---
title: "Қара домбыраны қасиет тұтқан жан"
description: "Айқын, 13.01.2014 Дәстүрлі әнші, термеші, домбыра жасау шебері, Республикалық «Жігер» фестиваліні..."
author: "Mki_gov"
published: "2014-01-15T06:03:02+00:00"
modified: "2014-01-15T06:03:02+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ara-dombyrany-asiet-t-t-an-zhan-395714"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ara-dombyrany-asiet-t-t-an-zhan-395714/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қара домбыраны қасиет тұтқан жан

> Айқын, 13.01.2014 Дәстүрлі әнші, термеші, домбыра жасау шебері, Республикалық «Жігер» фестиваліні...

*Айқын, 13.01.2014*

Дәстүрлі әнші, термеші, домбыра жасау шебері, Республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты, Ә.Қашаубаев атындағы конкурстың дипломанты Әбдікәрім Мәметұлы Зұлынов – қазақ өнерінің дамуына қолынан келген үлесін қосып жүрген зиялы азамат. Өнерге бай Семей өлкесінде туып-өскен Әбдікәрімнің әкесі совхоздың бас шопаны болып еңбек еткен. Өнерлі өлкеде туып, оның үстіне қойшының баласы болған соң, кең далада әрі оңашада жүріп ән салмау, әнге құштар болмау мүмкін емес. Әкесіне көмекші шопан болып жүретін Балтабай, Болат деген азаматтардың домбыра шерткеніне, ән айт­қан­дарына қарап, өзі де бала күнінен ән жат­тап, оңашада неше түрлі күй төгілткен. Қазақ радиосына құлағын төсеп, биік өнерге құлаш сермеген. Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Мәдениет Ешекеев, Ғарифолла Құр­манғалиев, Ләззат Сүйіндікова, Гүлбар­шын Ақпановалардың дауысына елтіп, мек­тепке барғанша 5-6 әнді жатқа біліпті. Семей облысы Шұбартау ауданының қазіргі Айқыз ауылында сегіз жылдық мектепте әнші бала атанған. Бірақ ауылдан ұзап оқуға жағдайы келмеді, үйдің үлкені болғандықтан кіші ба­уыр­ларына бас-көз болуына тура келді. Де­ген­мен бойындағы асыл өнері тыныш жатқыз­-бай, Семей қаласындағы Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищеге жетелеп, өз дарынымен оқуға түсті. Баланың дарынын ұстаздары да байқап, облыстық филармонияға «дауысы керемет» деп ұсынды. Жастайынан бағы ашылып, Мәдениет Ешекеев, Болат Сыбанов, Бақыт Үдербаев, Тұрсынғазы Ра­химов, Келденбай Өлмесеков сынды Семей өңірінің саңлақтарымен бірге ән айту ба­қы­тына ие болды, дәстүрлі ән мектебінің май­талмандарының қолында шыңдалды. Фи­лармонияда Мәдениет Ешекеевтің тобында болып, сахнада жүріп-тұруды үйренді. Болат Сыбанов ағасына еліктеп шығарған әндерін тікелей өзінен жатап алып, орындағанда Бо­-лат ағасы талай рет риза-шаттыққа бөленген. 1981 жылы Респуликалық эстрада цирк сту­дия­сының ән мектебіне шәкірт болып қабыл­данды. Онда ұстазы болған Жәнібек Кәрме­новтен білім алып, халық композиторлары­ның, Абай, Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Естай, Балуан Шолақтың ән­дерін нақышына келтіріп орындауды үйренді. Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің же­текшілігімен 1982 жылдың желтоқсан айында «Отырар сазы» фольклорлық этнографиялық ұлт-аспаптар оркестрі құрылып, құрамына Ермек Әбілтаев, Майгүл Қазтұрғанова, Нұр­бек Әділбековтермен бірге студияда оқып жүрген студент Әбдікәрім де шақырылған. Сөйтіп, Нұрғиса Тілендиевтің сынынан өтіп, ән салу бақытына ие болды. 1983 жылы әкесі ауылына шақыртып, амалсыз үлкен сахнаны ауылдағы мәдениет үйінің сахнасына айыр­бастады. Бауырларына көмек қолын созумен жүргенде, өнерден жартылай алшақтады. 1986-1995 жылдары Семей облысы Аягөз ауданының мәдениет бөлімінде қызмет атқа­рып, көптеген сайыстарға қатысып, әнші-тер­меші ретінде жеңімпаз атанды. 1987 жылы «Ән домбыра» атты концерттік бағдарлама құрып, талантты әншілер Нұрқасым Мұстафаев, Аза­мат Әдірбековтермен бірге Шығыс Қазақстан өңірін, Семей, Талдықорған облыстарын ара­лап, халыққа өнер көрсеткені өмірдің үлкен бір белесі болды. Әбдікәрімнің жиі еске алып, жадынан шығармайтыны – әріптес ағасы марқұм Келденбай Өлмесеков пен досы марқұм Санақ Әбеуовтер. Өнердегі, өмірдегі достары Бақыт Үдербаев, Амангелді Шікенов, Тұрсынғазы Рахимов, Толғанбай Сенбаев­тармен қайда болса да бірге. Әбдікәрім 1995 жылы Алматы қаласына қоныс аударып, әртүрлі салада жұмыс жасап көрді. Бірақ қазақтың киелі қара домбырасы өзіне тартты да тұрды. Бұрындары кеңес за­манындағы зауыттан шыққан домбыралар­-дың үні шықпағандарының бет қақпағын ашып-жауып жүретін. Сол 1995 жылдан бастап домбыра құрауға шындап кірісіп, бетін жабу, мойнын түзу шығару сияқты құпия сырларын үйренді. Алғашқы жасаған домбыраларын Қайрат Байбосынов ағасы көріп, бірінші болып қол ұшын беріп, Алматыда домбыра жа­сау шеберханасын ашып бергені бар. Көп ұза­май жанына 5-6 жігітті жинап, жақсы жетістіктерге жете бастады. Домбыраларын айтыс­кер ақындар, дәстүрлі әншілер сұра­ныспен ала бастаған. Өзі дәстүрлі әнші бол­ғандықтан қандай домбыра қай әншінің дау­сына лайықты екенін бірден біліп, соған икем­­деп жасап отырды. Кейіннен «Қазақ­концерт» бірлестігінің директоры Алтынбек Қоразбаев шақырып алып, ол кісімен бірге 5-6 жылдай еңбек етті. Алматының біраз бұрышында Әбдікәрім­нің шәкірттерінің шеберханалары бар. Сол жерлерде Нұрғалиев Құрманғазы секілді тері шеберін, Оразалин Ержан, Халықов Айбол секілді домбыра жасау шеберлерін тәрбиелеп жатқан жайы бар. Домбыраларының алды шетелдерге кетіп, Қытай, Түркия, Малайзия т.б елдерден тапсырыспен алдырып жатқан­-дар да кездеседі. Өнер ұжымдары, консер­ва­тория мен музыкалық колледж, өнер мек­теп­тері де тапсырыстар береді. Ендеше, Әбдікәрім се­кілді өнерлі жандар тұрғанда, қазақ даласын­-да қара домбыраның үні тоқтаусыз күмбірлей беретіні анық. **Ақтан ҚОҢЫР**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ara-dombyrany-asiet-t-t-an-zhan-395714](https://yvision.kz/kk/post/ara-dombyrany-asiet-t-t-an-zhan-395714)