---
title: "Анар Мұстафина. Жүрегімде қалған блог."
description: "Анар Мұстафинаны қазақ интернетінде көбінде \"Ақзере\" деп біледі. Сонау 2007 жылдан бастап Ақзере ма..."
author: "Arsik"
published: "2012-10-30T02:15:00+00:00"
modified: "2012-09-07T06:17:11+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/anar-m-stafina-zh-regimde-al-an-blog-248691"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/anar-m-stafina-zh-regimde-al-an-blog-248691/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Анар Мұстафина. Жүрегімде қалған блог.

> Анар Мұстафинаны қазақ интернетінде көбінде "Ақзере" деп біледі. Сонау 2007 жылдан бастап Ақзере ма...

![Анар Мұстафина. Жүрегімде қалған блог.](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/794ivU3QeaZH627u8715WCq2QnQp78.jpg)

*Анар Мұстафинаны қазақ интернетінде көбінде "Ақзере" деп біледі. Сонау 2007 жылдан бастап Ақзере махаббат, поэзия, әлеуметтік мәселелер, кино, психология сынды тақырыптарды блогында жиі көтеріп, көптеген оқырманның сүйіп оқитын авторына айналды. Бүгін Анардың жұмысы интернетпен тығыз байланысты. Бұл материалда танымал блогшы сырларымен бөлісіп, ойларын ортаға салды.*

*__________________________________________________________________________*

**Жобаларым жайында**

Менің мамандығым негізі - информатик. Мұғалім болуға талпындым, бірақ колледжде өткен жарты жыл тәжірибем талпынысымды бірден басты. Мұғалім болу үшін басынан ештеңеге алданбай, басқа жерде жұмыс істеп көрмей, сарыуыз балапандай бірден мектепке бару керек екен. Сол кезде салыстыратын да ештеңе болмайды. Ұстаздық - менің таңдауым деп жүре бересің. Ал мен ол кезге дейін газетте техникалық редактор сияқты қызмет атқардым. Сол кездері интернетте ұзақ уақыт отыруға жол ашылды. Блог жүргізушілікке қызығушылығым оянды. Сол үш жылдық қызығушылығымның арқасында қазір өз орнымды тапқандай әсердемін. Қазіргі кезде [Massaget.kz](http://massaget.kz/) ұлттық порталында контент-менеджер қызметін атқарамын. Блоггерлермен, интернет пайдаланушыларымен жұмыс жасаймын. Жұмысым қаншалықты қызық болғанымен, соншалықты қиындықтары да бар.

![Анар Мұстафина. Жүрегімде қалған блог.](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/Qj25tPZpTEHNWJ15pOLfjchL8BsIXK.jpg)

**Өмірлік принциптерім**

Қазақта сөз бар ғой: “Көштің алды болма - көз тиеді, арты болма - сөз тиеді”, соның ортасында жүруді қалаймын. Өмірде орын алып жататын барлық құбылыстардың шегі бар деп қабылдаймын. Кез келген ауыртпашылықтың да, қуаныштың да шегі болады. Соны естен шығармауға тырысамын. Әрдайым әділеттілікті қалаймын. Кейбір кездері әділетсіздікке ұшырасам, көрсем, оң мен солын айыруға, объективті пікір айтуға тырысамын. Достар жайлы айтар болсам, баянды достық әрбір адамның басына бұйыра бермейтін сияқты. Достар да уақыт өте келе, ортаның ауысуынан және т.б. факторларға байланысты ауысып отырады. Және бұл қалыпты нәрсе. Кез келген жағдайға философиялық тұрғыда қарайтын, түсінігі мол азаматтарды жақсы көремін, сыйлаймын, барынша сондай адамдармен дос болуға тырысамын. Негізі көп нәрсеге араласа бермесең, толғандыратын мәселе де азаятын сияқты. Сондықтан мен көп ашыла бермеймін, көп нәрсеге араласудан да қашқақтап жүремін. Кейбір жағдайларда, кейбір адамдарға ғана болмаса. Сол себептен көбі мені жабық, қатал адам ретінде қабылдаса керек, бір отырыстарда ашық-жарқын күліп, қалжыңдай бастасам, мені аса танымайтындар таң қалып жатады.

![Анар Мұстафина. Жүрегімде қалған блог.](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/3eK0k5cY57i6cuXCo0OztrRRzDJ9hr.jpg)

**Махаббат жайында ойларым**

Бұл өмірде бір нәрсеге бір нәрсе себепкер болатын сияқты. Менің өмірімде бір қайғылы махаббат болған. Сондай ішкі ауыртпашылығыммен арпалысып жүріп, блогқа келдім. Алғаш оған “[Ақын... Періште... Махаббат..](http://akzere.wordpress.com).” деген ат қойып, жаныма жақын жазбаларды, өлеңдерді жариялай бастадым. Жазбаларым сол кездегі көңіліме сай - сезімге толы, шынайы, әсерлі болған сияқты. Қазірге дейін кейбір оқырмандар хабарласып, солай деп жатады. Осы блог арқылы көптеген адамдармен таныстым, қазіргі жұмысыма да блогымның әсері болды. Өзіме ұнайтын, жалпы өмірлік бағытымды таптым десем де болады. Ең бастысы, өмірлік махаббатымды таптым деп ойлаймын.

![Анар Мұстафина. Жүрегімде қалған блог.](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/g26VpJ2QY4kLjFAJ8u7qwNw87AJ59i.jpg)

![Анар Мұстафина. Жүрегімде қалған блог.](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/ZO1nP2ww9yk6EvAxsliD83eeI4Hd6F.jpg)

**Мен және кино**

Фильмдер қарауда менің басқалардан ерекшелігім жоқ сияқты. Қарапайым, терең мағыналы, әсерлі фильмдерді ұнатамын. Кино біткен соң бір 10 минуттай түсініксіз меланхолияға салатын фильмдер. Соңғы кездері мюзикл жанры қызықтырып жүр. Сондай бір әсерлі мюзиклді көрініс тамашаласам деген арманым бар. Бір демалыста мюзикл жанрындағы фильмдердің үздігін көріп шықсам ба, деп ойлап жүрмін.

![Анар Мұстафина. Жүрегімде қалған блог.](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/TlhRBqfV64C8C7P7I401DvdR9DHJYF.jpg)

![Анар Мұстафина. Жүрегімде қалған блог.](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/0hv1bBaO0T23HdZcKgQRSM45Ngm0i7.jpg)

**Жақсы көретін жазушыларым**

Шыңғыс Айтматовты оқығанды жақсы көремін. Бірінші себебі, оқуға жеңіл, екіншіден, оқиғалар жүрек тебірентерлік болып келетіндіктен шығар. Оқуды бастап, соңына қалай келгеніңді байқамай қаласың. Өмірімде қатты күйзелген сәтте махаббат жайлы көптеген кітаптар оқыдым. Көбін өз өміріңмен байланыстырасың, әлбетте. Жалпы сондай кездері кітап оқысаң да, фильм қарасаң да, ән тыңдасаң да бәрі сен және сенің махаббатың жайлы айтып жатқандай әсер болады. Бұл бір жағынан жақсы. Адамды ойға жетелейді, түсінігін молайтады, бір жағынан кітап оқып, ой-өресін дамытып қана қоймай, біліміңді де нығайтады. Жалпы жауапсыз ғашықтық жақсы нәрсе болып қалды ғой.

![Анар Мұстафина. Жүрегімде қалған блог.](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/tmWYPigggmJ9RBGLg7qtbb5IL5N63t.jpg)

**Махаббат поэзиясы туралы**

Поэзияға деген махаббатым сол жауапсыз махаббаттан туындады. Бірде Құралай Омардың өлеңін оқып, “Құдай-ау, дәл мендей ойлайтын, дәл мендей қайғыратын адам бар екен-ау” - деп, қайран қалғаным бар. Сөйтіп, блогыма бірнеше өлеңдерін жарияладым, одан кейін оқырмандардың үлкен қызығушылығын байқадым. Қазақ жастары поэзияны жақсы көреді екен. Осы сұраныстың арқасында ұсыныс пайда болды. “Мой Мир” әлеуметтік желісінде “[Махаббат поэзиясы](http://my.mail.ru/community/makhabbat/)” атты қауымдастық аштым, онда 10 000-ға жуық оқырман жиналды. Әлі күнге дейін өлеңдер жарияланып, оқырмандар оқып тұрады. Wordpress блогтұғырындағы поэзия блогым да оқырмандарға сарқылған емес. Бірақ қазір поэзиялық блогтар жүргізбей кеттім. Әлі де әдемі өлеңдер кейде оқып қаламын, бірақ менің көңіліме сәйкес болмағандықтан, жүректен шығармай, автоматты түрде қоя салғым келмейді. Менің бұл тақырыптан дәуренім өткен сияқты.

![Анар Мұстафина. Жүрегімде қалған блог.](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/V5Nz9OmLuCH8L28FhmIurocRTt2IMC.jpg)

**Сүйіп тыңдайтын музыка**

Мен философиялық (әдетте бұл халық әндерінде кездеседі) әндерді жақсы көремін, тыңдап отырып, ой салатын әндер. Бір кездері жылауық өлеңдерді жақсы көрдім. Алдында айтып өткенімдей, оның да дәурені өтті. Одан кейін корей поп-музыкасымен ауырдым. Әлі де қалтафонымда көбіне [к-pop](http://ru.wikipedia.org/wiki/K-pop) әндері. Тілін түсінбесем де, әуені, аранжировкасы, өңделуі мықты болып келеді. Жалпы ән тыңдағанда өнерге тамсана отырып тыңдағанды ұнатамын. Қазіргі кезде қазақ эстрада музыкасы бір орында тоқтап қалған сияқты көрінеді. Бірінің әнін бірі айтып, халық әндерін алай да, былай да жұлмалап, білгендерінше шырқап жүр. Одан қалса, шығыс әуеніне салып, той нұсқасын жасай салады. Ізденіс, талпыныс жоқ. Содан кейін ана тілімізде ән тыңдамайды, білмейді дейді. Жақсы музыка да жоқ емес, бар, бірақ бірең-сараң.

**Қазақ қызы менің көзіммен**

Шынымды айтсам, белгілі бір стандартты айта алмайды екенмін. Кейбір қыздар өздерінше қазақ қызының образын жасауға талпынады, аса ұлтшыл, аса тәрбиелі, аса инабатты боламын деп, жасанды болып қалғандарын байқамай қалады. Олар өз дегендерін дұрыс санап, басқалардың теріс қылықтарына сынмен қарайды. Меніңше, бұл дұрыс емес. Қазақ қызы болғанымен, сен де жеке адамсың. Оң мен солды ажырата алар санаң болса, болғаны. Адами тұрғыда қарайтын болсақ, өзіме сабырлы, білімді, істі тиянақты орындайтын, көп сөзі жоқ, басқаны тыңдай білетін, басқалармен сыйласа білетін, өз ойы, өз көзқарасы қалыптасқан қыздар ұнайды.

![Анар Мұстафина. Жүрегімде қалған блог.](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/aS9yNFMyhFTEgneD6PjMvnvJxSgWy6.jpg)

**Кәріс сериалдары**

Бір сөзбен айтар болсам, кәріс сериалдары - бұл идеология. Қыз бен жігіт қалай дұрыс қарым-қатынас құру керек, жігіт қызды қалай сыйлауы керек, үлкендерге құрмет, кішіге ізет, бауырмашылық, қиыншылықтан өту, жеңу, жастарды білімге талпындыру, әділетсіздік жазаланып, әділеттілік орнауы. Жалпы ертегі қосылған реализм десе де болады. Сонысымен ұнайды. Әрбір сериалдан бір ой түйіп шығуға болады. Сонымен қатар, сериалдарды түсірудегі шеберлік, актерлер, музыка, видео көркемдігіне саң мың рет тамсану.

![Анар Мұстафина. Жүрегімде қалған блог.](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/w66LVC8v5G4Iuswo02FS824Ew6L3Aj.jpg)

**Биылғы қыс**

Қыс бойы проектімен жұмыс көп болды. Контент жасау оңай дүние емес екені өздеріңізге мәлім. Әсіресе қазақша контентті. Жастарымыздың талғамына сай дүниені табу қиын. Сондай зерттеулермен, ізденумен, жұмыс істеумен өтті.

**Армандарым**

Менде стандартты армандар болса керек. Әрбір қыз баланың арманы - бақытты отбасын құрып, ана болу. Қолға алған Massaget.kz проектіміз сәтті іске асса, қазақ жастарының жиналып, білім алмасатын орнына айналса деймін. Жалпы қазақтардың білімді, саналы, мәдениетті болғанын қалаймын. Соған үлес қосуға тырысамын.

*Кейіпкердің фотосы: Әлия Сембай*

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/anar-m-stafina-zh-regimde-al-an-blog-248691](https://yvision.kz/kk/post/anar-m-stafina-zh-regimde-al-an-blog-248691)