---
title: "«Ғаламтор тұңғиық мұхит! Тереңінен маржанды да, сайтанды да табуға болады!»"
description: "Кеше сөзіне билік құлақ түретін бір азамат тарапынан әлеуметтік желіні (ВК) жабу туралы ұсыныс тас..."
author: "Omirhan"
published: "2016-06-08T23:31:27+00:00"
modified: "2016-06-08T23:31:27+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/alamtor-t-iy-m-hit-tere-inen-marzhandy-da-saytandy-da-tabu-a-bolady-696867"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/alamtor-t-iy-m-hit-tere-inen-marzhandy-da-saytandy-da-tabu-a-bolady-696867/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Ғаламтор тұңғиық мұхит! Тереңінен маржанды да, сайтанды да табуға болады!»

> Кеше сөзіне билік құлақ түретін бір азамат тарапынан әлеуметтік желіні (ВК) жабу туралы ұсыныс тас...

![«Ғаламтор тұңғиық мұхит! Тереңінен маржанды да, сайтанды да табуға болады!»](http://storage.yvision.kz/images/user/omirhan/mSs9ERT59H17iSomIrnhi8h81at4rc.png)

Кеше сөзіне билік құлақ түретін бір азамат тарапынан әлеуметтік желіні (ВК) жабу туралы ұсыныс тасталды.

Тиым салу тұйықтан шығар жол ма?

Кеңес заманында өскен біздер тиым салудың неше түрін көрдік.

Коммунистер неше түрлі тұншықтырғыштарды пайдаланып, шетелдік ақпарат көздеріне тиым салғысы келді.

Әлі есімде, 1980 ж. Ауғанстаннан әскерге қол-аяғы бүтін кеткен құрдастарымның денелері салынған алғашқы табыттар келе бастады.

Табытты ашып көруге рұқсат жоқ еді.

Атынан ат үркетін атышулы КГБ-ң қызметкерлері табыт көмілгенше қасынан бір елі кетпейтін.

«Ит қорыған жерге өш» десеңіз де, «Запретный плод сладок» десеңіз де патша көңіліңіз білсін...

Сол Кеңес-Ауған соғысы қызып тұрғанда 30 сом стипендияма кішкентай ғана транзистор сатып алып, ғырылдатып, пышылдатып АҚШ-ң Би-Би-Си, Қытайдың Синьхуа радиоларын тыңдадым. Түн жарымынан кейін ғана дауыс біршама жақсы естілетін. Ауғанстан жерінде не болып жатқанын сол арқылы білдік.

1981 жылы тоқырау өз шыңына жетіп алғаш рет темекі тапшылығы байқалды.

Шылымқорлар аттың тезегінен бастап, шөп-шалам, тіпті құрғақ шайды газетке орап шеккенін көрдік.

1985 жылдан бастап, коммунистер маскүнемдікпен күресті бастады. 1986 жылдан бастап, арақ-шарап зауыттары шетінен жабыла бастады...

Қала түгілі, бір орысы жоқ таза қазақ ауылдарында самогон аппараттары пайда болды. Одан өзге үйде брага, шарап жасау кең етек алды.

Сондықтан өз басым тиым салу деген мен үшін күлкілі...

Керісінше, барлық мектепті интернеттендіруді жеделдету қажет.

Жаңа Білім Бағдарламасындағы 7 модульдің бірі «Білім беруде АКТ пайдалану».

Оқушыларды интернеттен ақпаратты табуға, өңдеуге және пайдалануға дағдыландыру қажет.

Интернетті барлық сабақта дерлік пайдалануға болады.

Басқа пәндерді айтпағанда, қазір біреулер қажетсіз деп жүрген еңбек сабағының өзінде қолөнершілердің ютубтағы роликтері арқылы түрлі бұйымдарды жасатуға болады.

Денешынықтыру сабағында тақырыпқа байланысты бірауық интернет қосып спорт техникасы мен әдістерін көрсетуге болады.

«Шаш ал десе, бас алатын» шенеуніктердің де бар екені дау туғызбас...

Тиым салудың орнына , керісінше ғылым мен технологияның жетістіктерін оқу-тәрбие жұмыстарында кеңінен пайдалану қажет.

Мемлекет қаласа, кез-келген әлеуметтік желіні бақылауға ала алады.

Мектепте бала интернетке мұғалімнің бақылауымен кірсе, үйде үлкендердің қадағалауында болуы тиіс.

 

Жалпы, «Тиым салу» деген сөзді абайлап пайданған жөн.

Қай бір күні М.Құлмұхамед қару-жарақ саудасына тиым салу туралы әңгіме айтып қалды.

Осы орайда еске түсіп отыр. 1980 жылдары біздің 60 үйлі ауылымызда 2 өнертапқыш бала болды.

Екеуінің де алғашқы ірі табыстары – қолдан пистолет жасады. Тіпті тауарларын сатады екен деген де сөз шықты. Соңында әлгі баланың бірінен пистолет сатып алған біреу бір қылмыспен ұсталып, әлгі бала да істі болды. Кәмелетке толмағаны мен беделді ағасының арқасында әупірімдеп сотталмай қалды. (Біреуі тіпті эфирмен ұшатын кішкене самолет жасап ұшырғаны есімде).

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/alamtor-t-iy-m-hit-tere-inen-marzhandy-da-saytandy-da-tabu-a-bolady-696867](https://yvision.kz/kk/post/alamtor-t-iy-m-hit-tere-inen-marzhandy-da-saytandy-da-tabu-a-bolady-696867)