---
title: "Ана тілін ардақтайық!"
description: "Ей, туған тіл! Ата-анамның бал тілі! Көп нәрсе ұқтым дүниеден туған тілім арқылы Анам алғаш осы тіл..."
author: "strangennm"
published: "2017-05-09T05:20:36+00:00"
modified: "2017-05-09T05:22:47+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ana-tilin-arda-tayy-766135"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ana-tilin-arda-tayy-766135/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Ана тілін ардақтайық!

> Ей, туған тіл! Ата-анамның бал тілі! Көп нәрсе ұқтым дүниеден туған тілім арқылы Анам алғаш осы тіл...

![Ана тілін ардақтайық!](https://storage.yvision.kz/images/user/strangennm/lm0065L2Qgb3UfNUGF34zti06Gm9pc.jpg)

Ей, туған тіл! Ата-анамның бал тілі!

Көп нәрсе ұқтым дүниеден туған тілім арқылы

Анам алғаш осы тілде бесік жырын жырлаған,

Ұзақ түндер анам айтқан ертегілер тыңдағам.

Ей, туған тіл! Ертелі-кеш қуатыңмен өзіңнің,

Қаршадайдан шаттығымды, қайғымды да сезіндім.

Ей, туған тіл! Туған тілде тілек айттым мың рет,

Ата-анамды, мен-пақырды жарылқа деп, құдірет - Ғабдолла Тоқай жырлаған екен. Туған тіл, яғни, ана тілі- бабамыздың мұраға қалдырған аманаты болып табылады. Әр халықтың пайда болғаннан бері өзінің кешкен өмірі, ерліктері, аңыз-ертегілері, сана-сезімі, ойы, дүние жайындағы ұғымдары, жалпы көрген-білгені ана тілінде сақталып, ана тілі арқылы атадан балаға мұра ретінде берілетіні аян. Сол тіл халыққа қызмет ете отырып, бірге жасап, бірге дамиды. Тілсіз қалар болсақ, қоғамға, сол қоғамда өмір кешіп жатқан адамдар арасындағы қарым-қатынас не болмақ?! Ал, сөйлер тіл болса да, сол тілде сөйлейтін адамдар болмаса, не болар еді?! Елестетіп көрсек..., онда ешбір жан бір-бірімен қатынас жасамас еді және де табиғаттанушы К.Линней «Егер сен сөзді, тілді білмесең, заттарды зерттеуің мүмкін емес» дегендей, шынында да қоршаған орта мен болып жатқан құбылыстарды, заттық ұғымдардың атын атап, түрін түстей алмас едік. Тіл болса да, сол тілде ешкім сөйлемесе, ол тіл өмір сүрмей, қолданыстан шығып, жойылып кетер еді. Әрине, тілсіз-қоғамды, қоғамсыз-тілді көз алдымызға елестету тіпті де ақылға сыймайды. Бұл екі нәрсе бірін-бірінсіз әсте өмір сүрмек емес...

Біз-Қазақстан халқының өз ана тілі бар, ол- қазақ тілі. Қазақ тіліміз-өзіміздің халықтың елдігінің, ерлігінің, салт-дәстүрінің, әдебиеті мен мәдениетінің, шаруашылығы мен өнеркәсібінің қандай дәрежеде екенін көрсетеді. Ендеше, ана тілімізді мейлінше дамытайық,ал оны жетік білу үшін- халық ауыз әдебиетін –ертегі, аңыз, өлең, жыр-дастандарды, қанатты сөздерді, мақал-мәтелдерді естіп, тыңдап, көп оқуымыз керек және де сол тілде сөйлеуіміз керек.

Ана тілін жетік білу, тіл мәдениетін сақтау, шұбарламай, өзге тілдің сөзін енгізіп, тіл арасын былғамау, шеберлігін, сөз құдіретін дамыту- парызымыз екенін ұғынуымыз тиіс. Антик философтары «Тіліңді бесіктегі деміңнен соңғы деміңе дейін үйренсең де аз, себебі тілдік амалдар санаулы болғанымен, мүмкіндігі шексіз» деген екен. Сондықтан, адам тілді үйреніп болдым деу қателік екенін ұғынған жөн. Бұл қателік- ана тілін құрметтеуге кері әсерін тигізері айдан анық. Өз ана тіліне немқұрайлы қарау- өз анасын, өз Отанын сыйламағандық балып табылады. Расында, ана тілін сүймеген адам, Сарноғаев айтқандай, халқын сүйіп жарытпасы хақ. Шығыс зерттеушісі Радлов В.В. «Қазақтардың тілі жатық та шешен, әрі өткір, көбіне іліп-қағып сұрақпен жауап беруге келгенде таң қалдырарлықтай оралымды сөйлейді. Кез келгені, тіптен сауатсыздарының өзі, ана тілінде біздің Еуропада байқап жүргенімізден тек француздар мен орыстардың дәрежесінде сөйлей біледі» деп мақтаған тілді қазақтар неге құрметтемеске?!

Жалпы тіл- адамның қарым-қатынас құралы ғана емес, осынау сөз құдіреті арқылы бар жақсылық пен жамандықты танытып, білгізетін, өмірге деген көзқарасымызды өзгертетін, білімге құштарлығымызды арттыратын бірден-бір білімнің қайнар көзі.

Ғасырлардан-ғасырларға жеткен ұлы да ұлағатты сөз құдіреті-адам көркі секілді, оның сөз сөйлеу мәдениетінің, ішкі жан-дүниесінің, сана-сезімінің байлығының қандай екенін көрсетеді. Әрине, «жақсылықтың жаршысы-тіл» демекші, өзіне ұйытарлықтай әсерлі де әдемі сөйлейтін жан «жылы-жылы сөйлесең, жылан іннен шығадыныны» мақсат тұтары аян. Ақын-жазушылардың мына жалғанның мән-мағынасын әсем-әсем өлең жолдарымен төгуі, анасының баласын мейірлене, айналып, толғануы жаныңды балқытып, ерекше бір сезімге жетелейді. Ал, былапыт әрі әбес сөйлегеннің «Тіл-қылыштан өткір» екенін естен шығармаған абзал. Мәселен, жақыныңның жүрегін жаралау, екі ел арасында соғыс туындауы, айнымас асыл достардың өзі бір ғана қаһарлы сөздің тәлкегіне тап болып, бірін-бірі көрмейтін халге жетуі-бұл дүниеде он пәле болса, соның тоғызы тілден келетінін айқындап, анықтап тұр емес пе?! Сондықтан, «өнер алды» саналатын қызыл тілді орын-орнымен жұмсауға тиіспіз. Себебі, адамзат баласының хайуанаттан айырмашылығы- тілі, ал оны орынды қолдана алмаған адам хайуанаттан бетер болары хақ.

Еліміздің ертеңі, байтақ даламыздың болашағы болар жастарға айтарым: « Қазақстанның өзге елдермен иық теңестірер деңгейде болсын десек, ана тілімізді ардақтап, толыққанды мемлекеттік тіл болып қалыптасуына ат салысайық дегім келеді. Шығармамды аяқтай отырып, Сырбай Мәуленовтың мына өлең шумағымен қорытындылап, тәмамдаймын:

Сол тілменен аспан көрдім, жер көрдім,

Сол тілменен дүниеге мен келдім

Сол тілменен көгершінге жем бердім.

Сол тілменен дүниеден кетемін.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ana-tilin-arda-tayy-766135](https://yvision.kz/kk/post/ana-tilin-arda-tayy-766135)