---
title: "Алғыс айту күні кім кімге алғыс айтуы керек?"
description: "2016 жылдың 1 наурызында Қазақстан халқы бірінші рет «Алғыс айту күні» мерекесін атап өтті. Бірақ кө..."
author: "kzblog"
published: "2016-03-11T21:32:24+00:00"
modified: "2016-03-11T21:32:24+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/al-ys-aytu-k-ni-kim-kimge-al-ys-aytuy-kerek-677921"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/al-ys-aytu-k-ni-kim-kimge-al-ys-aytuy-kerek-677921/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Алғыс айту күні кім кімге алғыс айтуы керек?

> 2016 жылдың 1 наурызында Қазақстан халқы бірінші рет «Алғыс айту күні» мерекесін атап өтті. Бірақ кө...

2016 жылдың 1 наурызында Қазақстан халқы бірінші рет «Алғыс айту күні» мерекесін атап өтті. Бірақ көпшілік, мемлекет тарапынан насихат жұмыстары жүргізілмегендіктен бұл мерекенің мәні мен маңызын түсінбей қалды.

Бұл мереке, Қазақстан халқының бірлігін нығайтып, тұтас бір ұлтқа біріктіру мақсатын көздеген саясатпен ұсынылғанына күмән жоқ.

Өкінішке орай, жоқшылық пен аштықтың не екенін көрмеген қазіргі жастар бірлік пен татулықтың қадірін біле бермейтіні, Қазақстанның әр аймағында жастар арасында, соның ішінде қазақ жастары мен басқа этностардан шыққан жастардың арасында болып тұратын, аяғы кісі өліміне дейін апаратын топ болып төбелесу сияқты келеңсіз жағдайлардың болуы, ересектер тарапынан ата-баларының басынан кешкен ауыртпашылықты жастарға жеткізе түсіндірмеуінің салдары екені анық. Бұл жағдайлар болашақта, бірлігі жарасқан Қазақстан халқына іріткі салуы мүмкін. Себебі, ынтымақтың қадірін білмей, байлықтан кеудесіне нан пісіп, терісіне симай жүрген кейбір этностардан шыққан жастар, ата-бабаларының Қазақстанға қандай жағдайда келгенін ұмытып, Қазақстанды «көтеріп» тұрған өздері сияқты мінез көрсетеді. Әрине, бұл бағытта істелетін жұмыстар көп және мереке өткізумен ғана шектелмей, жүйелі түрде жұмыс жүргізу қажет екені белгілі.

Соның ішінде бұл мерекенің мәні мен маңызын ашатын өзінің нышаны болуы қажет сияқты... Оған төмендегі оқиға өзек бола алады.

Түрі-түсі европалықтарға келетін жасы егде тартқан әженің қазақша мақалдап айтқан сөзін естіп, әже, «қазақшаны қалай жақсы меңгергенсіз?», деп сұрақ қойдым. Ол кісі, «е қарағым, өзіңе өмір силаған халықтың тілін білмеуге бола ма?» – деп сұрағыма сұрақпен жауап берді. Таныса келе бұл кісі ұлты неміс, Исембаева Фрида Андреевна болып шықты. Ол, 1941 жылы 12 жасында басқа туған-туысқандарымен Одесса қаласынан Қазақстанға жер аударылғанын әңгімелеп берді. Арып-ашып сырттан келген халықты қазақтар өз туғандарындай қарсы алып, көп баламен өздері кішкентай саман үйлерде тұрғандарына қарамастан, төрден орын беріп, бар тамағын бөліп ішіп, бізді ажал аузынан алып қалған халыққа өмір бойы алғыс айтып келемін! Қазақтың қайырымдылығына, кеңшілігіне, жомарттығына мен көрген ешқандай халық тең келмейді! Қай қазақтың есігінен қарасаң да, бізді жетім деп аяп дастарханға шақырып, өздері бір уыс тарымен шай ішіп отырса, соның көбін біздің алдымызға ысырып шай беретін. Міне, қазақтың қайырымдылығына тәнті болған мен 13 жасымда, «ең нашар қойшыға шықсам да, тұрмысқа қазақққа шығамын!», деп өзіме-өзім ант берген болатынмын. Бағыма қарай Хафиз Ғалымжанұлы Исембаевқа кездесіп, екі ұл, бір қыз сүйіп, бақытты өмір сүрдік. Балаларыма қазақша ат қойып, қазақ салтымен тәрбие бердім. Сөйтіп, қиын-қыстау жағдайда Қазақстанға жер аударылған неміс халқының алғысын осылай жеткізуге тырыстым, - деп өткен өмірін баяндап берді.

Яғни, Фрида әжейдің қазақ халқына деген ризашылығының шексіз болғаны сондай, ол кісі өзінің өмірін қазақ халқына арнаған! Демек, Исембаева Фрида Андреевнаның өмірі, «Алғыс айту күні» мерекесіне нышан боларлық. Бұндай оқиғалар қиыншылық уақытта Қазақстанға әртүрлі жағдайда келген этностардың барлығының басынан өткен. Қазір ол кісілер жоқтың қасы. Сол кісілердің әңгімесін естіген адамдардың өзі егде жаста.

1 наурызда «Алғыс айту күні» мерекесінің маңызын халыққа түсіндіру үшін Фрида Андреевна Исембаева сияқты кіршіксіз адал адамдардың өмірін кең көлемде насихаттау қажеттілігі анық.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/al-ys-aytu-k-ni-kim-kimge-al-ys-aytuy-kerek-677921](https://yvision.kz/kk/post/al-ys-aytu-k-ni-kim-kimge-al-ys-aytuy-kerek-677921)