---
title: "Қаладағы мобильді кітапхана"
description: "Шілденің 6-жұлдызынан бастап қаламызда UNI (Urban neighboring institut) деп аталатын ерекше кітапха..."
author: "Arsik"
published: "2012-11-05T12:46:00+00:00"
modified: "2012-07-21T03:15:13+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/alada-y-mobildi-kitaphana-277280"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/alada-y-mobildi-kitaphana-277280/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қаладағы мобильді кітапхана

> Шілденің 6-жұлдызынан бастап қаламызда UNI (Urban neighboring institut) деп аталатын ерекше кітапха...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/Ur8mKN2ikuW1Xg6R5Xu0sN12t9XS19.jpg)

Шілденің 6-жұлдызынан бастап қаламызда UNI (Urban neighboring institut) деп аталатын ерекше кітапхана ашылды. UNI - Алматы қаласының түрлі мәдениет және демалыс парктерінде, қоғамдық орындарында көпшілік назарына ұсынылып отырған алғашқы мобильді кітапхана жүйесі болып табылады.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/g5b7yd1nc42cpsEwYcB7asO2u01IW4.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/k3BtbY98nk9tQYLZbjmGVZLIEZlk1L.jpg)

*Аида Жұмабекова, волонтер:*

«UNI – Америка Құрама Штатының коммерциялық емес Street lab ұйымы дайындаған қоғамдық орындарға орналастыруға ыңғайлы бірегей ықшамды оқырман залы. UNI кітапханасы әлемнің тек екі жерінде ғана өткен. Бірі жобаның дүниеге келген орны Нью-Йорк болса, екіншісі Алматы қаласы. Қазақстанға бұл жобаны Америка елшілігінің Қазақстандағы өкілі Билл Мидлтон деген кісі алып келді. Жобамыздың негізгі мақсаттарының бірі - халықты кітап оқуға шақыру, әрі қызықтыру. Сонымен қатар, қаланың әрбір қолайлы жерлерінде аталған қоғамдық оқырмандар залын уақытша орналастырып, қызықты кітаптарды көпшілікке ұсыну жобаның күнделікті мақсаты. Біз қаламыздағы [С.Бегалин](http://yvision.kz/post/243268)атындағы кітапханамен бірге жұмыс жасап жатқандықтан, кітапханамызда балалар кітаптары өте көп».

![](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/cR2OP6nc15UeKpP3pK411rx7mCruZ5.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/78X6MHjh3Tic1hUEU98OP4x4FsC5Gx.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/Vs2T6RrxBFirQxV94VyV18xpVtD6Sr.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/vWh5YIdeXi18JX5I60u5hrb705OC5D.jpg)

UNI орынға және жағдайға байланысты аласа алтын 144 кубтан тұрады. Мұнда қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 800-ге жуық кітап бар. Сонымен қатар, бұл кітапханаға оқырмандар да өзгелермен бөліскісі келетін кітаптарын алып келіп, сөрелерге қоюға мүмкіндігі бар. Жоба аяқталғаннан кейін олар өз кітаптарын алып кете алады немесе ұйымдастырушылар кітаптарды балалар үйіне апарып береді.

Алдағы уақытта бұл «жылжымалы кеңістік» оқырмандарына тек қана кітаптар ұсынып қана қоймай, балаларға ағылшын тілін үйретіп, АҚШ университеттеріне оқуға қабылдау жолдарымен таныстырып, концерттер мен түрлі танымдық ойындар ұйымдастырмақшы.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/5jpVIL4L21hpfN3qdoQzJpRcJACZ70.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/6q98sy84Em0qWJMZxc9dXqB10x7s8R.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/guOq5X9GNA060J52h9R6JUCHn8pcfT.jpg)

Саябақта орналасқан өзінің құрылысымен де, көзге бірден түсетін түрлі-түсті кітаптарымен де ерекшеленіп тұрған кітапханаға көбінесе кішкентай оқырмандар қызығушылық танытады екен.

Жоба АҚШ мемлекеттік департаменті арқылы қаржыландырылып, С.Бегалин атындағы Мемлекеттік балалар кітапханасымен бірлесу арқылы жүзеге асырылып отыр. Жаз бойы Алматы қаласының тұрғындары көптеп шоғырланған бірнеше аудандарында көшпелі түрде қызмет ететін кітапхана қазір 28 Панфиловшылар паркінде сағат 9:00 – 20:00 дейін жұмыс істеп тұр.

*Материалды дайындаған:*

*Айнұр Ракишева, Айжан Кәрібаева*

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/alada-y-mobildi-kitaphana-277280](https://yvision.kz/kk/post/alada-y-mobildi-kitaphana-277280)