---
title: "Алматыда тұңғыш рет «Қылмыстық-атқару жүйесінің Аруы» байқауы өтті."
description: "Алматыда тұңғыш рет «Қылмыстық-атқару жүйесінің Аруы» байқауы өтті. «ҚазАқпарат», 09.06.2014ж. Алмат..."
author: "mvdgovkz"
published: "2014-06-08T22:35:34+00:00"
modified: "2014-06-08T22:35:34+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/almatyda-t-ysh-ret-ylmysty-at-aru-zh-yesini-aruy-bay-auy-tti-417026"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/almatyda-t-ysh-ret-ylmysty-at-aru-zh-yesini-aruy-bay-auy-tti-417026/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Алматыда тұңғыш рет «Қылмыстық-атқару жүйесінің Аруы» байқауы өтті.

> Алматыда тұңғыш рет «Қылмыстық-атқару жүйесінің Аруы» байқауы өтті. «ҚазАқпарат», 09.06.2014ж. Алмат...

Алматыда тұңғыш рет «Қылмыстық-атқару жүйесінің Аруы» байқауы өтті. «ҚазАқпарат», 09.06.2014ж.

Алматыда ҚР әскерилер үйінде (бұрынғы офицерлер үйі) тұңғыш рет Алматы қаласы мен Алматы облысының қылмыстық-атқару жүйесінің нәзік жанды қызметкерлері арасында «Қылмыстық-атқару жүйесінің Аруы» атты облыстық байқау өтті, деп хабалады Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінен.   

«Мұндай мәдени-бұқаралық шара бізде бірінші рет өткізіліп жатыр. Ол «Қазақстан полициясы күні» мерекесі қарсаңында ұйымдастырылды. Бұл байқауға өздерінің түзету мекемелерінде іріктеу турларынан өткен 10-нан астам бойжеткен қатысты», - деді өз сөзінде департамент бастығының орынбасары Ернат Ақылжанов.

Байқауға қатысушылар бірнеше аталымдар бойынша бақ сынасты. Олар: зияткерлік қабілеті, билей білу, ән шырқау немесе музыкалық аспапта ойнау және әйел затының сұлулығын, сымбаттылығын, нәзіктігін, сәнділігін паш ету.

Қазылар алқасының құрамына Алматы қаласының мәдениет және өнер қайраткерлері, сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдардың, Ауған соғысы ардагерлері Кеңесінің және қылмыстық-атқару жүйесінің өкілдері енді.

Олар бірауыздан «Қылмыстық-атқару жүйесінің Аруы» атағын қылмыстық-атқару инспекциясының инспекторы, әділет капитаны Гаухар Қасымоваға табыстады. Ал «Қылмыстық-атқару жүйесінің 1-ші вице Аруы» атағын Алматыдағы тергеу абақтысының қызметкері Екатерина Требухова жеңіп алса, Алматы қаласының Алатау аудандық қылмыстық-атқару инспекциясының инспекторы Балжан Рысбаева «Қылмыстық-атқару жүйесінің 2-ші вице Аруы» атанды.

Байқаудың жеңімпаздары мен қатысушыларына мақтау грамоталары мен құнды сыйлықтар табыс етілді.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан полициясы күні жыл сайын елімізде 23 маусым күні атап өтіледі.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/almatyda-t-ysh-ret-ylmysty-at-aru-zh-yesini-aruy-bay-auy-tti-417026](https://yvision.kz/kk/post/almatyda-t-ysh-ret-ylmysty-at-aru-zh-yesini-aruy-bay-auy-tti-417026)