---
title: "Қаржантаудың Ұясу шатқалы және Көктен ата шипалы бұлағына саяхат"
description: "Қаржантаудың Ұясу шатқалы және Көктен ата шипалы бұлағына саяхатЕлбасының \"Болашаққа бағдар: Рухани ..."
author: "seidaly"
published: "2018-06-01T11:38:08+00:00"
modified: "2018-06-05T12:54:47+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/arzhantaudy-yasu-shat-aly-zh-ne-k-kten-ata-shipaly-b-la-yna-sayahat-806202"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/arzhantaudy-yasu-shat-aly-zh-ne-k-kten-ata-shipaly-b-la-yna-sayahat-806202/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қаржантаудың Ұясу шатқалы және Көктен ата шипалы бұлағына саяхат

> Қаржантаудың Ұясу шатқалы және Көктен ата шипалы бұлағына саяхатЕлбасының "Болашаққа бағдар: Рухани ...

Қаржантаудың Ұясу шатқалы және Көктен ата шипалы бұлағына саяхат

Елбасының "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" жобасының "Туған жер" бағдарламасының талаптарына сәйкес, туған өлкеміздің табиғаты мен тарихын таныту, насихаттау мақсатымен бір топ еріктілерді бастап, танымдық экспедиция ұйымдастырып едік. Сол туралы баяндасақ.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/6eb93542859be212f663728c31bf51.jpg)

Оңтүстіктің Қазығұрт ауданы тамылжыған табиғатымен туристерді қызықтырады. Бұл ауданда Батыс Тянь-Шань тау жүйесінің Қаржантау, Қазығұрт, Өгем тау жоталары орналасқан. Соның бірі Қаржантау жотасы - сылдырай аққан өзендері мен нулы, орман-тоғайлы шатқалдарымен талайды тамсандырып жатады.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/77fcb645c1f50f1c59004292db5b7c.jpg)

Бүгін біз бұған дейін әңгімелеген Қаржантаудың Ұясу петроглифтерін тамашалап, фотосуретке түсіріп болғасын, Ұясу шатқалы бойымен жоғары өрлеп, біршама табиғат ескерткіштерімен танысуды жөн көрдік.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/dc8559a7e3f73ca55dca4f85ef49d2.jpg)

Ұясу өзені

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/6179dd36f1a79a7802eb6afd6aad18.jpg)

Соның бірі – жықпыл тастардан жылжи сырғып, керемет арна жасап алған Ұясу өзенінің Көкиірім сарқырамасы. Көкиірім сарқырамасы өзі шағын болғанына қарамай, ерекше табиғи қалыптасуы керемет көрік береді. Мұнда тұщы тау өзендерін мекен ететін маринка балықтары бар екен. Бір демалыста арнайы балық аулауға келетін-ақ жер екен.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/6e2b0dabbb3b797db41ba148c7b15e.jpg)

Ұясу өзені. Көкиірім сарқырамасы

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/f7afa5f360c61028fbe94f7fe5aa6c.jpg)

Ұясу өзенінің қақпасы

Ұясу шатқалынан кейін Жігергенсу шатқалына ойыстық. Бұл шатқалдың ең қызықтыратын орны – Көктен ата шипалы бұлағы. Бұлақ басында Есенаман қалпе кесенесі орналасқан. Кесене жайлы бұған дейін massaget.kz-тегі блогымызда біршама тоқталғанбыз. Қайталап жатпай-ақ қоялық.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/9da7cd761b17fcb4bb7c3916b9576a.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/f7abd59315df41a59e0922687247e5.jpg)

Есенеман қалпе кесенесі

Көктен ата шипалы бұлағының бастау алар тұсында тамаша көктерек тоғайы бар. Қураған көне ағаш діңгегі арасынан тұп-тұнық бұлақ сылдырай ағып жатыр. Сап-салқын суды ұрттай қалсаңыз, күннің ыстығында шаршап жеткеніңізді лезде ұмытасыз. Сылдыраған бұлақ дыбысының өзі жүйкеңді біршама сауықтырып тастайтындай. Шілденің шіліңгір ыстығында тынығуға таптырмайтын орын.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/d946cf6db8c256b090dad5983b4226.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/58b2a4aa23c589e2817b83d510d469.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/fe1d74abb9895800fea7cb6952f2c1.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/7a27875aee9b28e816e49df3a7803d.jpg)

Көктерек тоғайы

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/4b48405b0a2fdfbcecbe6ed6d47e0b.jpg)

Көктен ата шипалы бұлағы

Осы жерден бүгінгі саяхатымызды аяқтап, Қазығұрт ауылы арқылы Шымкент қаласына жолға шықтық.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/519a45e948cc9354ac5902b46f8d9d.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/63a9400da92ed3014d701f5c9daceb.jpg)

Қайта келер болсақ, мына "Жігерген қақпасы" бізді күтіп алатын болады.

Сейдалы Дүйсебайұлы

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/arzhantaudy-yasu-shat-aly-zh-ne-k-kten-ata-shipaly-b-la-yna-sayahat-806202](https://yvision.kz/kk/post/arzhantaudy-yasu-shat-aly-zh-ne-k-kten-ata-shipaly-b-la-yna-sayahat-806202)