---
title: "Аружанның арманы – әлемнің үздік университеттерінің біріне түсу"
description: "Бүгін сіздерді Қазақстанның алдыңғы қатарлы жастарының бірімен таныстырғымыз келеді. Аружан Аманбаев..."
author: "MON_RK"
published: "2017-06-29T04:13:20+00:00"
modified: "2017-06-29T04:13:20+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/aruzhanny-armany-lemni-zdik-universitetterini-birine-t-su-771738"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/aruzhanny-armany-lemni-zdik-universitetterini-birine-t-su-771738/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Аружанның арманы – әлемнің үздік университеттерінің біріне түсу

> Бүгін сіздерді Қазақстанның алдыңғы қатарлы жастарының бірімен таныстырғымыз келеді. Аружан Аманбаев...

Бүгін сіздерді Қазақстанның алдыңғы қатарлы жастарының бірімен таныстырғымыз келеді. Аружан Аманбаева – халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы, ол оқуда табысқа қол жеткізу үшін өзіңнің ана тіліңмен қатар, шет тілдерін де меңгеру маңызды екенін өз тәжірибесімен дәлелдеген жан.

2017 жылдың сәуір айында Аружан ел тарихында бірінші рет қыздар арасында математика пәнінен өткен беделді еуропалық олимпиадада (EGMO) алтын медаль алған болатын. Жарыс Цюрихте өткен (Швейцария). Олимпиадаға Еуропадан тыс, АҚШ, Жапония, Израиль және тағы басқа барлығы 44 елден мектеп оқушылары қатысқан. 168 қатысушының арасынан 16 алтын медальдің бірін тоғызыншы сыныпта оқитын Аружан Аманбаева қаржығасына байлап, жалпы рейтингте бесінші орынға тұрақтаған. Аружанның қоржынында математикадан Халықаралық Балқан олимпиадасының (2016 жыл) және 2016 жылғы Батыс Қытай олимпиадасының алтын медалі бар. Қазір ол 16-23 шілде аралығында Бразилияда өтетін Халықаралық математика олимпиадасына дайындалып жатыр.

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) 10-сынып оқушысы математика пәнін бала күнінен жақсы көретінін айтады. Ал кәсіби олимпиадаларға бесінші сыныптан қатыса бастаған: “Кішкентай кезімде-ақ анам математикаға деген қызығушылығым мен қабілетімді байқапты. Әртүрлі басқатырғыштар, тапсырмалары бар кітаптар, логикалық ойлауды дамытатын оқу құралдарын сатып әперетін. Бесінші сыныптан бастап математикадан дайындайтын мұғалімдер іздей бастады. Олимпиадалық математикадан алғашқы мұғалімім Құрманалин Хакен Мақсатұлы болды. Ұстазым мықты техникалық мектеп болып саналатын №165 лицейге түсуге кеңес берді”. Қазір Аружанды Нұрсұлтан Қажымұратов жаттықтырады, ал Қазақстан құрамасымен ресейлік жаттықтырушы Григорий Челноков жұмыс істейді.

Аружан қазіргі заманда ағылшын тілінің ауадай қажет екенін айтады. Математикадан, басқа да пәндерден қажетті көмекші материалдардың көпшілігі ағылшын тілінде. Тіл үйренуден бөлек, бойжеткен сурет өнеріне қызығады. “Математика – оқуда да, өмірде де көмектесетін менің сүйікті ісім. Ал бос уақытымда сурет саламын. Сурет салу көңіл күйімді жақсартады”, – дейді ол.

Биылғы мамыр айында Аружан Охрид (Македония) қаласындағы Балқан Олимпиадасына да барып қайтты. Жыл сайын оған Балқаннан ғана емес, Қазақстан, Франция, Ұлыбритания елдерінен де оқушылар қатысады. Қазақстаннан олимпиадаға республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары барады. Өткен оқу жылында осы олимпиадада абыройлы болу Аружанның басты мақсаты болатын. Жарыстан күміс медальмен оралды.

Алдына қойған мақсаты зор бойжеткен өзі қатысқан басқа да олимпиадалар туралы әңгімелеп берді. “IZHO (Халықаралық Жәутіков олимпиадасы) – РФММ базасында қаңтар айында өтетін халықаралық олимпиада. Оған жыл сайын 17 елдің балалары қатысады. Негізінен ТМД елдерінің оқушылары келеді. Қазақстанда әр облыс осы олимпиадаға қатысатын балалар арасында іріктеу жасайды. Ал Батыс Қытай олимпиадасына тек Азия елдері қатысады. Бұл сайыс жазда, тамыздың ортасында өтеді. Екі олимпиадада да қатысушыларға шарттары өз ана тілдерінде жазылған тапсырмалар беріледі”. EGMO олимпиадасынан алған әсерімен бөліскен Аружан ұйымдастыру деңгейінің жоғарылығын және өтетін орынның да көрікті болғанын айтады.

Мектепті бітіргеннен кейін Аружан әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінің біріне, Stanford, MIT немесе Harvard университетіне түскісі келеді. “Университет бітіргеннен кейін жұмыс істейтін. Жұмыс істеу барысында мектепте және университетте жинаған білімім көмекке келсе деймін. Бірақ, нақты немен айналысатынымды шешкен жоқпын”, – дейді ол.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/eeCdG39u5y8RWWal21B4s9VLReqLa2.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/4qqPxzHKkU2Sh3eqmfN1dmuXvhaUuG.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/mYgu5MQtCICl9Mrm5q2ZMpB5LVqdzD.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/yFi1931moy6hWmg9EeJpiS47105FJ3.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/aruzhanny-armany-lemni-zdik-universitetterini-birine-t-su-771738](https://yvision.kz/kk/post/aruzhanny-armany-lemni-zdik-universitetterini-birine-t-su-771738)