---
title: "Қарақшылық жолмен балық аулаушылар көбейіп барады"
description: "Атырау облысында қарақшылық жолмен балық аулау мәселесі әлі де болса тыйылмай тұр. Жыл бастала сала..."
author: "kaztrk_kz"
published: "2012-01-24T09:51:07+00:00"
modified: "2012-01-24T09:52:35+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ara-shyly-zholmen-baly-aulaushylar-k-beyip-barady-222225"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ara-shyly-zholmen-baly-aulaushylar-k-beyip-barady-222225/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қарақшылық жолмен балық аулаушылар көбейіп барады

> Атырау облысында қарақшылық жолмен балық аулау мәселесі әлі де болса тыйылмай тұр. Жыл бастала сала...

Атырау облысында қарақшылық жолмен балық аулау мәселесі әлі де болса тыйылмай тұр. Жыл бастала сала кезекті заңсыз балық аулау және оның өнімдерін саудалаушылар ұстала бастады. Мәселен жол полициясы басқармасының инспекторлары республикалық маңыздағы тас жолдағы кезекті тексеру шаралары кезінде жүк көлігіне тиелген 2 тонна сазан балығын тәркіледі. Атыраудан Оралға сапар шегіп бара жатқан заңсыз балықтың иесі жергілікті азамат болса, көлік жүргізушісі көрші облыстан болып шықты. Каспий теңізі атырабындағы балықшы ауылдардың бірінде тұратын 33 жастағы браконьер тәркіленген балықтардың барлығын бір өзім ауладым деген. Алайда, ешбір заңды құжаты жоқ. Қазір құзырлы орган өкілдері осынша балықтың қайдан және кімдер аулағандығын анықтап жатыр. Айта кету керек, браконерлерге полицейлер тұрмақ күрт суытқан ауа-райының қолайсыздығы да тосқауыл бола алмай тұр. Жаңа жылдың осы 24 күнінде облыс аумағында заңсыз ауланған 3 тоннаға жуық түрлі балық тәркіленді.Гүлназира Мұхтарова, облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі: Тәркіленген балықтардың 11-і келісі аса бағалы бекіре балықтары. Күні кеше вокзал маңынан тағы бір азаматшаны ұстадық, ол 500 келі сазанды сатпақ болған. Сонымен бірге Ақтөбелік тағы бір азаматшадан 250 келі ұсақ балық тәркіледік. Осы заң бұзушылық фактілерінің барлығымен қазір ішкі істер органдары айналысып жатыр. Бекен ӘЛИРАХЫМ

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ara-shyly-zholmen-baly-aulaushylar-k-beyip-barady-222225](https://yvision.kz/kk/post/ara-shyly-zholmen-baly-aulaushylar-k-beyip-barady-222225)