---
title: "«Абылайдың қара жолы» туралы не білесіз?"
description: "Алаш жұртының басын қосқан, ойға барып, ойдағымен, қырға барып, қырдағымен тіл табысып, елді жеткізе..."
author: "TRK_kaz"
published: "2015-06-29T02:27:00+00:00"
modified: "2015-07-03T06:31:01+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/abylaydy-ara-zholy-turaly-ne-bilesiz-517581"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/abylaydy-ara-zholy-turaly-ne-bilesiz-517581/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Абылайдың қара жолы» туралы не білесіз?

> Алаш жұртының басын қосқан, ойға барып, ойдағымен, қырға барып, қырдағымен тіл табысып, елді жеткізе...

**Алаш жұртының басын қосқан, ойға барып, ойдағымен, қырға барып, қырдағымен тіл табысып, елді жеткіземін, жетілдіремін деп жан алысып, жан беріске хан Абылайды білмейтін қазақ жоқ-ау, сірә.**

Ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі туралы баршаға белгілі жайттармен қатар «Абылайдың қара жолы» деген де түсінік бар. Ол туралы не білеміз? Не білдіреді? «Apta.kz» бағдарламасының 28 маусым күнгі бөлімінде осы тақырып зерттеліп, көтерілген-ді.

![«Абылайдың қара жолы» туралы не білесіз?](http://storage.yvision.kz/images/user/trk_kaz/jKn01uGET4C710z406RMRicmbHK0G5.png)

Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы. Кемел тұлғаларға кенде емеспіз, солардың соқталысы – Абылай хан. Абылай – Керей мен Жәнібектен бергі «Қазақ хандығы» деген байтақ жерімізді жаудан азат етіп, еліміздің етек-жеңін бүтіндеді.

Алмағайып аласапыран заманда биік тұлға парасаты мен саясаткерлігінің арқасында қазақ халқын жойылып кетуден сақтап қалды. Тарихта «Абылайдың ақ туы» деген бар. Бұл жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыста көтерілген ханның туы. Қыл шашақты, көлемі 2 шаршы метрлік ақ жібек матадан тігілген. Бірақ, сақталмаған.

Және 20 ғасырдың басында Алашорда жетекшілері де халықты бірлікке шақырып, «Абылайдың ақ туы астына жиналайық», деп үндеу тастаған екен. Немесе әлі күнге Қызылжарда «Абылайдың ақ үйі» тұр. Яғни, ханның резиденциясы.

Заманында Ресей патшалығы ханға тарту есебінде салып берген. Бар ғұмырын ат үстінде өткерген құрметті хан туралы керек деректің барлығын дерлік сол үйден табасыз. Және ел арасында «Абылай аспас сары бел» дейтін тіркеске қатысты әфсана көп. «Е, хан шыға алмаған бір биік бел шығар» дейміз де қоямыз.

Аңыздарда қалың қардан Абылай хан жүре алмай кері қайтқан деседі. Ол жер бүгінгі осы Сарыарқаның сары жазығы. Білетініміз, сол сары бел, кезінде тың көтергендердің тіл орамына орай – «Осакаровка» аталып кеткен. Түпкі мағынасы «аса қарлы» деген екен. Ал ,іздің бүгінгі айтпағымыз «Абылайдың қара жолы». Естуіңіз бар ма? Бұл жол әлі күнге жатыр.

Бұл – Ақмола облысына қарайтын Сәуле ауылының маңы. Жол шиырлай осы ауылдың жанымен өтеді. Қара жол әлі сайрап жатыр. Қалың жасағын ертіп, хан Абылай бұл жермен талай өткен.

Тұлпарлардың тұяғымен түзілген қара жол солтүстіктен оңтүстікке төтелей тартады.

Профессор Серік Негимовтің айтуынша, бұл жолдың Абылайдан қалғанына, хан заманынан бері келе жатқанына еш күмән жоқ.

Болашақты болжап, елдің ертеңіне көз жіберткен ханның батырлығы бір төбе де, ақыл-парасаты бір төбе. Оу бастан-ақ, Абылай хан бұл жолды стратегиялық мақсатта пайдаланған. Саяси мақсатта да, экономикалық мүдде тұрғысынан да.

Ұрпақтан ұрпаққа жеткен деректерге сүйеніп, ауыл ақсақалдары айтады: стратег Абылай ханның бұл жолды таңдауы бекер емес. Күндік қашық жерлерді қысқартқан ең төте жол осы.

Филологтар Абылайдың жолын айғақтайтын Левшиннің еңбегін алға тартса, тарихшылар деректердің аздығын айтады.

Бытыраған үш жүздің басын қосамын, деп шырылдаған Абылай осы жол арқылы ру мен руды қосты. Талай мемлекеттік мәселені шешті. Қазақ халқының жұлдызы жарық ел болуын аңсап, жауға найзаның ұшын ғана емес, дипломатияның күшін де жұмсады. Мұның бәрінде осы «қара жолдың» атқарған маңызы ерен екені анық.

Зерттеушілер мен ақсақалдардан тілек біреу. Абылайдың «қара жолына» мемлекеттік деңгейде маңыз берсе. Бұл Қазақ хандығының 550 жылдығына үлкен сый, хандарымызға зор құрмет болар еді.

Осы орайда, Мемлекет басшысының мына бір сөзі есіме түсіп тұр. Осыдан 2 жыл бұрын даңқты ханның 300 жылдығына орай жарияланған «Абылай аңсаған азаттық» атты мақаласында Елбасы былай деген еді:

«...Абылай хан қызғыштай қорып, тұмарындай тәу еткен, армандап кеткен Қазақ елінің Тәуелсіздігіне біздер, бүгінгі буын қазақстандықтардың жеткені үшін де шексіз тәубе айтып, бөлінуге бастайтын жершілдік пен рушылдық дертінен арылғанымыз жөн.

Себебі, бүгінгі заманның жаңаша түрленген қауіп-қатері кешегіден кем соқпайды. Ендеше, Абылайдың арманына қазіргі Қазақстан қол жеткізгенін ерекше мақтан тұтып, ішкі ынтымағымызды, сүттей ұйыған татулығымызды сақтауға қызмет ету - баршамыздың парызымыз».

*Бағдарламаның толық нұсқасын [мына сілтеме](http://kaztv.kaztrk.kz/kz/view/apta_kz/page_91880_abylaidyn-kara-zholy-turaly-ne-bilesiz) арқылы көруге болады.*

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/abylaydy-ara-zholy-turaly-ne-bilesiz-517581](https://yvision.kz/kk/post/abylaydy-ara-zholy-turaly-ne-bilesiz-517581)