---
title: "«Алдаспан» ақындар клубы Алаш сыйлығының иегерімен кездесу өткізді"
description: "Бүгін Павлодар облысы «Жастар бастамаларын дамыту орталығы» КММ-сі және «Алдаспан» жас ақындар клубы..."
author: "CRMI"
published: "2017-04-07T10:45:39+00:00"
modified: "2017-04-07T10:45:39+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/aldaspan-a-yndar-kluby-alash-syyly-yny-iegerimen-kezdesu-tkizdi-762870"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/aldaspan-a-yndar-kluby-alash-syyly-yny-iegerimen-kezdesu-tkizdi-762870/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Алдаспан» ақындар клубы Алаш сыйлығының иегерімен кездесу өткізді

> Бүгін Павлодар облысы «Жастар бастамаларын дамыту орталығы» КММ-сі және «Алдаспан» жас ақындар клубы...

Бүгін Павлодар облысы «Жастар бастамаларын дамыту орталығы» КММ-сі және «Алдаспан» жас ақындар клубының мұрындық болуымен шындықтан туған шынайы поэзияның иесі, қазақ поэзиясына өзгеше рең, өшпес бояу беріп, тірі аңызға айналған ақын, Алаш Халықаралық сыйлығының иегері Арман Қани Бақтанұлына арналған «Егіз дүние» атты жыр кеші өтті.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/crmi/UIkNa53kQOw97MXdTS4120ucTkqPI1.jpg)

Әдеби кешке өңірдің әдебиет майталмандары, Арман Бақтанұлы оқыған Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған гимназия шәкітттері, ЖОО және колледж студенттері қатысты.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/crmi/iq4fD04jKPk5yS66wBA28j1idl8Brh.jpg)

Арман Қани Бақтанұлы жақында Кереку өлкесінің әдебиет өкілдерінің арасында тұңғыш болып «Сен және мен» кітабы үшін Халықаралық Алащ әдеби сыйлығын алған болатын.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/crmi/N8Z9iYe17FzhuuMX956QFCtmUpX4MZ.jpg)

Шара «Жастар бастамаларын дамыту орталығы» КММ-сі директоры орынбасары С.Б.Жүсіпбаевтың құттықтау сөзімен басталып, Орталық атынан шағын сый-сыяпат жасалынды. Бұдан кейін ақын өмірі жайлы деректі фильм көрсетілді.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/crmi/EQ84ME3E57Sp482uFlBTKuSCTYiOMB.jpg)

Кеш шымылдығы Мизан Жұмәлінің орындауындағы «Бұлбұлым» әнімен ашылып, ПМПИ студенттері Алтынбек пен Бердіқожа ақыннның «Интернатты еске алу» өлеңімен оқуымен жалғасты. Алмас Ақтасов та«Мұзжарған» деп аталатын арнау өлеңімен көпшіліктің көңілінен шықты. Әсіресе «Мұрагер» шығармашылық бірлестігінің мүшелері Ақерке мен Нұрсұлтанның орындауындағы «Сырласу» қойылымы жиылған жұртты тәнті етіп, көздеірне жас үйірді. Қойылым ақ параққа қалам сыздырып, қазақтың киелі домбырасымен сырлас болған ақын қызымыз Алмагүл Жүгінісқызының «Мұңдасу» өлеңі мен Арман ағамыздың «Сыр ашу» өлеңінің желісімен құрылған.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/crmi/yZiaXzXym19pqbY0wZmKqRcTPp4lA0.jpg)

Арман аға, бәрі сізді күрескер ақын ретінде таниды ғой! Сізді, мен Керекудің Қайрат Рысқұлбегі дер едім! Гимназия қабырғасында оқығаныңызда «Жас Ұлан» ұйымын құрдыңыз! Тіпті, осы үшін сізді оқудан шығарды! Мақсаттарыңыз не еді? Жасұланның соңы немен аяқталды? деген сауалға: -Павлодар қаласында 30-дан артық мектеп болды, соның 2-і ғана қазақша болды.Тіл мәселесіне келгенде тепіріш көре бастадық. Осының бәрі әсер ете бастады. Алаш қайраткерлерінің еңбектерін оқыдық. Содан солардың ізімен осы ұйымды құрған едік, -деп өткен күндерді ерекше толғаныспен еске алды.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/crmi/AWD69pi4sP4Lq1gcqsT2E7tskHv5Q2.jpg)

Шара соңында Арман ағамызға «Алаш қайраткерлерінің білім ордасы» атты кітап тарту етіліп, ескерткіш қолтаңбасы алынды. Қара өлеңін оқитын ел аманда мына сиқыры мен сыры мол ғаламды өзінің құндағында тербетер құдіретті жырларының өз халқымен, өз даласымен бірге ғұмыр кешері ақиқат!

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/aldaspan-a-yndar-kluby-alash-syyly-yny-iegerimen-kezdesu-tkizdi-762870](https://yvision.kz/kk/post/aldaspan-a-yndar-kluby-alash-syyly-yny-iegerimen-kezdesu-tkizdi-762870)