---
title: "Абай облысында дропперлікке қатысты көрсетілімдік сот процесі өтті"
description: "Семей қаласында «Alikhan Bokeikhan University» заң факультеті мен Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бірлесуімен «Заң ?..."
author: "journalist_n"
published: "2025-12-17T08:02:53+00:00"
modified: "2025-12-17T08:02:53+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/abay-oblysynda-dropperlikke-katysty-korsetilimdik-sot-procesi-otti-1019000"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/abay-oblysynda-dropperlikke-katysty-korsetilimdik-sot-procesi-otti-1019000/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Абай облысында дропперлікке қатысты көрсетілімдік сот процесі өтті

> Семей қаласында «Alikhan Bokeikhan University» заң факультеті мен Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бірлесуімен «Заң ?...

**Семей қаласында «Alikhan Bokeikhan University» заң факультеті мен Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бірлесуімен «Заң мен тәртіп» идеологиялық нарративі аясында дропперлікке қатысты көрсетілімдік сот процесі ұйымдастырылды.** ![](https://storage.yvision.kz/images/user/580804/cd487e0234fef829bc92ea94c2028b88.jpg?width=960&height=720) Іс-шара барысында заң факультетінің студенттері нақты қылмыстық істерге негізделген сот процесінің қойылымын ұсынды. Көрсетілімде үшінші тұлғаларға банк карталары мен жеке деректерді беру, есепшоттарды рәсімдеу, сондай-ақ ақша қаражаттарын «дропперлер» арқылы аудару сияқты заңсыз әрекеттердің салдары жан-жақты қарастырылды.Көрсетілімдік сот процесін дайындау Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеушілерінің консультациялық қолдауымен жүзеге асырылды. Қатысушылар айыпталушы, куә, қорғаушы және мемлекеттік айыптаушы сияқты процессуалдық рөлдерді орындап, іс-шара форматын нақты сот отырысына барынша жақындатты. ![](https://storage.yvision.kz/images/user/580804/89f6a7469465589068d028572a86920d.jpg?width=960&height=720) «Alikhan Bokeikhan University» заң факультетінің деканы Серік Сабитов мұндай тәжірибелік форматтардың тәрбиелік әрі алдын алу мәні зор екенін атап өтті.- “Заң мен тәртіп” идеологиясын ілгерілету аясында біз бірлескен іс-шара өткізіп отырмыз. Бұл көрсетілім дропперлік саласындағы қылмыстық құқықбұзушылықтар мен олар үшін көзделген қылмыстық жауапкершілікке арналды. Заң факультетінің студенттері Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мамандарының консультациялық қолдауымен сот процесін ұйымдастырды. Аталған мамандар осы санаттағы қылмыстық істерді тергеп-тексерудің әдістемесі мен құқықтық негіздерін терең меңгерген, – деді декан.Көрсетілімдік сот процесіне прокурор рөлінде қатысқан заң факультетінің 3-курс студенті Медина Асқар өз әсерімен бөлісті.- Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесіп, дропперлікке қатысты қылмыстық іс бойынша студенттердің қатысуымен көрсетілімдік сот процесін өткізіп жатырмыз. Бұл іс-шара тек бірінші курс студенттеріне ғана емес, жалпы жастарға арналған. Мен үшін прокурор рөлін атқару үлкен жауапкершілік әрі маңызды тәжірибе болды. Негізгі мақсат – дропперліктің жеңіл табыс көзі емес екенін, оның ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкелетін қауіпті құқықбұзушылық екенін көрсету, – деді спикер.Аталған іс-шара жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, қаржылық алаяқтықтың алдын алуға және қоғамда заң мен тәртіп қағидаттарын нығайтуға бағытталған.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/abay-oblysynda-dropperlikke-katysty-korsetilimdik-sot-procesi-otti-1019000](https://yvision.kz/kk/post/abay-oblysynda-dropperlikke-katysty-korsetilimdik-sot-procesi-otti-1019000)