---
title: "Абай атамыздың қара сөздері цикліне қатысты ой-толғауларым. Үшінші қара сөзі"
description: "Біздің баламыз өзгеден кем бе деген оймен өзімен бірге баласын да осындай билік, мансапқұмарлық, ата..."
author: "Aiym_Tlepbergen"
published: "2019-01-29T17:19:13+00:00"
modified: "2019-01-29T17:19:13+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/abay-atamyzdy-ara-s-zderi-cikline-atysty-oy-tol-aularym-shinshi-ara-s-zi-825026"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/abay-atamyzdy-ara-s-zderi-cikline-atysty-oy-tol-aularym-shinshi-ara-s-zi-825026/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Абай атамыздың қара сөздері цикліне қатысты ой-толғауларым. Үшінші қара сөзі

> Біздің баламыз өзгеден кем бе деген оймен өзімен бірге баласын да осындай билік, мансапқұмарлық, ата...

Біздің баламыз өзгеден кем бе деген оймен өзімен бірге баласын да осындай билік, мансапқұмарлық, атаққұмарлыққа жетелейтін адамдар бүгінгі қоғамымызда күннен күнге көбейіп келеді. Мұндай жағдайдың белең алуына себеп болып отырған өзіміздің діліміз бе деп ойлаймын ара-сыра. Абай атамыздың заманынан бері келе жатқан «бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғын» қазақтың көреалмаушылығынан ба деген ойға қаласың.

Абайдың Үшінші қарасөзінде жазылып кеткен «болыс болғандар өзі қулық, арамдықпенен болыстыққа жеткен соң, момынды қадірлемейді» дегені бүгінгі күнгі біздің қоғамымызға қатысты да айтылатын жәйт екені пал ашпаса да белгілі. «Бәрін өзіңдей көр» деген аталарымыздан мирас болып қалған сөзді бұрып алып, өзің қандай тірлік жасасаң, өзгелер де тура сондай тірлік жасаумен күн көреді дегенге апарып тастадық. Ал шын мәнісінде өзіңе не қаласың, өзгелерге де соны істе, адамнан қайтпаса, Құдайдан қайтар деген парасатты сөздерді құлаққа ілер уақыт та таба алмай жатамыз. Әрине күнделікті күйбең тіршілікте қарекет қылып, өз мүддеміздің жерге тапталмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасау жолында өзге адамның құқығын таптап, өз құқығымызды дәлелдеумен өтіп жатқан қайран өмір-ай дейсің арасында.

«Әттең, қолдан келер шара болса» деп өмір сүріп жатқанымыз да қаншама. Бәрін жарым-жартылай істеп, «жарайды, бізге осы да жетер» деген оймен айналамыздағының бәрін жартылай істеуге үйренген бізді енді кім түзетер? Әрине өзіміз ғана! Жаңа заман талабына сай өмір сүріп үйрену керек. Басқалар ойлап тапқан дүниені қолданып қана қоймай, өзіміз де сол тектес жаңашыл дүниелерді шығару жолына түсуіміз қажет деген ойдамын.

Ал, осы да болар деген оймен түсірілген отандық фильмдерді, осы да болып қалар деген оймен шығарылып жатқан оқу құралдары және тағы басқаларын өзімізден өзіміз ұялмайтындай дәрежеде істейтін күннің тууы өз қолымызда. Сол күнді асыға күтудемін.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/abay-atamyzdy-ara-s-zderi-cikline-atysty-oy-tol-aularym-shinshi-ara-s-zi-825026](https://yvision.kz/kk/post/abay-atamyzdy-ara-s-zderi-cikline-atysty-oy-tol-aularym-shinshi-ara-s-zi-825026)