---
title: "Алғашқы пікір"
description: "- Балалар, сабақтың аяқталуына қанша минут қалды? - Әлі он минуттай уақыт бар, апай...."
author: "begmanasel"
published: "2015-02-04T04:31:00+00:00"
modified: "2015-02-04T04:32:08+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/al-ash-y-pikir-465306"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/al-ash-y-pikir-465306/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Алғашқы пікір

> - Балалар, сабақтың аяқталуына қанша минут қалды? - Әлі он минуттай уақыт бар, апай....

- Балалар, сабақтың аяқталуына қанша минут қалды?

- Әлі он минуттай уақыт бар, апай.

- Ондай болса, мен сендерге сабақтан тыс сұрақ қояйын. Үй тапсырмасы түсінікті ғой.

- Иә түсінікті, апай. Қандай сұрақ қояйын деп едіңіз?

- Мен көптен бері адамдардың бөтен жанның сыртынан қарап, әртүрлі ой ойлайтынын байқап жүрмін. Неге десеңдер, жақында қоғамдық көлікте отырғанмын, яғни сендердің тілдеріңмен автобуста. Сонда бір қызықты жағдай болды. Автобус іші жолаушыларға толы еді. Орындықтарда отырған үлкен жасты адамдар. Бірақ сол адамдардың арасында бір жас қыз да отырды. Жүзі өте мұңлы еді. Сол қыздың жанында бірнеше үлкен жастағы әйелдер тұрды. Балалар, қалай ойлайсыңдар, ол қыз неге үлкен жастағы апаларға орын бермей отыр?

- Апай, мен айтайыншы?

- Айта ғой.

- Ол қызға мүмкін ата-аналары үлкенге орын беру керектігін үйретпеген болар.

- Ал, жақсы. Тағы кімнің ойы бар. Айта ғой.

- Ол қыз жай мұңайып отырған секілді түр жасап, қалғандар аясын деп отыр. Апай, білесіз ғой, қазіргі кезде ешкімге сенуге болмайды.

- Жоқ, апай, ол қыз мүмкін ұйықтап қалған шығар.

- Апай, ол қыз надан болған. Әйтпесе, кез-келген ұяты бар адам тұрып, орын берер еді ғой.

Міне осылайша бір сұрақ аясында сынып ішінде қызу талқы басталды. Тек бір бала ғана үндемей, барлығын тыңдап отырды. Сонда мұғалім орнынан тұрды да, үстеліне сүйкеніп тұрып:
- Сәкен, сен неге үндемейсің?

- Апай, қазір мен мына балдардың жауаптарына қарап, таң қалып отырмын. Біз ол қызды мүлде танымаймыз ғой. Бірақ соған қарамастан ол туралы жағымсыз пікір қалыптастырып жатырмыз. Апай, адамдардың сыртынан сөйлеу дұрыс емес. Мүмкін ол қыздың жай аяғы ауырып отырған болар.

Мұғалім соңғы естіген жауабынан кейін, оқушысына қарап жымиды да:
- Дұрыс айтасың. Балалар, мен бұл сұрақты сендерге не үшін қойып тұрмын білесіңдер ме? Адамдар туралы алғашқы пікір әркез қате қалыптасады. Әрбір жанның жанына үңілмей, өзіңді сол жанның орнына қойып көрмей, ешқашанда ол адам туралы жағымсыз ойлауға болмайды. Кім біледі, мүмкін сол адам ертең тағдырдың қалауымен, сендер үшін бағасы жетпес дос болып кетер...

- Кім біледі, бәрі мүмкін...

![Алғашқы пікір](https://storage.yvision.kz/images/user/begmanasel/iTSxXXp97hf736KxULf7dm4MC23ohq.jpg)

Жүйткіп келіп аялдамаға тоқтаған автобустың іші лық толы еді. Артындағы асыққан адамдарға мән бермегенсіп, қолтықтасқан екі әйел өзара әңгімелерін үзбей, байыппен, автобусқа мұрындарын шүйіре кірді. Бірі ішіндегі адамдарды көзімен бір шолып шықты да, қасындағысына:
- Әй, мына автобус қарттар үйінен келе жатқандай, кілең шал-кемпірлерді толтырып алыпты ғой, сірә!

- деп артқы жаққа жылжи бастады. Екіншісі де құрбысын қостап:
- Соны айтам-ау - деп қойды.

Аялдамадан аялдамаға асыққан осы бір автобустар секілді, өмірде асығып жүйткіп жатты. Әр аялдамадан кірген әрбір жанның көзінде мұң бар. Сырттан бір жүзі шаршаңқы жанға қарап тұрып, «Е, жұмыстан шаршап келе жатыр-ау. Үйінде бала-шағасы күтіп отырған болар» деп ойлайсың. Кейде бірін-бірі ұзақ көрмей, осы автобуста кезіккен жандардың, құшақтай амандасқанын көргенде, іштей көптен көріспеген достарыңды ойлайсың. Осылайша өз аялдамаңа жетесің.

- Күннің суығын-ай. Аяғым талып кетті. Әлі біраз жүреміз бе? Қарашы, мына қызды айтамын, жап-жас болып алып, отырысын. Әй, екеуміздің бірімізге орын берсе қайтеді?!

- Қазіргі жастар сондай. Түк тәрбие көрмеген. Құрсын, күнімізді бұларға қаратпасын.

Терезеге қарап, қабағын шытқан қыздың көзінен жас тамды. Аспаннан жауған ақ қардың әрбір ұлпасына тесіле қарап, көзінің жасын сүртті. Бөтен жанның сөзі жүрегін ауыртса да, терезеден көз алмады. Өмірінен, бақытынан үміт үзбеді...

Жылдамдығын баяулатқан көлік тағы бір өмірдің, Аяулымның өмірінің аялдамасына келіп тоқтады. Автобус басынан жүгіріп келген жіңішке дауыс асыға:

-Аяулым, жүрсеңші!- деді.

Терезедегі табиғатты, ойындағы қиялды қимай, қыз артқы орындықтағы бір атаға бұрылды:
- Рахмет сізге! Алланың нұры жаусын!

- деді де, мұңая қараған шалдың қолындағы таяқты алып, автобустан ақсаңдап, шығып кетті. Аяулымның соңына біраз үңілген шал, манағы екі әйелге қарап, басын шайқады, бірақ үндемеді. Себебі айтылған сөз, Аяулымның жанына жара салып үлгерген еді. Енді ол сөздерді қайтару, Аяулымның тағдырын, өмірін өзгерту мүмкін емес еді.

Автобус орнынан қозғалып, келесі аялдамаға беттеді. Аяулымның отырған орындығы бос қалды...

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/al-ash-y-pikir-465306](https://yvision.kz/kk/post/al-ash-y-pikir-465306)