Yvision.kzYvision.kz
ru
0
10:30, 12 ақпан 2024

"Апай, баламның башпайлары түгел ме?"... кәсіби доуламен сұқбат

Жеңіл босануға қалай дайындалу керек? Баланы көтеру және туу процесі - табиғаттағы ең қиын процестердің бірі, сондықтан болашақ ананың бұл табиғи процеске физикалық және психологиялық тұрғыдан дайын болуы маңызды.  Соңғы кездері  жүкті аналарға босану кезінде және босануға дейін көмектесетін мамандар трендте.  

Blog post image

Соңғы кездері  бұрынғы серіктес қызметін доула немесе кәсіби серіктес секілді арнайы дипломы бар мамандық иелері басып жүр. Осы ретте, біз  аталған қызмет иелерінің нендей ерекшелігі бар, неліктен жүкті келіншектер доула қызметіне жүгінетінін білу мақсатында  біз кәсіби доула Айман Байтұрсыновамен сұқбат құрған болатынбыз.

Blog post image

-    Алғашқы сұрағымыз өзіңіз туралы болмақ. Қандай білім алдыңыз? Қандай мамандық иесісіз?

- Менің алғашқы мамандығым медицина саласына байланысты болды. Алматы қаласындағы Алматы қалалық медициналық колледжінде білім алдым. Кейіннен өзімнің жаныма жақын тағы бір мамандық иесі атандым. Яғни, психолог мамандығы.  Қайнар академиясының психология факультетінің  түлегімін. Біліктілігімді көтеру, кәсібилігімді шыңдау мақсатында Мәскеудегі психология жетілдіру институтының "Перинаталды психолог" мамандығы бойынша да білім алдым. Осы бағыт бойынша тұтынушылармен жұмыс істеудегі ең басты талаптың бірі супервизия. Жыл сайын супервизиядан өтіп тұрамын.  

Blog post image

-  Доула саласына келуіңізге не себеп болды?

- Мен бұл кәсіпке келмес бұрын перзентханада 30 жыл қызмет еттім. Жас келіншектердің босану кезінде қатты қиналғанын көзіммен көргесін, жүкті анаға қолдау керектігін түсіндім. Бірақ ол кезде доула деген ұғым болмаған. Акушерка болғандықтан доула мамандығын игеріп кету қиын болмады. Себебі әйел физиологиясы мен психологиясынан білім жеткілікті деңгейге болды. Мен қиналған жанға көмектесіп, әрі одан ләззат алатын адамдардың қатарынанмын.  Сондықтан өзімді ерекше мамандықтың иесі болғаныма мақтантұтамын. Шын іздеген адамға жұмыс көп. Бірақ жан қалауыңмен жасаған жұмысқа жетері жоқ. Бұл жұмысқа ақша табу үшін емес, өзгенің бақытты жүзінен, өзім рахат алу үшін келдім. Әсіресе босанған аналар алғысын айтып, сәбилерінің суреттерін жібергенде төбең көкке жеткендей болады. Осы саланы меңгеріп жасап жүргеніме көп жылдар болды. Осы жылдар арасында көптеген әйелдің аман-есен босануына үлес қостым.

Blog post image

-   Доула маманы не үшін қажет?

- Доула ақпараттық, физикалық және психологиялық көмек бере алады. Болашақ ананың бойында қобалжу, толқу болатыны белгілі. Оларға жүктілік деген не, әйел физиологиясында қандай өзгерістер болады, тоғыз айды қалай өткізуге болады деген сұрақтарына толық жауап беріп, сол арқылы сенімділік сыйлаймын.

 Доула – босануды жеңілдетуге түрлі әдістерді пайдаланады. Тыныс алу жаттығуларын жасау, белін уқалау, ребоза массажы, терең релаксация әдістері сынды көптеген тәсілдері арқылы денесін еркін қозғалысқа үйретеміз. Жүкті әйелдің тамағын беру, керек-жарағын түгендеу, майда-шүйде деп қарағанмен, ең керекті әрекеттер. Доула сізді күнтізбеге қойғаннан бастап, үнемі байланыста болады. Тұрақты қолдау көрсетеді, себебі әйел сондай сезімтал. Сондай-ақ дәрігер, акушерка, перзентхана  таңдау мәселесін бірге шешеміз. Доула перзензентханаға ана түсе салысымен бірге келіп, бастан-аяқ қасында болады. Қаласаңыз үйіңізге келіп физикалық және эмоционалды қалыпқа келу жағынан кеңес береді.

Blog post image

-  Аяғы ауыр әйелдер кімнен қолдау күтеді?

- Бүгінде ғаламтор дамып, не керек бәрі бар болғанымен босануға келгенде жүрексінеді. Бұрындары перзентхана деген түсінік болмағаны белгілі, сонда көпті көрген, тәжірибелеі аналар жүкті әйелдерді босандырып алған. Бүгінгінің акушер-гинеколгтарының қызметін атқарған деуге болады, кіндік шеше де жәрдемдесіп барынша көмектескен, бірақ босандаруға араласпаған. Дәл сол секілді доула да тек ана мен сәбиге ғана көмектесіп, жағдайын жасайды. Қазіргі уақытта жұмыс басталық немесе біліктіліктің жетіспеуі болғандықтан жас аналардың жанына сенімді адамдары табылмай жатады. Осындайда көмекке келетін бірден-бір адам доула маманы.

Blog post image

-  Доула маманының қызметі қанша тұрады?

- Алматы қаласында орталықтар ашылып  доулалар көбейіп жатыр. Орталықтың шешімімен қызмет көрсету құны доуланың біліктілігіне сай қойылады. Мен нақты бір бағаға жұмыс істемеймін, ананың жағдайына қарап келісіп жатамыз.

Blog post image

-  Бұл сала қазір трендте ме?

-  Бұл кәсіп Еуропа мемлекетінде XX ғасырдың ортасында пайда болған.

Біздің елімізде соңғы 7 жылда қарқынды дамып келеді. Қазір әйелдер доуланың қандай көмегі бар екенін біледі және көбі кәсіби маманның қолданғанын қалайды. Маған хабарласқанда дауыстарынан қолдауды күтетінін аңғарам. Мұнда отбасы қолдауы бір бөлек, кәсіби маманның қолдауы бір бөлек. Трендте десекте болады, мені іздеп келіп, доула болуымды өтінетіндердің қарасы көп.

-    Жалпы, осы доуа саласы бойынша қандай да бір жетістіктеріңіз бар ма?

- Ең бірінші кәсіби маман болғандықтан Алматы аналарынан бөлек басқа облыстардан да қолдау сұрап жатады. Бұл мен үшін үлкен жетістік. Өз ісімнің білікті маманы болғандықтан телеарналар мен журналдарға шақырулар түсіп, сұқбат беріп отырамын. Жақын арада босанып, аяқ-қолын бауырына алған аналардың ризашылықтарының арқасында танылып, Бауыржан Момышұлы атындағы "Батыр шапағаты" төсбелгісімен марапатталдым. Қазақстан ұлттық телеарнасына жеке тұлға ретінде интервью бердім.

Blog post image

-  Босандыру сәтінде қандай  оқиғалар болды? Не болмаса қандай да бір қызық өтініш айтқан аналар болды ма?

-        Осы уақытқа дейін 350-ге жуық ананың жанын да болып, қолымнан келгенінше көмегімді беруге тырыстым. Әрине, әрбір адам өзінше әлем болғандықтан босанудың қызығы да шыжығы да болатыны ғой. Шыны керек, "Апай, балам ауысып кетпесінші", "Апай баламның башпайлары түгел ме?" сіз баламның саусақтарын санап беріңізші" деген сияқты қызық  өтініш айтатын да аналар да болады арасында :)  Әлбетте,ондай кезде  ананың көңілі үшін әрбір сәтті жіті бақылаумен қатар, дүниеге жаңадан туылған сәбиді қалай зерттеп кеткенімді өзім айқамай қаламын) Оның да қызық процесс. Өмірге сәби әкелу онымен қауышу ана үшін маңызды әрі қуанышқа толы болатыны белгілі ғой. Мен де анасынан кем қуанбаймын. Тіпті, жаңа босанған анамен бірге өзім де "босанғандай" күйде болатыным рас. Менің жұмысымның ең бақытты сәті де осы дер едім мен үшін.


Blog post image

-   Аяғы ауыр аналарға қандай кеңес айтар едіңіз?

-   Қымбатты болашақ аналар! Денсаулықтарыңды күтіңіздер. Жүктілікті жоспарлауды жұбайыңызбен бірге үйреніңіздер. Болашақ балаңыздың денсаулығы сіздердің  қолыңызда. Менің ұраным : «Дені сау анадан -  дені сау бала өмірге келеді».

Психолог босануға серіктес болып кіру туралы соңғы шешімді ер адамның өзі қабылдауы керек екенін айтты.

      "Әр адамның психикасы әртүрлі. Босану процесі де әр әйелде әртүрлі өтеді. Сондықтан ер адам өзі іштей дайын болып, психикасы шыдай алса ғана кіргені жөн. Әйтпесе, қазір күйеуін серіктес қылу сәнге айналып кеткендей. "Құрбымның күйеуі серіктес болды, сен де боласың" деу дұрыс емес. Бәлкім, сіздің күйеуіңіздің психикасы ондай жағдайға шыдамауы мүмкін, жүрегі нәзік болуы мүмкін. Күйеуіңіз есінен танып қалса, өзіңіз оған алаңдап, қиналып қалуыңыз мүмкін, дәрігерлердің де назары бөлініп кетеді. Сондықтан күйеуіңіз дайын болса ғана кіргізіңіз. Сонымен қатар қазір серіктеспен босануға дайындық курстары бар. Соларға міндетті түрде қатысқан жөн", – дейді маман.

Blog post image

  P.S. Халқымыздың дүниетанымында кіндік шешенің алар орны ерекше. Нәрестенің туған анасынан кейінгі қадірлейтіні, өзегі жарыла өзімсінетін адамы – кіндік шеше.

Ертеде келінінің бойына бала бітісімен енесі болашақ немересінің кіндігін кесіп, келіні мен немересіне қамқор болар, кіндік шешені іздей бастаған. Сол сәтте «мен боламын» деп өздері қолқа салушылар мен таласушылар көбейетін де болған. Енесі әйелдердің жүріс-тұрысына, мінезіне назар аударып, саралай жүріп, пейілі түскен адамын таңдаған.

  З. Ахметова «Күретамыр» атты кітабында кіндік шешенің негізгі міндеттері жайында  былай дейді: «Кіндік шеше келіннің үй шаруасына көмектесіп, оның шаршамауын қадағалайды. Бойын күтуді, қалай жүріп-тұруды, қалай тамақтану керектігіне дейін түсіндіріп, іштегі балаға қамқорлығын жасай бастайды. Енесі ашық айта алмайтын жайларды түсіндіріп дегендей, бір сөзбен айтқанда ана болуға дайындаған. Ең бастысы, туыт жеңіл болсын деп күнде келіншектің құйымшағынан бастап, көкжелкесіне дейін қойдың құйрық майымен сылап сипап, қол батыра уқалайтын болған. Келіншектің босану кезінде қасында жүріп көмектесіп, қолдауын білдіріп отырған. Кіндік шешенің жұмысы мұнымен бітпейді, енді жас босанған ана мен нәрестенің күтімімен айналысады. Тұңғышын өмірге әкелген келіншек жаңа өміріне жаттыққанша, белі бекігенше қолын суға салғызбай кір-қоңын жуып, баланы шомылдыру, сылау, құндақтау, жаялық-жөргекті таза ұстау секілді, бір қарағанда ұсақ-түсек болатын, дегенмен өте қажетті шаруалардың барлығын кіндік шеше өз міндетіне алған» деп кіндік шешенің жай кіндікті кесуші адам емес, өздіндік маңызға ие жан екенін жеткізген.  Cондықтан, балаңыздың кіндік шешесі қандай болғаны сізге маңызды болса және жеңіл әрі жұмсақ босануды қаласаңыз  кәсіби доула қызметіне жүгінуді ұмытпаңыз, оқырман!

 #доула

#доулаАлматы

#doulaalmaty

#АйманБайтұрсынова

#кәсібисеріктес

#партнерскиероды

#перининатльдыпсихолог

#АйманБайтұрсын

0
867
0

Жүктеу...