---
title: "«AMANAT» партиясының сайлауалды штабы Батыс Қазақстан облысында үгіт-насихат жүргізуде"
description: "«AMANAT» партиясының сайлауалды республикалық штабының мүшесі, «Adaldyq alany» жобалық кеңсесінің же..."
author: "syrym.nurotan.kz"
published: "2023-03-16T07:45:28+00:00"
modified: "2023-03-16T07:45:28+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/amanat-partiyasyny-saylaualdy-shtaby-batys-aza-stan-oblysynda-git-nasihat-zh-rgizude-985537"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/amanat-partiyasyny-saylaualdy-shtaby-batys-aza-stan-oblysynda-git-nasihat-zh-rgizude-985537/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «AMANAT» партиясының сайлауалды штабы Батыс Қазақстан облысында үгіт-насихат жүргізуде

> «AMANAT» партиясының сайлауалды республикалық штабының мүшесі, «Adaldyq alany» жобалық кеңсесінің же...

«AMANAT» партиясының сайлауалды республикалық штабының мүшесі, «Adaldyq alany» жобалық кеңсесінің жетекшісі Тимур Жұмырбаев және партиялық тізім бойынша ҚР Парламентінің Мәжілісі депутаттығына кандидат Ербол Салықов, облыстық мәслихатқа кандидаттар Мирболат Құрманғалиев, Мұратбек Мұхамбедиев, Шаттық Өтебалиева, Архат Исламғалиев Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданына барды.

Олар алдымен аудан орталығында болып, жергілікті бюджеттік мекеме қызметкерлерімен кездесті.

– Партия әлеуметтік салаға басымдық береді. Облыста жыл сайын мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылады. «Педагогтардың мәртебесі туралы» заң қабылданғаны секілді енді әлеуметтік сала мен медицина қызметкерлерінің беделін арттыру көзделіп отыр, – деді Ербол Салықов.

Сайлауалды штаб мүшелері кездесуде айтылған ұсыныс-тілектер ескерілетінін жеткізді.

– Нақты сандармен, жүйемен жасалған сайлауалды бағдарлама «AMANAT» партиясында ғана. Бізде 20 өңірлік бағдарлама жасақталды. Ауылдық жерлерді көркейтуге күш саламыз. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы шеңберінде берілетін қаржылай көмек үй сатып алуға жетпейді. «AMANAT» фракциясы бұл қаражат мөлшерін көбейтуге ықпал етті. Енді әр маманға 10 млн теңгеге дейін беріледі, – деді штаб мүшесі Тимур Жұмырбаев.

Кездесуде бюджеттік сала қызметкерлері өз ұсынысын білдірді. Ақжарқын Ақбалақызы интернет сапасының төмен екенін алға тартты. Ал дәрігер Аңсағаным Бақтыгереева ауданда медициналық қызметкерлер тапшылығын айтты.

– Ауруханаға диагноздарды ерте анықтайтын аппараттар алынды. Жылжымалы кешен берілді. Техникалық базамыз нығайып келеді. Енді маман жетіспеушілігі шешілсе дейміз. Әсіресе, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинекологтар қажет, – дейді дәрігер.

Кейін партия өкілдері аудан орталығындағы сауда үйінде экспромт-кездесу өткізді.

– Нағыз еңбек адамдары ауылда. Олардың қоғамдағы рөлін арттыру қажет. Ауылдағы іскер жандарға 2,5 пайыздық мөлшерлемемен несие беріледі, – деді кандидат Мирболат Құрманғалиев тұтынушыларға. Тұрғындар ауылда кәсіпкерлікті дамытуға қолдау күшейіп келе жатқанына ризашылық білдірді.

Бұдан соң сайлауалды штаб мүшелері Амангелді ауылына барып, Шежін желілік өндірістік ұжымымен кездесті. Өндіріс орны екі онжылдық бұрын құрылған. Мұнда 40 адам тұрақты еңбек етеді.

Бұл кездесуде де штаб мүшелері партияның мақсат-міндеттерін атап өтіп, ұжымды саяси науқанға белсене қатысуға үндеді. Жиында жұртшылық бірқатар түйткілге тоқталды.

– Ауылдардың айналасында бос жер жоқ. Халық малын қайда жаярын білмей дал. Жайылымдардың көбі жекенің иелігінде болғанымен еш игерусіз жатыр. Соларды ауыл жұртына қайтаруды сұраймын, – дейді тұрғын Асхат Бисенғалиев.

Республикалық сайлауалды штабының мүшесі Тимур Жұмырбаев игерілмеген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары «Жер аманаты» жобасы негізінде жүйелі жүргізіле бастайтынын айтты. Айта кету керек, өз сөзінде облысымыздағы игерімсіз жерлерді қайтару жұмыстары жөнінде де айтып өтті. Мәселен, жыл басынан бері облыста 112 мың гектардан жер мемлекет меншігіне қайтарылған екен.

Штаб мүшелерінің Тасқала ауданына іс сапары осы ауылдан түйінделді.

#AMANAT2023

#ДауысБерAmanat2023

#ГолосуйЗаAmanat2023

![](https://storage.yvision.kz/images/user/443611/6a433edb505a9ff39d58fc408a8a7b.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/443611/b8116fcaa09ebd3ed5fd6720539d69.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/443611/d232fe2903604a552f265b0b486aa4.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/amanat-partiyasyny-saylaualdy-shtaby-batys-aza-stan-oblysynda-git-nasihat-zh-rgizude-985537](https://yvision.kz/kk/post/amanat-partiyasyny-saylaualdy-shtaby-batys-aza-stan-oblysynda-git-nasihat-zh-rgizude-985537)