---
title: "Ананың ойы балада, баланың ойы Фэйсбукта"
description: "Ғаламторда ата-аналарға арналған мәнді блог іздеудің үстінде, New York Times-тың, ата-ана мен балала..."
author: "ellipsis"
published: "2012-06-28T00:18:12+00:00"
modified: "2012-06-28T00:18:12+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/anany-oyy-balada-balany-oyy-feysbukta-272736"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/anany-oyy-balada-balany-oyy-feysbukta-272736/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Ананың ойы балада, баланың ойы Фэйсбукта

> Ғаламторда ата-аналарға арналған мәнді блог іздеудің үстінде, New York Times-тың, ата-ана мен балала...

Ғаламторда ата-аналарға арналған мәнді блог іздеудің үстінде, New York Times-тың, ата-ана мен балалардың қарым қатынасын, балалардың тәрбиесін, жасөспірімдерді толғандыратын мәселелерді талқылайтын Parental Blog-қа жолығып, өзім үшін бұрын-соңды ойыма кірмеген тақырыптарды кездестірдім. Айта кететін жағдай, біздің санамызда қалыптасқан «тәрбиесі төмен американдық балалардың» ата-аналары өте өзекті мәселелердің мән-жайын талқылап, өзгеше ойларын бөлісіп, жазып жүр екен. Олардың ішінен, төрт перзенттің анасы, заңгер болып істеген, кәзіргі таңда блогшы болып жүрген, Karin Dell’Antonia-ның көтерген мәселесі жаныма батып, сол туралы айтып кеткенді жөн көрдім.

![Ананың ойы балада, баланың ойы Фэйсбукта](https://storage.yvision.kz/images/user/ellipsis/YUCCC4z5Qsygxn6d07C178QG286CM0.jpg)

Оның мақаласы «Should Children Be Allowed on Facebook?», яғни «Балаларға Фэйсбукты қолдануға рұқсат берген дұрыс па?» деп аталады. Қысқаша айтып кететін болсақ, жасы 13-ке толмаған жасөспірім, Фэйсбуктың саясатына сай сайтқа тіркелуіне тыйым салынған. Енді, жақында ғана Марк Цукербергтің айтып кеткеніне қарағанда, олар осы шектеуді алып тастап, 13-ке дейінгі балалардың да Фэйсбукты қолдануға рұқсат беруді жоспарлап отыр екен. Олардың келтірген дәлелдері, «онсыз да, бүгінгі күннің өзінде, сол сайтта 12 жасқа толмаған 7.5 миллион балалар заңсыз тіркеліп, қолданып жүр». Егер кішкентай қолданушылардың сайттағы әрекеттерін заңдастырса, онда олардың тәрбиесі кері, жаман сөздерді қолданатын, ұятсыз контентке кіру мүмкіндіктерін шектеп, оларды бақылау астына ала алатындықтары туралы айтып кетті.

![Ананың ойы балада, баланың ойы Фэйсбукта](https://storage.yvision.kz/images/user/ellipsis/KQF2dfV0Ua20OW0uNaO1080e6M8f7E.jpg)

Ал менде екі сұрақ пайда болды. Қайсысы дұрыс? Балалардың мүлдем Фэйсбуктан аластатылғандары ма, әлде оларға бостандық беріп, ол бостандықтың бақылауға алынғаны ма? Түсінгенім, Балалардың осы әлеуметтік торды пайдалуналарына тыйым салынса да, кішкентайлардың оған тіркелулеріне ешнәрсе де кедергі емес. Демек, балалардың интернеттегі әрекеттерін қадағалау – толығымен ата-ананың мойнында.

Менің балаларым әлдеқайда кішкентай, бірақ олар өсіп, 13-ке толғанға шейін, Фэйсбук өзінің мақсатына жететініне еш күмәнім жоқ. Олардың балалық шақтары сандық ақпарат ғасырының дамуының ең шыңына тап келетін шығар, және де мен олардың интернетке кірулерін шектей алмаймын. Бірақ мен үшін ең маңыздысы, олардың Фэйсбукта ғана емес, жалпы интернетте өткізген уақыттары барынша қауіпсіз болғаны. Ол үшін, шыны керек, не істеуім керектігі туралы аз-маз мәлімет болса да, іс жүзінде қалай асырылатындығы туралы ешқандай білімім жоқ.

![Ананың ойы балада, баланың ойы Фэйсбукта](https://storage.yvision.kz/images/user/ellipsis/bBtZf8HQ1wqQhX3LO1P0N6w9mD469X.jpg)

Менің ойымша, біздің мемлекет, мектептерді, универсеттер мен колледждерді сандық құралдармен жабдықтауды мақсат көріп, іске асыруға асығып тұрған кезде, осы игіліктерді пайдаланудың да сауаттылығы мен сауатсыздығы да бар екені ешкімді де ойға салып жүрген жоқ сияқты. Ғаламтордың ұшы-қиыры жоқ ақпарат теңізінде, біз қаншалықты өзімізге, бала-шағамызға дұрыс бағыт бере аламыз? Ертеңгі күні, Фэйсбуктың біздің балаларға таза ауадағы ойындарына, кітап оқуларына, достарымен бетпе-бет араласқандарына кедергі болмас үшін қолымыздан не келеді? Интернеттің перзенттеріміз үшін батыратын құрал емес, ұтқызатын құрал болуына қандай үлес қоса аламыз? Сол сияқты сұрақтарды жазғандарымды оқып жатқан жас ата-аналарға жолдағым келеді.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/anany-oyy-balada-balany-oyy-feysbukta-272736](https://yvision.kz/kk/post/anany-oyy-balada-balany-oyy-feysbukta-272736)