---
title: "«АМАNAТ» партиясының қолдауымен «Жан шуақ» мерейтойлық сыйлығы өтті"
description: "✔️«AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов «Жан Шуақ» сыйлығын өткізу ерекше қажеттіліктері бар м..."
author: "karasay.nurotan.kz"
published: "2022-12-09T05:26:00+00:00"
modified: "2022-12-09T05:26:00+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/amanat-partiyasyny-oldauymen-zhan-shua-mereytoyly-syyly-y-tti-980382"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/amanat-partiyasyny-oldauymen-zhan-shua-mereytoyly-syyly-y-tti-980382/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «АМАNAТ» партиясының қолдауымен «Жан шуақ» мерейтойлық сыйлығы өтті

> ✔️«AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов «Жан Шуақ» сыйлығын өткізу ерекше қажеттіліктері бар м...

✔️«AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов «Жан Шуақ» сыйлығын өткізу ерекше қажеттіліктері бар мыңдаған адам үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан игі дәстүрге айналғанын атап өтті.

🗣«15 жыл ішінде «Жан Шуақ» шексіз мүмкіндік иелеріне арналған сыйлыққа айналды. Олар сынаққа төзіп, қиын-қыстау жолдан өтті. Ал бүгінде көмекке мұқтаж жандарға өздері қол ұшын созуда. Елімізде мүгедектігі бар адамдардың өзін-өзі дамытуы үшін барлық жағдай жасалуда. Ерекше қажеттіліктері бар жандарға қолдау көрсету жұмысы әрқашан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты назарында. Ел Президентінің бастамасымен Әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша арнайы жобалар іске қосылып, ерекше қажеттіліктері бар жандардың құқықтарын қорғау үшін омбудсмен институты құрылуда», – деді Е.Қошанов.

Ол «AMANAT» партиясы ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сапасын жақсарту жұмысын одан әрі жалғастыратынын атап өтті. Себебі бұл қадам партияның басты басымдықтарының бірі саналады.

✔️Қазақстан мүгедектер конфедерациясының президенті, Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының мүшесі Жанат Омарбекованың айтуынша, бұл сыйлықтың басты мақсатының бірі – ерекше қажеттіліктері бар жандардың тұлғалық дамуы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға көмектесу, олардың алға жылжуға және қоғамға пайда әкелуге деген ұмтылысын қолдау.

🗣«Осы сыйлық тағайындалғаннан бері еліміздің ғана емес, сондай-ақ АҚШ, Литва, Польша, Эстония және өзге де мемлекеттердің 70-тен астам рухы мықты азаматтары лауреат атанды. Жыл сайын әр номинация бойынша үміткерлер саны артып келеді. Биыл «Жан Шуақ» сыйлығына қатысуға еліміздің барлық өңірінен 100-ден астам өтінім келіп түсті», – деп атап өтті ол.

🏆Осылайша, мүмкіндігі шектеулі жандарға қарым-қатынас этикасы және ситуациялық көмек көрсету бойынша оқыту тренингтерін ұйымдастырған Кентау қаласының тұрғыны Ерлан Әбдиев «Күшті жігері және жеңіске талпынысы үшін» сыйлығының иегері атанды.

🏆«Кәсіпкерлік қызметті дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша қарағандылық Асхат Есентұров марапатталды. Ол халықтың әлеуметтік осал тобы және ерекше қажеттіліктері бар адамдар жұмыс істейтін кәсіпорын ашты.

🏆Белгілі суретші-зергер, ЮНЕСКО-ның халықаралық сапа белгісінің иегері, шымкенттік Икрамжан Рафиков «Өнер саласындағы аса үздік жетістіктері үшін» номинациясы бойынша сыйлық иеленді.

🏆«Мәдениет саласындағы аса үздік жетістіктері үшін» номинациясы бойынша республикалық және халықаралық музыкалық байқаулардың жеңімпазы, павлодарлық Диляра Асайынова марапатталды.

🏆Алматылық Бақтыгүл Әлімбекова «Спорт саласындағы аса үздік жетістіктері үшін» сыйлығының иегері атанды. Ол Босфор бұғазын бір жарым сағаттан аз уақыт ішінде жүзіп өтті. Сондай-ақ, параспортшы, скандинавиялық серуендеу нұсқаушысы саналады.

🏆«Мүгедектігі бар адамдардың ғылым мен білім беру қызметін дамытуға қосқан үлесі және оқуға талпынысы үшін» номинациясы бойынша астаналық Таңсәуле Серіков марапатқа ие болды. Ол көптеген ғылыми еңбектің авторы, сондай-ақ, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру тұжырымдамасын әзірлеген ғалым саналады.

🏆Ақмола облысының Целиноград ауданындағы «Болашақ» мүгедектер бірлестігінің басшысы Амангелді Қапанов болса, «Мүгедектігі бар адамдарға қатысты қоғамдық сананың оң өзгеруіне қосқан үлесі үшін» сыйлығының лауреаты деп танылды.

☁️Жеңімпаздардың әрқайсысы 1 млн теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды.

t.me/AMANATPartiyasy

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/amanat-partiyasyny-oldauymen-zhan-shua-mereytoyly-syyly-y-tti-980382](https://yvision.kz/kk/post/amanat-partiyasyny-oldauymen-zhan-shua-mereytoyly-syyly-y-tti-980382)