---
title: "«Анаға тағзым» күні қыркүйекке белгіленуі мүмкін"
description: "Анаға тағзым қылу үшін арнайы күн белгілеу туралы бастаманы қазақтың тұтас қоғамы қолдайды. Өзі б..."
author: "kaztrk_kz"
published: "2012-03-08T09:43:30+00:00"
modified: "2012-03-08T09:43:30+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ana-a-ta-zym-k-ni-yrk-yekke-belgilenui-m-mkin-238774"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ana-a-ta-zym-k-ni-yrk-yekke-belgilenui-m-mkin-238774/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Анаға тағзым» күні қыркүйекке белгіленуі мүмкін

> Анаға тағзым қылу үшін арнайы күн белгілеу туралы бастаманы қазақтың тұтас қоғамы қолдайды. Өзі б...

Анаға тағзым қылу үшін арнайы күн белгілеу туралы бастаманы қазақтың тұтас қоғамы қолдайды. Өзі біздің жұрт қашанан ата-анаға, жалпы үлкенге ерекше ілтипат көрсетуші еді. Бергі заманда ғана солқылдады осы салт. Ұлт жадының ептеп жіңішкергенінен болар бәлкім? Енді сол қасиетті қайта оятып, қоғам санасына қайта сіңірудің сәті келіп тұрғандай. Қоңыр күзде, бұйырса, біздің ел «Анаға тағзым» күнін атап өтпек. Бастаманы сіздердің де қолдайтыныңызға шүбәміз жоқ, көрермен! Күні кеше ғана өткен жиын бұл, естеріңізде шығар. «Анаға тағзым» күнін жариялау туралы бастама дәл осы отырыста айтылды. Президенттің ауызынан шықты.

** **

**Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:**

*Анаға тағзым деген бір күнді арнауымыз керек. Бұл мереке дүние жүзіне кең тараған, 50-ден астам елде бар. АҚШ-та бар, Ұлыбританияда бар, Ресейде де бар. Мүмкін, күздің бір жақсы күніне, күзге, қыркүйек айына белгілегеніміз дұрыс болар. *

Суыртпақтап жүріп аңғарғанымыз, «Анаға тағзым» күні 15-ші қыркүйекке белгіленуі бек мүмкін. Бірақ нақты емес, әрі талқыланып арнайы бекитін болар. Ал, анаға кім тағзым етпейді дейсіз, алып та анадан тумайды ма.

** **

**Арнұр Сәрсекеев, қала тұрғыны:**

*Ең бірінші күннен бастап ана бізге тәрбие береді, білім береді. Менің ойымша Елбасы өзі айтқандай күн беру деген сөз дұрыс деп ойлаймын. Соны 100 пайыз қолдаймын.*

** **

**Нұрболат Есжанов, қала тұрғыны:**

*Осы кеше елбасы айтып өткендей аналар күні, бір күн қосамыз деп жатыр. Сол тағы бір күн қосылса артықшылық етпейді.*

* *

**Болат Оспанбеков, қала тұрғыны: **

*Не жаздыкүні, не күздікүні тағы да бір күн аналарымызға, аналар күні деп арнасақ, ол тек қана біз үшін жақсы деп ойлаймын.*

*** ***

Алмагүл Сержанова көп балалы ана. Қазақтың Қытаймен түйісетін шекарасында тұрады. Күйеуі - шекарашы. Ақордадағы қабылдауды болып, анаға тағзым күнін жариялау туралы бастаманы алғашқы болып естіген аз әйелдің бірі Алмагүл.

** **

**Алмагүл Сержанова, Үшаралдағы қазақ гимназиясы, бастауыш сынып мұғалімі:**

*Әрине санымыздың жиырма миллион болуына ат салысамыз әлі де. Нұрсұлтан Әбішұлының қолынан мен де батыр ана атағын алғым келіп тұр. *

Бес баланы бағып-қағып отырған Алмагүл үшін батырлыққа көп қалмаған секілді. Тағы бір тың ақпар, жаңа марапат тағайындалар түр бар. Ол, «мерейлді отбасы» деп аталмақ. Бұл сыйлықтың да мәрбесі жоғары, беделі зор болуы ләзім. Мақсат қазақ еліндегі тірлігі түзу, кісі қызығатын отбасыларды дәріптеу. Сол арқылы қазір батыстың тым еркін, тіпті, бейпіл құндылықтарына құмар келетін жастардың, жасамыстардың да бетін бері қарату. Анаға деген зор құрметпен.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ana-a-ta-zym-k-ni-yrk-yekke-belgilenui-m-mkin-238774](https://yvision.kz/kk/post/ana-a-ta-zym-k-ni-yrk-yekke-belgilenui-m-mkin-238774)