---
title: "Алқызыл желкендер"
description: "VI АССОЛЬ ЖАЛҒЫЗ ҚАЛДЫ Лонгрен түнді теңізде өткізді, ол не ұйықтамады, не балық ауламады, тек су сы..."
author: "kitap14"
published: "2016-03-31T08:28:10+00:00"
modified: "2016-04-12T12:15:24+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/al-yzyl-zhelkender-686562"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/al-yzyl-zhelkender-686562/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Алқызыл желкендер

> VI АССОЛЬ ЖАЛҒЫЗ ҚАЛДЫ Лонгрен түнді теңізде өткізді, ол не ұйықтамады, не балық ауламады, тек су сы...

VI

**АССОЛЬ ЖАЛҒЫЗ ҚАЛДЫ**

Лонгрен түнді теңізде өткізді, ол не ұйықтамады, не балық ауламады, тек су сылдырын тыңдап, бетін желге тоса, қараңғы әлемге қарап ойланып отырды да қойды. Өмірінің осындай бір қиын сәттерінде жалғыз жүріп теңізді кезсе болғаны, жаны түлеп, тыңайып шыға келеді. Тамылжыған тыныштық, тек тыныштық пен оңаша серуен ғана көкірегінің көңілсіз де көмескі даусын қайта ширатып, айқындай түсер еді. Бұл түнде ол – келешек пен кедейлік жайлы, Ассоль жайлы көп-көп толғанды. Қызын аз уақыт болса да қалдырып кеткісі келмейді, мұның үстіне сөнген дертін қайта қоздырып алам ба деп қорқады. Бәлкім, ол кемеге қайтып барғасын сонау Капернада жан берісер жары күтіп отыр деп қалар. Сөйтіп, үйіне қайтып келе жатқанда жоққа емексіп, онсыз да қаралы көңілі жаралы болмаса неғылсын. Мери үй табалдырығынан енді қайыра аттамайды. Бірақ ол, әйтеуір, Ассоль ішіп-жемнен тарықпаса екен дейді, сол себепті де Лонгрен қамқор көңілінің құлы болуға әзір.

Лонгрен келгенде қызы үйінде жоқ екен. Оның құлқын сәріден серуендеп кеткеніне әкесі онша қысыла қоймайды, бірақ осы жолы оның көңілі бір түрлі қобалжи берді. Үйдің бір бұрышынан екінші бұрышына дейін ілгері-кейін сенделіп жүрген матрос оқыс бұрыла бергенде қызын көрді, ол үйге ың-шыңсыз ентелей кірді де, әкесінің алдына кеп тұра қалды, қария ішкі толқын ізін қызының көзінен көріп шошып кетті. Оның бүркеулі жатқан екінші дидары – кісінің әдетте көз жанарынан ғана көрінетін нағыз шын дидары жарқ етіп ашылғандай. Қызы Лонгренге бір түрлі түсініксіз көзбен қарап, тіл қатпай тұра бергесін, ол:

– Сен ауырып қалған жоқсың ба? – деді дегбірі қашып. Ассоль біраз мүдіріп қалды. Сұраудың мән-мағынасын ой-санасымен ұққан кезде, Ассоль қолмен қозғаған ағаш бұтағындай бір сілкініп қалды да, көңілі хош уақтанып сыңғырлап ұзақ күлді. Ол әдетінше әкесіне бірдеңе деуі керек, бұл үшін сөз іздеп әуре болмайды; ойына не келсе, соны айта салады:

– Жоқ, мен саумын... Сен неге бұлай күдіктене қарайсың? Мен көңілдімін. Расында да солай, көңілді болатыным бүгінгі күннің жақсылығынан. Ал сенің ойыңда не бар? Бетіңе бір қарағаннан-ақ бірдеңе айтайын деп тұрғаныңды білдім.

– Менің ойымда не болса, о болсын бәрібір, бірақ сені істің мән-жайына түсінеді деп ойлаймын, – деді Лонгрен қызын тізесіне отырғызып. – Үйде күн көрерлік ештеңе қалмады. Мен бұрынғыша алыс сапарларға бармаймын, Кассет пен Лисстің арасында әрлі-берлі қатынап тұратын пошта кемесіне жалданам.

– Ә, солай ма, – деді қызы орағытып, әкесінің шаруа жайын, әрекет-тірлігін ұқпақ болып; бірақ қара басқанда көкірегінде лепірген қуанышын баса алмай қойды. – Онда жаман болған екен. Сенсіз тұру маған да оңай емес. Тезірек қайт. – Осыны айтарын айтса да, ақсиып күлімсірей берді.

– Иә, тезірек қайт, мен тосам, көке.

– Ассоль! – деді Лонгрен, қызының бетін алақанымен аялай ұстап өзіне қарай бұрып. – Не болды, айтшы кәне?

Әкесінің қобалжыған көңілін аулап, алдарқатып-жұбатып жіберу қажет екенін сезген Ассоль шаттық билеген көкірек лүпілін басып, байсалды да елгезек қалпына көшті, бірақ көзінде әлі де жаңа бір тірлік маздап тұрған еді.

– Сен қызықсың, көке, – деді ол. – Ештеңе болған жоқ. Мен барып жаңғақ теріп қайттым.

Өз ойымен өзі әбігер болып отырмағанда, Лонгрен бұған сенбес те еді. Олар енді үй тірлігін бақайшағына дейін шағып сөз етіп кетті. Матрос қызына жол дорбасын әзірле, ішіне пәлендей қажет заттарды сал деп бір үзіліс жасады да, сосын біраз ақыл-кеңес айтты:

– Мен енді бір он шақты күнде келем, сен менің мылтығымды ақшаға өткіз-дағы, үйде бол. Егер саған біреу қиянат жасаймын десе, қорықпа: Лонгрен ұзамай келеді де. Мені ойлап мазасыздана берме: бәленің беті аулақ.

Бұдан кейін ол ауқаттанып алды да, қызын бетінен бір сүйіп, дорбасын иығына салып, қала жолына барып түсті. Ол бұрылысқа барып көрінбей кеткенше, Ассоль соңынан қарап тұрды, сосын үйіне кірді. Үй ішінің істелмей жатқан шаруасы да көп еді, бірақ қыз оны ұмытып кетті. Қаршадайынан санасына әбден ұялап, етене болып сіңіп кеткен үйіне енді ол бөтен біреу сияқты таңырқай қарайды, осынау туған жеріне басқа бір ортадан, араға талай жылдар салып, қайтып келіп көріп тұрғандай. Бірақ осы бір жатбауыр сезім оған бір түрлі оғаш, әбес көрініп кетті. Ол Лонгрен ойыншық жасайтын үстелге отырып, рульді кеменің қормасына желімдеп, қатырып тастамақ болды. Осы бір ойыншықтарға қарап отырғанда, бұлар оған кенет нағыз үлкен күйінде көрінгендей болды, бағана ертеңгілік бастан кешкен қуанышы қайтадан толқып келіп, қыздың тұла бойын билеп алды, со замат күн тәрізді бір алтын сақина теңіз үстімен сырғып келіп, мұның аяғының астына аунап түсті.

Үйінде байыз тауып отыра алмағасын ол далаға шығып, Лиске қарай кетті. Онда баратын ешқандай шаруасы жоқ, неге баратынын өзі де білмейді және бармай қарап отыра алатын да емес. Жолай оған бір жаяу кісі кездесіп, жүрер жолын сұрап алды, қыз оған қалай жүру керек екенін дұрыстап айтып берді, бірақ оны со замат ұмытып қалды.

Бір құсты қолына қондырып, соны қызықтап келе жатып, ештеңені байқамай қалған кісідейін, ол ұзақ жолдың қалай біткенін де сезбей қалды. Ұдайы шулап-гуілдеп жататын аумақты қала іргесіне жеткен кезде ол аздап сейілейін деді, бірақ ол енді осы шулы қаладан бұрынғыша зәре-құты қалмай қорқатын үндемес бойжеткенге ұқсамайды. Ол ағаштардың көкшіл көлеңкесін кесіп, өткен-кеткен кісілердің бет-жүзіне именбей тура қарай отырып, аяғын асықпай нығыз басып, білезік тәрізді дөңгелек бульвардан өтті. Со күні қаланың әрнені тез байқайтын жіті көзді кісілері сапырылысып жататын сәнқой тобыр арасынан сырт көзге бір түрлі тосын көрінетін, қалың ойға шомып жүрген бір бейтаныс қызды әлденеше рет кездестіреді. Алаң ортасында атқылап жатқан субұрқаққа қолын тосып, күнмен шағылысқан шашырама сумен саусағын жыбырлатып ойнады, сосын азғана отырып демалып, орман арасындағы сүрлеуге қайыра келіп түсті. Қайтар жолда оның жаны түлегендей табаны жерге тимеді. Күндізгі алашабыр шаңқан айнасын күңгірт түске айырбастап, тып-тыныш жалтырап жататын кешкі өзен сияқты, оның көңіл күйі де тұп-тұнық, жайма-шуақ қалпында еді. Қыстаққа жақындай бергенде ол баяғы себетім бүршік жарғандай болды дейтін көміршіні көрді, ол арбасының қасында бет-ауыздары күйе-күйе, кір-қожалақ, қабақтары қатулы белгісіз бір-екі кісімен сөйлесіп тұр екен. Ассоль қуанып қалды.

– Саламатсың ба, Филипп, – деді ол, – сен мұнда неғып жүрсің?

– Жай жүрмін, шыбыным. Доңғалақ түсіп қалғаны. Мен оны жөндедім, енді, міне, темекі тартып, өзіміздің жігіттермен әңгімелесіп тұрмын. Сен қайдан келесің?

Ассоль жауап қайтармады.

– Білесің бе, Филипп, – деді ол, – мен сені өте жақсы көрем, сол себепті де тек саған ғана айтайын. Ұзамай мен бұл арадан кетем. Шамасы, біржолата кететін шығармын. Сен мұны бірақ ешкімге айтпа.

– Мына сен өзің ғана кетпексің бе? Қайда кетесің сонда? – деді көмірші таңырқай, тағы бірденені сұрағысы келгендей аузын ашып еді, сақалы тіпті ұзарып кетті.

– Білмеймін.

Ол аумақты ағаш астындағы арба тұрған алаңды, кешкі қызыл шапақтан нұрланып көрінген шөптерді, үнсіз тұрған қап-қара көміршілерді көзімен асықпай бір шолып өтті де, ойланып барып, сөзін жалғады:

– Ол жағы маған әлі беймәлім. Мен оның қай күні, қай сағатта болатынын білмеймін және қайда баратынымды да білмеймін. Бұдан басқа саған ештеңе де айтпаймын. Ал егер көріспей қалсақ, хош бол, сен мені арбаңмен талай алып жүріп ең.

Қыз оның күректей қап-қара қолынан алып, сілкілеген болды. Жұмысшының жүзінен күлкінің нышаны білінді. Ассоль басын изеп, бұрылып кетіп қалды. Филипп пен оның серіктері бұрылып қараймын дегенше, қыз ізім-қайым жоғалып кеткен еді.

– Ғажап, – деді көмірші, – бұған не дерсің, ә? Бүгін өзіне бірдеңе болған ба... қалай?

– Дұрыс айтасың, – деді екінші көмірші оны қостап, – оның не сөйлеп тұрғанын, не кісіні алдарқатып тұрғанын білмейсің. Мейлі, біздің ондағы ісіміз қанша?

– Иә, біздің ісіміз емес, – деді үшінші кісі бір күрсініп. Содан кейін үшеуі арбаға отырып, тастақ жолмен салдырлата жүріп барып, қою шаңнан көрінбей кетті.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/al-yzyl-zhelkender-686562](https://yvision.kz/kk/post/al-yzyl-zhelkender-686562)