:51+00:00"
modified: "2024-07-10T12:02:51+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/astana-t-r-yny-p-terine-my-a-zhuy-adamdy-tirkegen-ol-sottaldy-1006363"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/astana-t-r-yny-p-terine-my-a-zhuy-adamdy-tirkegen-ol-sottaldy-1006363/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Астана тұрғыны пәтеріне мыңға жуық адамды тіркеген. Ол сотталды

> Оның 35,7 шаршы метр бір бөлмелі пәтеріне 937 адамның тіркелгені анықталған. Бұл жайында қала прокуратурасындағылар хабарлады.Фото: total.kz ...

*Оның 35,7 шаршы метр бір бөлмелі пәтеріне 937 адамның тіркелгені анықталған. Бұл жайында қала прокуратурасындағылар хабарлады.*

![](https://storage.yvision.kz/images/user/577778/f9d236e4716c21b6abd90c63bde956f1.jpg?width=698&height=465)

*Фото: total.kz*

Осыдан кейін «резеңке» пәтердің иесіне қылмыстық іс қозғалды. Құзырлы органның бұл әрекеті оның өз баспанасына соншама адамды тіркегені үшін жасалып отырған жоқ. Өйткені пәтерге немесе үйге қанша жанды тіркесең де өзің білесің. Яғни елімізде заң бойынша оған шектеу жоқ. Ал мына тұрғынға заңсыз көші-қонды заңсыз ұйымдастырды деген айып тағылған.

Сонысы дәлелденген ол ҚР Қылмыстық кодексі 394-бабының 1-бөлігі бойынша сотталды. Сот үкімі заңды күшіне енген.

Бір қызығы, прокуратура хабарламасында тұрғынға нақты қандай жаза кесілгені айтылмайды. Бірақ жоғарыда келтірілген 394-баптың 1-бөлігінде былай делінген.

«...мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, екі мың айлық есептік көрсеткiшке (7 384 000 теңге – ред.) дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады».

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/astana-t-r-yny-p-terine-my-a-zhuy-adamdy-tirkegen-ol-sottaldy-1006363](https://yvision.kz/kk/post/astana-t-r-yny-p-terine-my-a-zhuy-adamdy-tirkegen-ol-sottaldy-1006363)