---
title: "Алға, арландар!"
description: "Кәсіпқой бокстан Бүкіләлемдік серия бойынша өтіп жатқан жарыстар аяқталуға жақындап келеді. Жуырда А..."
author: "arlans"
published: "2011-03-28T21:59:14+00:00"
modified: "2011-03-28T21:59:57+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/al-a-arlandar-137406"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/al-a-arlandar-137406/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Алға, арландар!

> Кәсіпқой бокстан Бүкіләлемдік серия бойынша өтіп жатқан жарыстар аяқталуға жақындап келеді. Жуырда А...

**Кәсіпқой бокстан Бүкіләлемдік серия бойынша өтіп жатқан жарыстар аяқталуға жақындап келеді. **Жуырда Азия, Еуропа және Аме­рика құрлықтары бойынша үш топқа бөлінген 12 команда өз­дерінің кезекті жекпе-жектерін өт­кізді. Соның ішінде Азия то­бын­да еліміздің намысын қорғап жатқан «Astana arlans» («Астана ар­лан­дары») командасы өткен сен­бі күні топтың фавориті Әзір­байжанның «Baku fires» («Баку алаулары») бокс­шыларымен кездесіп, 5:0 есебімен жеңді. Бұл екі жақтың төр­тінші рет кездесуі болды. Мұның алдында өткен үш жекпе-жектің бәрінде «арландар» қарсылас­та­ры­нан жеңілген болатын. Сол кездері болған айқастарда астаналықтар ал­дымен 1:4, одан кейін қатарынан 2:3 есебімен жеңілгені есімізде.

Осы кеште «Астана арлан­дары» сапында Міржан Рақым­жанов (54 кг.), Ержан Мүсәпіров (61 кг.), Қанат Сіләм (73 кг.), Рамжон Ахмедов (85 кг.), Руслан Мырсатаев (91 кг.-ден жоғары) қарсыластарын айқын басым­ды­лық­пен ұтты. Енді 18 наурыз күні «арландар» сырт алаңда Оңтүстік Кореяның «Poseidons Pohang» немесе «Қызыл қанаттыларымен» қол­ғап түйістіреді. Бұл «арлан­дардың» топтық кездесудегі ең соң­ғы жекпе-жегі болады. Осы­дан кейін олар Еуропа және Америка тобында бірінші орын ал­ған командамен күш сынасады.

Қазір өткен жылдың қараша айынан басталған турнирде бірінші орынды 9 жеңіс, 2 жеңіліс, 28 ұпайы бар «Баку алаулары» иеленіп отыр­са, одан кейінгі орында 8 жеңіс, 3 жеңіліс, 26 ұпайды еншілеген «Астана арландары» келеді. Бірақ бұл көрсеткішке қарап «Баку алауларының» қарқыны бізден әл­де­қайда күшті деп айта алмаймыз. Осы екі команданың арасындағы мық­ты боксшыларды жарыстың жар­тылай финалдық кездесулері анықтайды. Бұл жекпе-жектер 6-7 мамыр күндері Қытайдың Гуйян қаласында өтетін басқосуда белгілі болады. Осы күндері Еуропа то­бында ешкімге дес бермей келе жат­қан «Paris united», Америка то­бында АҚШ-тың «Los Angeles matadors» пен Мексиканың «Mexi­co city guerrerors» командаларының біреуі, Азиядан «Baku fires» ұжы­мы және «Astana arlans» боксшы­лары­ның күш сынасуға мүмкіндігі көп. Ал Еуропа тобында біздің «арландармен» үзеңгі қағыстырып кел­ген Италияның «Milano thun­ders» командасы жартылай финалға жолдама алу мүмкіндігінен айы­рыл­ды десе болады. Бұл команда «Париж юнайнед» боксшылары­мен өткізген соңғы кездесуінде жеңіліс тапты.

Сөйтіп, әр топтан бірінші орынды алған үш команда және екінші орынды алып, ең көп ұпай иеленген ұжым 6-7 мамыр күн­дері жартылай финалға шы­ғып, сол жерде бас жүлдені са­рапқа сала­ды. Финалдық айқаста жең­ген ко­ман­даға 500 мың дол­лар көле­мін­де сыйақы табыс етіледі. Ал фи­налға шыққанға 150 мың доллар беріледі. Жар­тылай финалда ай­қас­қан коман­даларға 50 мың доллардан тара­ты­лады. Одан кейін 27-28 мамыр күндері жекелеген салмақ дәре­желері бо­йын­ша кездесулер өте­ді. Мұн­да әр салмақта топ жар­ған боксшы­ға 20 мың АҚШ дол­ларымен қо­са, 2012 жыл­ғы Лондон Олим­пиадасына жол­дама беріледі. Же­ңілген бокс­шыға 10 мың доллар табыс етіледі.** ****Дастан КЕНЖАЛИН. **

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/al-a-arlandar-137406](https://yvision.kz/kk/post/al-a-arlandar-137406)