---
title: "Алтайдан келген – ақ боз үй"
description: "АСТАНА. 22 қараша. BAQ.KZ - Астана қаласының 10 жылдық мерекесі кезінде «Атамекен» - Қазақстан карт..."
author: "nazgulnaz"
published: "2013-01-13T23:39:21+00:00"
modified: "2013-01-13T23:39:21+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/altaydan-kelgen-a-boz-y-314028"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/altaydan-kelgen-a-boz-y-314028/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Алтайдан келген – ақ боз үй

> АСТАНА. 22 қараша. BAQ.KZ - Астана қаласының 10 жылдық мерекесі кезінде «Атамекен» - Қазақстан карт...

АСТАНА. 22 қараша. BAQ.KZ - Астана қаласының 10 жылдық мерекесі кезінде «Атамекен» - Қазақстан картасы этно-мемориалды кешенінің сыртқы ауласында ақ шаңқан матаға алқызыл өрнек бастырған, ақ боз үй тігулі тұрды. Керегесі торлы желкөз, қарын қақтай жонып иген сегіз қанат, тоқсан бас. Ал іші әлем-жалам. Мінсіз шебердің қолынан шыққан киіз сырмақтар мен патсайы қара пұлға бастырып тіккен оюлы маяаузалар төрден есікке дейін көсілте төселген.

![Алтайдан келген – ақ боз үй](http://www.baq.kz/foto/434_daff770fed47dd6fb432d0e81e2ab5f5.jpg)

Оң жақта ұршықты төсек. Басы-аяғы ұрыбілеу, ұршық мойын, қысқа қайың шарбақпен шабақталған. Тақтай бетінде қыналы бояудың сәнді өрнегі. Бұл төсекті сонау Өр Алтайдың күңгей бетіндегі Буыршын ауылында тұратын Әбділ деген шебер жасапты.

Тоқсан бас, сегіз қанат боз үйдің желбауының өзі бір қарыс жалпақ. Кереге басын көмкерген басқұр уықтың иінінен асып тұр, тоқыма суы отыз қатар. Оң босағадан бастап, керегені айнала қаптаған ораулы шидің ою-өрнегі көз тартады. Киіз үйдің ал қызыл өңді ішкі қаптауында бос жер жоқ. Баяғы қазақы тоқыма, қошқар мүйіз ою. Үйлесімді әрі келісті.

Бұл үйді үш жыл көз майын тауысып, жасап шыққан Камила Жұмақанқызы дейтін апамыз. Жасы жетпістің бесінде. ШҰАР-ның Алтай аймағында тұрады. Астананың 10 жылдық тойы болғалы жатыр, дегенді естіп, буынып-түйініп жолға шыққан. Бірнеше күннің алдында Майқапшағай кеденінен өтіп, шапқан күйі аттың басын Астанаға әкеліп тіреген.

Мұндағы мақсаты – Алтай қазақтарының төл туындысын елорда тойына сыйға тарту екен. Бұл апамыз 10 бала тәрбиелеп өсірген. Солардан 32 немере-шөбересі бар. Өскен-өнген адам.

Алтайдың арғы жағынан жеткен сыйды қабылдап алу рәсіміне Астана қаласы әкімінің орынбасары өзі барды. Апамыздың осындай ыстық ықыласы үшін рахмет айтып, алғыс білдірді. Осы ақбоз үй қазір Тәуелсіздік сарайының ішінде тігулі тұр.

Б. Қайрат

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/altaydan-kelgen-a-boz-y-314028](https://yvision.kz/kk/post/altaydan-kelgen-a-boz-y-314028)