---
title: "Адам бойында жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды"
description: "Адам- осы өмірдің, әлемнің дара перзенті. Менің ойымша, бақытты да, қайғыны да кейде адамның өзі жас..."
author: "ShalkarovaAidana"
published: "2021-02-05T14:05:26+00:00"
modified: "2021-02-05T14:05:26+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/adam-boyynda-zha-sy-asiet-bolmasa-o-an-ba-ta-ba-yt-ta-onbaydy-920772"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/adam-boyynda-zha-sy-asiet-bolmasa-o-an-ba-ta-ba-yt-ta-onbaydy-920772/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Адам бойында жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды

> Адам- осы өмірдің, әлемнің дара перзенті. Менің ойымша, бақытты да, қайғыны да кейде адамның өзі жас...

Адам- осы өмірдің, әлемнің дара перзенті. Менің ойымша, бақытты да, қайғыны да кейде адамның өзі жасап алады. Оның жасаған әрбір әрекеті оның болашағына әсер ететініне сенімдімін. Шынында, кейде адам баласы сабыр сақтамай, көптеген жерде жазықты болып қалады. «Сен де айыпты, мен де айыпты емеспін. Сенде де бар, менде де бар пенделік» деген Мұқағали Мақатаевтың сөзімен толықтай келісемін. Адамдар кей сәттерде жүрмейтін жолдармен жүріп, бағын да, бақытын да ұшырып алатыны рас.

«Адамның ең ұлы қасиеті - бақытты болуға талпынуы» деп Сұлтанмахмұт Торайғыров өз сөзінде адамның ең асыл қасиеті осында екенін атап өтеді. Әр адам бақытты әр жерден іздейді. Әлдекім үшін бақыт денінің саулығы, отбасының амандығы болса, енді бірі үшін бақыт деген жақсы, табысы көп жұмыс немесе арманындағы үй болуы мүмкін. Әрине, адам материалдық тұрғыдан да бай, бақытты болуы керек, алайда сол бақытты құрайтын рухани байлық екенін естен шығармағанымыз абзал.

Кейде адам пендешілік жасап, өзгенің қуанышына, бағына іштей қызғана қарайды, біреудің өміріне қызығады. Алайда, оның өміріне де қызығып қарайтын жандардың бар екенін ұғыну қажет.

Бақытты көре білген, сезе білген-қандай жақсы! Әрбір сәттен бақытты көруге болады. Өзіңді бақытты сезіну үшін ақшаның да, атақтың да қажеті жоқ. Тек жаның тыныштық пен саулықты сезсе болғаны. Бағымызды, барымызды бағалайық. Өзіңе де, өзгеге де бақыт сыйлай білейік.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/adam-boyynda-zha-sy-asiet-bolmasa-o-an-ba-ta-ba-yt-ta-onbaydy-920772](https://yvision.kz/kk/post/adam-boyynda-zha-sy-asiet-bolmasa-o-an-ba-ta-ba-yt-ta-onbaydy-920772)