---
title: "Анаға хат"
description: "Ана... Осы бір сөзді айтсам, жүрегіме нұр ұялайды да тұрады. Әлемдегі ең ғажайып, үлкен ұғымға ие сө..."
author: "usergoogle107499692231550225009"
published: "2021-02-22T17:43:37+00:00"
modified: "2021-02-22T17:43:37+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ana-a-hat-923968"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ana-a-hat-923968/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Анаға хат

> Ана... Осы бір сөзді айтсам, жүрегіме нұр ұялайды да тұрады. Әлемдегі ең ғажайып, үлкен ұғымға ие сө...

Ана... Осы бір сөзді айтсам, жүрегіме нұр ұялайды да тұрады. Әлемдегі ең ғажайып, үлкен ұғымға ие сөз осы болар. Үш әріптен ғана құралған осынау сөзге зер салып қарасақ, тұңғиық сырлар жатқандығын байқаймыз. Меніңше, аналарымызды әлемнің бірінші кереметі деп айтсақ артық болмас... Дүниеге келген барша адамзат баласының мәңгілік бас иетін бір ғана жан иесі бар. Ол-АНА. Атағы жер жарған адам болсын, үлкен ғалым болсын, бәрі де бір ананың алдында қарыздар.

«Екі жыр жазсам саған бірін арнап,

Ана деп жаздым ылғи сөз басына», - деп ғасырлармен сыр шертіскен ақиық ақын Мұқағали Мақатаев ағамыз жырлағандай, ана орны біздер үшін ыстық екендігі сөзсіз... Ана махаббаты - ешқашан сатып ала алмайтын, ешқандай жан орнын баса алмайтын ең ыстық сезім. Қаншалықты биік шыңды бағындырсақ та, әлемді мойындатсақ та біздердің барша жетістіктеріміз асыл аналарымыздың арман-ниетінің жемісі. Тіпті, ақын-жазушыларымыздың шығармаларынан ана қадірінің аса қасиетті ұғым екенін көптеп кездестіруімізге болады.

Асыл дінімізде ана жайлы терең мазмұнды ойлар көптеп айтылады. Ол жайында хадистерден оқи аламыз. Бір күні Мұхаммед пайғамбарға бір кісі келіп: «Я, Расулла, екі дүниеде сауап не?» -деген екен. Үш рет сұрағанда Пайғамбарымыз «Анаңа қара» деп жауап қатты. «Жоқ, одан да сауап іс не?»,-деп сұрағанда «Әкеңе қара» депті. «Не себепті ананы үш рет, әкені бір рет айттыңыз?»-дегенде, Пайғамбарымыз (с.а.с): «Әуелі ана перзентті тоғыз ай көтереді, дүниеге келгенде моланың аузы ашылып тұрады. Соған қарамастан, қуанышпен перзентін жарық өмірге әкеледі. Екіншіден, дүниеде адам үшін ең тәтті нәрсе -ұйқы, ана түн ұйқысын төрт бөліп, перзентін емізіп өсіреді. Үшіншіден, дүниедегі ең лас нәрсе-баланың нәжісі, одан жиіркенбестен жуып, тазалайды. Одан соң әке әрі қарай тәрбиеге алады. Ананы үш рет, әкені бір рет айтқан себебім осы. Осылай болса, пейішті көктен емес, ата-анаңның табанынын астынан ізде»,-деген екен. «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызынан құтыла алмайсың»,-деп дана қазақ айтпақшы, біздің анамыз үшін жасаған іс-әрекеттеріміз ананың бір толғағының ғана өтеуі болып табылады. Әлемнің ардақтысы асыл аналарымыздың арқасында мына өркениетті ел құралып жатыр. Барша аналар күндіз-түні кірпік қақпай, баламның болашағы үшін деген ниетпен өмір сүреді. Оларда да жарқырап тұрған үміт оты бар. Ол - еңбегінің ақталуы. Егер, біз уақытымызды ойын-сауықпен өткізсек, пайдасыз істермен айналыссақ, аналарымыздың таудай үміті текке кеткені емес пе?! Кезінде Міржақып Дулатов ағамыз:

«Қарға баласын аппағым дер,

Кірпі баласын жұмсағым дер»,-деп жырлаған екен. Расында, ана үшін біздің орнымыз ерекше. Қателік жасап қойсақ та кешіретін, құшағына алып еркелететін де сол асыл жанды аналарымыз ғой.

Анаңның атына дақ келтіру дегеніміз-өзіңді мәңгіге жоғалтқаның. Бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербеткен аналарымыз ұлтымыздың ұйытқысы, әр шаңырақтың шаттығы. Айналамызға зер салып қарасақ, шыр етіп баласына азық іздеп ұшып жүрген құстарды, сонымен қатар жануарларды көреміз. Ол да бір «ана» деген қасиетті ұғымның көрінісі шығар, сірә...

Бүгін қолыма қалам алып, мен үшін өлшеусіз еңбек еткен ардақты анама алғысымды жаудырмақпын.

Анашым... Мен сені қалай жақсы көретінімді білесің бе? Сен біздер үшін айналаға жарық нұрын шашқан күн секілдісің. Тоғыз ай көтеріп, толғатып мына мені жарық өмірге әкелдің. Тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай, өзің қиналсаң да, сол қиындықты бізді көрмесін деп мәпелеп өсірдің. «Сенің табаныңа кірген тікен менің маңдайыма кірсін» дейтін де тағы сол аналар емес пе? Өз балаларыңды жамандықтан, қауіп-қатерден Алладан сұрап қол жайып дұғаларыңмен қорғай білдің. Қазір менің биік шыңды бағындыруым үшін еселі еңбек етіп келе жатырсың.

Анашым... Сенің осынау үлкен еңбегіңді нәтижесіз қалдырмауға тырысамын. Сен күлген сайын шаңырағымыз шаттанып, әлем нұрлана түскендей болады. Қабағыңа қаяу түссе, аспанға қалың қара бұлт үйіріліп, бізге мұңдана қарап тұрғандай болады.

Анашым... Саған айтар алғысым шексіз. Өйткені, сен бізді кейбір тасжүрек аналар секілді жетім етіп қоймадың. Ауыр жүкті көтеруге талпындың. Сенің арқаңда балалық шағым риясыз қуанышпен, бақытты сәттерге толы болып өтіп жатыр. Сенің алдыңда біздердің үлкен міндетіміз тұр. Ол – перзенттік борышымызды абыроймен өтеу. Сен жайлы қанша рет қызыл сөзбен ойымды кестелесем де, неше түрлі асыл тілектермен сыр шертсем де жақсылығыңды айтып тауыса алмаспын. «Ана» ұғымы әрқашан ұлы мәртебеге ие сөз болып қала беретіні рас-ақ.

Анажаным! Сен әлемдегі ең керемет анасың. Сен барда менің қанатым қатайып, жүзім нұрға бөленеді. Құдіретті Алла тағаладан әкем екеуіңіздің барыңа сансыз шүкіршілік етіп отырамын. Иә, әлемде ата-ананың ыстық құшағына зар болып отырған балалар қаншама... Олардың өмірін ойласам, біртүрлі күй кешіп, өзімнен-өзім мұңданам. Бұл өмірдің ащысын да, тұщысын да көріп отырған балалар бар. Балдәурен балалық шағы қуанышқа толы балалар ата-анасыз күйді ойлап, сезіне бермейді. Ал, көңілін қаяу шалған жетім балалардың да көктегі жарқырап тұрған жұлдыз секілді арманы бар. Ол – ананың аяулы алақаны. Осы жарық күнге дейін мен ешқандай қиындықты бастан өткермедім. Неліктен? Өйткені, асыл анам менің қиын күндерді кешуімді қаламады және мен үшін барын алдыма қойып, жоғын тауып беруге тырысты.

Анашым... Сенің есіміңді сан рет жазсам да жалықпаймын. Қолымда үлкен мүмкіндік болса, сенің есіміңді аспанға ойып тұрып жазар едім... Амал нешік?! Ондай мүмкіндік ешкімнің қолына тие бермес. Алайда, мен бір нәрсені айдан анық білемін. Сен үшін біздің жақсы адамдар қатарында болып, ізіңді жалғасақ, халықтың ризашылығын алып, өзіңе жақсы ат келтірсек, сен үшін, соның өзі – үлкен мәртебе.

Анашым... Таң атқанда, сені көріп ризашылықпен оянамын. Әрдайым болашаққа құлаш сермеп жақсы адам болуға тырысамын. Әрине, ол- сенің санама құйған сөздерің. Асыл сөздерің әрдайым санамда жаңғырып тұрады. Тәлімді тәрбиең мен саналы ақылың арқылы осы күнге жетіп отырмын. Қайда жүрсем де, сенің салиқалы ақылың есімнен кетпейді. Қазақ халқының біртуар ұлдарының бірі, шоқтығы биік Ғабит Мүсірепов ағамыз: «Ана алдында өлім де мойын ұсынады», - деген екен. Расында, ата-анамызсыз біз ешкім емеспіз. Таңертеңнен кешке дейін көз майын тауысып жұмыс атқарып, біз үшін нан тауып шарқ ұрған аналарымыз – өміріміздің шамшырағы. Олар сөнсе, біздің шырағымыз сөніп қалады. Кейде аналарымызға ренжіп қалатын кездер болады. Алайда, сол сәтте бізді анамыздан артық ешкім бізді олай ойламайтынын, ешкім де аналарымыз сияқты жаны ашымайтынын есімізге алуымыз керек.

Анашым... Мен сені қатты жақсы көремін. Мен үшін сенің аман болғаның – ең негізгі байлық. Қателіктерім болса, кешіре гөр, сенің арамызда шаттанып жүргенің мен үшін бар ғаламның сұлулығымен тең. Аналарымызды көзі тірісінде бағалай білейік, ағайын! Шығармамның соңын өз анама арнап жазған «Өмір мәні» атты сиясы кеппеген жауқазын жырыммен аяқтаймын.

«Аналар...

Сендерсіңдер өмір гүлі,

Құлпыртатын әлемді көктем нұры.

Сендерсіңдер өмірдің шамшырағы»,-

Деп жүрегім ылғи да шарқ ұрады.

Бас иеді аналарға бұл ғалам,

Есіміңді бүкіл әлем жырлаған.

Осы жырдың құдіретін сезініп,

Бұл әуенді туа салып тыңдағам.

Даналарды танытқан тарихтағы

Айғаным,Зере анадай ұлағатсың.

Жасырған көңіліне тылсым сырды,

Секілді әрқайсысың мұрағатсың.

Баураған бар әлемді сезімімен

Не жетеді ананың мейіріміне?

Толғандым, тебірендім сондықтан да

Осы ойлар көкейіме келді, міне.

Маликаждарова Алтынай Бауыржанқызы

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ana-a-hat-923968](https://yvision.kz/kk/post/ana-a-hat-923968)