---
title: "«Алтын ұя» журналы жарық көрді"
description: "Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде студенттерге арналған «Алтын ұя» журналының жарық кө..."
author: "Kazakh_bloger"
published: "2014-02-08T08:30:28+00:00"
modified: "2014-02-08T08:30:28+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/altyn-ya-zhurnaly-zhary-k-rdi-399655"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/altyn-ya-zhurnaly-zhary-k-rdi-399655/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Алтын ұя» журналы жарық көрді

> Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде студенттерге арналған «Алтын ұя» журналының жарық кө...

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде студенттерге арналған «Алтын ұя» журналының жарық көруіне байланысты филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің 12-дәрісханасында тұсаукесер салтанаты болып өтті. Университеттің тәрбие жұмысы жөніндегі департамент директоры Меңдігүл Сағатқызы, «Қазақ университеті» газетінің бас редакторы Саягүл Әлімбекова, Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің деканы міндетін атқарушы Гүлмира Қазыбек, Студенттік бизнес-инкубатор директоры Асхат Әбжанов, «Universal start UP» брендтік компаниясының директоры Қуанышбек Ерниязов (суретте), Жастар ұйымдарымен жұмыс бөлімінің бастығы Нұрлан Әбдіхалықов кештің құрметті қонақтары болды.

![«Алтын ұя» журналы жарық көрді](http://baq.kz/foto/434_3d9c6b09c8dcd01446c4fe0fde4131ed.jpg)

«Алтын ұя» журналы студенттердің ыстық ықыласы мен бұлақ көрсе көзін ашуға ұмтылатын ұлағатты ұстаздар Күләш Ахметова, Жұлдыз Дәпенқызы, Роза Умирбековалардың ой-арманының ұштасуының нәтижесінде жарыққа шықты. Шығармашылық топтың басы-қасында жүріп, студенттерге рухани және қаржылық қолдау білдіріп, өзінің ерен еңбегімен көзге түскен бірден-бір ұстаз, филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті деканының ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Есімова Жұлдыз Дапенқызы.

Журналдың бас редакторы Айбек Шегебайдың айтуы бойынша, университеттің бөлінбес бөлшегі факультеттер тарихынан терең сыр шертіп, оны әр қырынан таныстыратын «Факультет тынысы» айдары, университеттің негізін құрайтын студенттердің қатарында болмысынан ерекше жаралғандары жайында қызықты мәліметтер беретін «Ең, ең, ең...» айдары, сол студенттер қатарынан есімі көпке танылмай жүрген дарынды да талантты студенттерді таныстыру мақсатында «Танылмаған талант» айдары, осы университетті тәмамдап, жоғары лауазымға ие болған, бүгінде ел назарында жүрген аға-әпкелер туралы толғайтын «Біздің студент...» айдары, ғылым мен білімнің негізгі ордасы болумен қатар, спорт саласындағы еліміздің үздіктері де ҚазҰУ қабырғасынан түлеп ұшқанын зор мақтанышпен таныстыратын «Спорт» айдары. Сонымен қатар, ұрпақ сабақтастығына үлкен үлес қосатын «Теңізден тамшы», «Ағашты діңі, адамды діні» айдарлары журнал беттерінен орын алған. Журнал айына 1 рет жарыққа шығады.

Журналдың шығуына қаржылық және идеологиялық жағынан көмек берген «Universal start UP» брендтік компаниясының директоры Қуанышбек Ерниязов студенттердің әліден осындай ірі жобаларды қолға алумен айналысып, қазірден еңбек еткені - өзінің ертеңгі болашағы үшін зор екенін сөзге тиек ете отырып, алдағы уақытта да журналдың тоқтамай шығып тұруына үлкен қолдау білдіретінін айтты. Айта кету керек, «Алтын ұя» журналының «Өнертапқыш» айдарында дәл осы Қуанышбек Ерниязов жарияланған. Бұл жас өнертапқыш ҚазҰУ-дың магистратурасында білімін шыңдауда.

Кеш соңында бас редактор Айбек Шегебай келген қонақтарға үлкен алғысын айтып, демеушілерге өзінің ыстық ықыласын танытты.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/altyn-ya-zhurnaly-zhary-k-rdi-399655](https://yvision.kz/kk/post/altyn-ya-zhurnaly-zhary-k-rdi-399655)