---
title: "Алматы маңындағы ауыл тұрғындары өздері сайлаған әкімді қорғап жатыр"
description: "Алматы облысындағы Талғар ауданының Панфилов ауылында тұрғындар өздерінің әкімін қорғауға кірісті...."
author: "seri.jigit"
published: "2024-01-15T03:25:29+00:00"
modified: "2024-01-15T03:25:29+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/almaty-ma-ynda-y-auyl-t-r-yndary-zderi-sayla-an-kimdi-or-ap-zhatyr-999879"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/almaty-ma-ynda-y-auyl-t-r-yndary-zderi-sayla-an-kimdi-or-ap-zhatyr-999879/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Алматы маңындағы ауыл тұрғындары өздері сайлаған әкімді қорғап жатыр

> Алматы облысындағы Талғар ауданының Панфилов ауылында тұрғындар өздерінің әкімін қорғауға кірісті....

Алматы облысындағы Талғар ауданының Панфилов ауылында тұрғындар өздерінің әкімін қорғауға кірісті. Сол үшін олар көшеде көп болып жиналды.

![Алматы маңындағы ауыл тұрғындары өздері сайлаған әкімді қорғап жатыр](https://storage.yvision.kz/images/user/577778/0d525cbd603b274fc7ff2f1c76194c.jpg)

Жергілікті жұрт бір қоғам белсендісі жазған шағымға байланысты ауыл басшысын орнынан алып тастайды-мыс деген әңгімеге алаңдаулы екен. Осыдан кейін «өзіміз сайладық, өзіміз шешеміз» деген олар әкімді қорғауға келіп отыр. Бұл жиынның видеосы әлеуметтік желіде ( https://www.instagram.com/p/C2ElwOvijfc/?utm_source=ig_embed&utm_campaign=embed_video_watch_again ) жарияланды.

«Дәулетәлиев Дулат Маратович келгелі бері ауылымызда жұмыс жүре бастады. Асфальт төселді, көше жарықтары орнатылды, балалар алаңқайлары жасалды және тағы басқа шаруалар атқарылды. Мысалы, өрт сөндіру депосы ашылды, жан-жануар паналайтын орын салынды... Енді осы жылға жоспар құрылып жатқанда мынадай жағдай болып тұр. Әкім мен оның орынбасары үнемі бізбен сөйлесіп отырады. Бір өтінішімізді де жерде қалдырған емес. Түйткілдерді бірлесіп шешуге тырысамыз. Енді келіп бір адамның арызы үшін бәрін зая кетірмек», – деп жазыпты Панфилов тұрғындары.

Ал олармен кездесуге келген Талғар ауданы әкімінің орынбасары Оразхан Қаспақбаев Дәулетәливке тағатын аса қатты кінәрат жоқтығын, оны ешкім орнынан алайын деп жатпағанын, тіпті бұған аудан, облыс әкімдерінің құқығы жоқ екенін айтты.

Айта кетейік, Дулат Дәулетәлиев Панфилов ауылының әкімі болып 2021 жылы шілде айында сайланған.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/almaty-ma-ynda-y-auyl-t-r-yndary-zderi-sayla-an-kimdi-or-ap-zhatyr-999879](https://yvision.kz/kk/post/almaty-ma-ynda-y-auyl-t-r-yndary-zderi-sayla-an-kimdi-or-ap-zhatyr-999879)