---
title: "Абай-қазақ халқының маңдайына біткен ұлы тұлға."
description: "Қазақ халқының біртуар ойшыл ғұламасы, өз заманының сыншыл да шыншыл өкілі Абай Құнанбайұлы. Ақын жа..."
author: "dianakanatova00gmailcom"
published: "2021-05-04T18:20:20+00:00"
modified: "2021-05-04T18:20:20+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/abay-aza-hal-yny-ma-dayyna-bitken-ly-t-l-a-933626"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/abay-aza-hal-yny-ma-dayyna-bitken-ly-t-l-a-933626/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Абай-қазақ халқының маңдайына біткен ұлы тұлға.

> Қазақ халқының біртуар ойшыл ғұламасы, өз заманының сыншыл да шыншыл өкілі Абай Құнанбайұлы. Ақын жа...

Қазақ халқының біртуар ойшыл ғұламасы, өз заманының сыншыл да шыншыл өкілі Абай Құнанбайұлы. Ақын жастайынан ойы ұшқыр, сөзге зерек, білім ғылымға жан тәнімен құмартып өседі. Бала Абайдың осындай іздемпаз болып өсуіне ел анасы атанған әжесі Зеренің таусылмайтын мол қазынадай аңыз ертегілері, ақыл кеңестері әсер етеді. Абай тек білім үйреніп қана қоймай, жас кезінен ел ісіне де араласады. Сол уақытта ақын өмірдің ащы тұстарын әділетсіз, зорлық-зомбылыққа толы заманының шынайы болмысын аңғарады. Осы сәттен бастап ақын заманының кереғар тұстарымен күресіп, әділдіктің таразысын теңестіруге ат салыса бастайды. Ел басқарып жүріп, халықтың мүлкін тонап, қыспаққа алған үстем тап өкілдеріне қарсы шығып, халықтың мүддесін қорғайды.

Абай Құнанбайұлы халқының қамын ойлап, ескіліктің бұрғауынан, надандықтың шырмауынан шыға алмай отырған ауыр халіне қатты күйінеді. Қараңғылықтың түнегінен шығар жолдың жалғыз амалы білім үйренбек екенін түсініп, өз бетінше ізденіп, шетел классиктерінің еңбектерімен танысады. Дүниетану жолында орыстың төңкерісшіл демократтарының шығармаларын оқып, өз дәуірінің алдыңғы қатарлы ой-пікірін қорытып, басқаларға қазақ өміріндегі аса маңызды мәселелерді түсіндіруге қолданады.

Сөз құдіретінің халық санасына тигізер ықпалын түсінуіне отырып, әдебиет жолына бар ынтасымен, шыңдап кіріседі. Адамгершілік қасиеттерден арылмауға, білім-ғылым үйренбек керек екендіггін, уақыттың қадірін түсінуе, ажырата алуға өлеңдері арқылы дәріптейді.

Ақын тек шындықты айтып қана қоймай, заманы мен өзі өмір сүріп отырған ортаның кемшілік-қайшылықтарын өткір және әділ сынайды. Ол ақынның “Қалың елім қазағым қайран жұртым” өлеңінде анық байқалады:

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.

Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,

Сапырылды байлығын, баққан жылқың деп халқының надандығын сынайды.

Абай адам өмірінің бірталай тұстарын айта отырып, сонымен қатар одан қалай арылу керек екендігін, өнер, білім, ғылым үйреніп қана қоймай, сол алған білімді қалай жұмсау керектігін де айтып өткен. Ақын алған білімді қалай жұмсау керектігін де айтып өткен. Ақын шығармашылығының негізгі өзегі Адамгершілік қасиет, Білім ғылым деген идеяларға сәйкес келеді.

Ақынның өлең жазуы ермек емес, халқының болашағы үшін күресудегі отты қаруы іспеттестігін “Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін” өлеңінде аңғартады.

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.

Көкірегі сезімді, тілі орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.

Бұл өлең ұлы ақынның өзі үшін емес елі үшін, келешегі үшін маңдай терін төгіп жатқандығының дәлелі.

Абай шығармашылығы оның жан дүниесінің айнасы, сол себепті де болар ұлы ақын өлеңдерін, әр жүрекпен тіл табысар сыршыл да шыншыл үнімен жырлайды. Ақын тек жырлап қана қоймай талпынысын ісімен де дәлелдей білді. Айтқан сөздері мен істеген ісі әрқашан үндесіп жүрді. Оны “Сегіз аяқ” өлеңінен байқаймыз:

Жартасқа бардым,

Күнде айғай салдым,

Онан да шықты жаңғырық.

Естісем үнін,

Білсем деп жөнін,

Көп іздедім қаңғырып.

Жартас деп қараңғы түнектегі халқын айтып, қаншама іс қылып, ақыл айтса да онысынан түк шықпағанын, не себепті халқы білімге бет бұрмай жатқандығының жөнін білсем деп көп іздегенін айтады. Алайда ұлы ақынның да сөзімен ісі алшақ келген тұстары да бар. Соның дәлелі ретінде “Абай жолы” романындағы ақынның Біржан салмен кездесуіндегі болған оқиғаны мысалға алуға болады. Ол сүйген жары Әйгерімге алғаш қосылғанда, айналасындағы барлық тұрмыс-тіршілігін, тіпті жары Ділдәні, бала-шағасын ұмытып, ойын –тойдың қызығына құмартып кетеді. Сонда ақынның:

Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,

Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат, - деген жолдарында өзі уақыттың қадірін түсінуге, арзан ойын сауыққа емес, білім ізденуге насихаттаған сөзімен ісінің арасында алшақтық бар секілді.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев “Болашақ бағдар:Рухани жаңғыру” атты мақаласында рухании, ұлттық құндылықтарымызды негізге алады. Ал осы рухани құндылықтарымыз Абайдың мұрасынан бастау алады деп айтсақ артық айтпаймыз. Қаншама ай өтіп, жыл келсе де Абайдың поэзиясы, қара сөздері, әндері халық жадында мәңгі сақталып, көзіміздің қарасындай келешек ұрпаққа мұра болып қала бермек.

Жас кезінен Абайды оқып, оның шығармаларымен сусындап өскен бала, болашақта елін жарқын болашаққа бастайтын азамат болып өсетініне мен кәміл сенемін.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/abay-aza-hal-yny-ma-dayyna-bitken-ly-t-l-a-933626](https://yvision.kz/kk/post/abay-aza-hal-yny-ma-dayyna-bitken-ly-t-l-a-933626)