---
title: "Алматыда сыбайлас жемқорлыққа қарсы ынтымақтастық туралы Келісім жасалды"
description: "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентті..."
author: "AlmatyAnticorruption"
published: "2015-12-09T22:28:03+00:00"
modified: "2015-12-09T22:28:03+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/almatyda-sybaylas-zhem-orly-a-arsy-yntyma-tasty-turaly-kelisim-zhasaldy-666769"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/almatyda-sybaylas-zhem-orly-a-arsy-yntyma-tasty-turaly-kelisim-zhasaldy-666769/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Алматыда сыбайлас жемқорлыққа қарсы ынтымақтастық туралы Келісім жасалды

> Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентті...

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті жергілікті атқарушы органдармен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда ынтымақтастық жөнінде Келісімдерге қол қойды.

Келісім Алматы қаласының кәсіпкерлік, индустриалдық-инновациялық даму басқармасымен, білім басқармасымен, жастар саясаты және ішкі саясат басқармаларымен бірге жасалынды. Ол келісімдерге сәйкес кәсіпкерлік субъектілеріне заңсыз тексеріс жасаудың алдын алу, мемлекеттік қызметтерді көрсету барысындағы әкімшілік кедергілерді жою, жоғарғы оқу орындарының ректорлары, оқытушылық құрамы мен студенттерінің қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы дәрістер ұйымдастырылады.

Сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс нағая түспек. Ішкі саясат басқармасымен жасасқан Келісімге сәйкес, саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен, этномәдени және діни бірлестіктермен, кәсіподақтармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытта іс-шаралар жүйелі түрде өткізілетін болады.

Қазіргі таңда Алматы қаласының 22 орта кәсіптік білім беру мекемелерінде 23 мың, 40 жоғарғы оқу орындарында 133 мыңнан астам студент білім алады, қаладағы 166 балабақшаларға 46 942 мектеп жасына дейінгі балалар барса, 202 жалпы білім беретін мектептерінде 191 710 оқушы оқиды. Оларға білім беретін оқытушылық құрамның жалпы саны 14 412-ні құрайды.

Сонымен қатар, Алматы қаласы бойынша 177 мың кіші және орта бизнес субьектілері және 4482 үкіметтік емес ұйым жұмыс жасайды.

Жалпы, бұл Келісімдермен агенттіктің Алматы қаласы бойынша департаменті 500 мыңнан астам халықты қамтып отыр.

*Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 Стратегиясын жүзеге асыру механизмінде басты орган Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі өкілетті болып табылады, ал Стратегияны жүзеге асыруға барлық мемлекеттік органдар, мемлекеттің қатысуы бар ұйымдар мен мекемелер, компаниялар, саяси партиялар мен басқа да қоғамдық ұйымдар, жалпы азаматтық қоғам қатысатын болады*,-деді Агенттіктің Алматы қаласы бойынша Департамент басшысы Шаттық Өтеев.

Келісімдерге қол қою рәсімдерінен соң, қатысушы тараптар мәлімдеме жасап, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

![Алматыда сыбайлас жемқорлыққа қарсы ынтымақтастық туралы Келісім жасалды](https://storage.yvision.kz/images/user/almatyanticorruption/xsufukp1gx67K2nGRaHaA7x84a9dy8.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/almatyda-sybaylas-zhem-orly-a-arsy-yntyma-tasty-turaly-kelisim-zhasaldy-666769](https://yvision.kz/kk/post/almatyda-sybaylas-zhem-orly-a-arsy-yntyma-tasty-turaly-kelisim-zhasaldy-666769)