---
title: "Алмайтын асу, бағындырмайтын биік жоқ!"
description: "Қай қырынан алып қарасақ та, егемен еліміз жылдан-жылға даму үстінде. Бұл–Мемлекет басшысының ел бо..."
author: "mary4"
published: "2015-10-22T04:28:32+00:00"
modified: "2015-10-22T04:28:32+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/almaytyn-asu-ba-yndyrmaytyn-biik-zho-602832"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/almaytyn-asu-ba-yndyrmaytyn-biik-zho-602832/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Алмайтын асу, бағындырмайтын биік жоқ!

> Қай қырынан алып қарасақ та, егемен еліміз жылдан-жылға даму үстінде. Бұл–Мемлекет басшысының ел бо...

![Алмайтын асу, бағындырмайтын биік жоқ!](http://news.gazeta.kz/preview/type22/image100509.jpg)

**Қай қырынан алып қарасақ та, егемен еліміз жылдан-жылға даму үстінде. Бұл–Мемлекет басшысының ел болашағы үшін жасаған сындарлы бағдарламалары мен өміршең жоспарларының жемісі.**

 

Жыл сайын Елбасы халыққа Жолдауын жариялайды. Аталған маңызды құжатта мемлекет дамуының жаңа бағыттары айқындалып, әр сала бойынша атқарылуы тиіс мақсат-межелер белгіленеді. Соның арқасында елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған іс-шаралар жүйелі қолға алынып, оң нәтиже беруде. Әсіресе, көпшілік Ұлт Көшбасшысының «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауын «Қазақстан-2050» стратегиясының жалғасына балап, мемлекетті ұзақ мерзімді дамуға жетелейтін даңғыл жол ретінде мойындады.

Иә, бүгінде «Нұрлы жол» бағдарламасы өзектілігімен, қажеттілігімен ел сенімінен шықты. Олай дейтініміз, әлемдік дағдарысқа қарамастан экономика, кәсіпкерлік, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және басқа да салаларда оңтайлы өзгерістер орын алуда. Сондай-ақ, әр облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамытуға бағытталған шаралар үздіксіз жалғасуда. Мәселен, өндірісті өңір саналатын Павлодар облысында үдемелі инновациялық-индустриялық даму бағдарламасын жандандыру мақсатында жергілікті бюджеттен 1,3 трлн.теңге бөлініп, 87 ауқымды жобаны жүзеге асыру көзделген болатын. Бүгінгі таңда аталған жобалардың басым бөлігі іске қосылып, бес мыңдай жаңа жұмыс орны құрылды. Ал алдағы уақытта тағы да осындай ірі инновациялық-индустриялық жобалар іске қосылады деп жоспарлануда.

Маңызды құжатта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы, су және жылумен қамтамасыз ету желілерінің инфрақұрылымын жаңғырту мәселелеріне де басымдық берілген. Осы мақсатта өңірлердегі су құбырларын жаңғырту жұмыстары қолға алынып, технологиялық желілер мен ғимараттарының насостық құрылғыларының жаңартылып жатқанын атап өткен жөн. Үстіміздегі жылы бір ғана Павлодар облысында осындай 2,5 млрд. теңгенің жобалары іске асуда. Сонымен қатар, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында тұрғындарды ауызсумен қамтамамсыз ету, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту, шағын және орта бизнесті дамыту ісі де назардан тыс қалған жоқ.

Ең бастысы, бұл бағыттағы шараларды ойдағыдай жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан зор мүмкіндік жасалып отыр. Нақтырақ айтар болсақ, биыл «Нұрлы жол» бағдарламасына *Ұлттық қордан 700* миллиардқа жуық теңге бөлінді. Соның ішінде инфрақұрылымдық жобаларға - 207,8 млрд. теңге, құрылыс және ТКШ-ны дамытуға - 112,5 млрд. теңге, агроөнеркәсіп кешенін қолдауға - 20 млрд. теңге, жаңа мектептер салуға - 17,3 млрд. теңге, мемлекеттік «Балапан» бағдарламасына - 12,7 млрд. теңге, геологиялық барлау жұмыстарына - 6 млрд. теңге бағытталған.

Міне, осындай толағай жұмыстар мен халыққа деген қомақты қолдаудың нәтижесінде қазақстандықтар «Нұрлы жолдың» шапағатына бөленуде.

- Бүгінде табысты жұмыс істеу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Әкімшілік реформа жүргізілді, Үкімет пен атқарушы биліктің жаңа құрылымы жұмыс істеуде. Әр министр не істеу керек екенін біледі. Біз басқарудағы қосарланушылық пен қажет емес буындарды жойдық. Әкімдер өкілеттіліктің қажетті деңгейіне ие болды. Өңірлерде бәрі бар - бағдарламалар, ресурстар, қаржы құралдары, - деп Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында айтқандай, ендігі мақсат - халқымыздың бірлесе отырып, білек сыбана еңбек етуі. Сонда ғана біздің ел алмайтын асу, бағыдырмайтын биік болмайтыны сөзсіз.

 
 

Анара Ислямова

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/almaytyn-asu-ba-yndyrmaytyn-biik-zho-602832](https://yvision.kz/kk/post/almaytyn-asu-ba-yndyrmaytyn-biik-zho-602832)