---
title: "Ақын Әмірхан Балқыбекке ескерткіш орнатылғалы жатыр"
description: "Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өмірден өте шыққан қазақтың дарынды ақыны Әмірхан Балқыбек бауырым тірі болғанда бүгін 55 жасқа толар еді… Биыл дүниеге осындай ақынды әкелген аяулы анасы Тұрсын апайымыз да сүйікті ұлын іздеп, соңынан кете барды…..."
author: "orazali"
published: "2024-05-20T04:29:10+00:00"
modified: "2024-05-20T04:29:10+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/a-yn-mirhan-bal-ybekke-eskertkish-ornatyl-aly-zhatyr-1004780"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/a-yn-mirhan-bal-ybekke-eskertkish-ornatyl-aly-zhatyr-1004780/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Ақын Әмірхан Балқыбекке ескерткіш орнатылғалы жатыр

> Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өмірден өте шыққан қазақтың дарынды ақыны Әмірхан Балқыбек бауырым тірі болғанда бүгін 55 жасқа толар еді… Биыл дүниеге осындай ақынды әкелген аяулы анасы Тұрсын апайымыз да сүйікті ұлын іздеп, соңынан кете барды…...

![undefined](https://storage.yvision.kz/images/user/577776/c43bc4e6bccb891e3de9379697ea78.jpg)

Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өмірден өте шыққан қазақтың дарынды ақыны Әмірхан Балқыбек бауырым тірі болғанда бүгін 55 жасқа толар еді…

Биыл дүниеге осындай ақынды әкелген аяулы анасы Тұрсын апайымыз да сүйікті ұлын іздеп, соңынан кете барды… Ақмаңдай Ақынды туған Ана жүрегі ақыры шыдамады… Ол кісінің нағашысы біздің рудан болғасын, мені “нағашы інімсің” деп жақсы көріп, бауыр тартып тұратын. Шардараға барғанда сәті түскенде, сәлем беруге үйіне бара қалсам, баладай қуанатын. Жақсы адам еді жарықтық! Ал Әмірханның әкесі Жұмабек көкеміз оқымаған кітабы жоқ, дала ғұламасы еді. Қазақ ақындарының, бәріміздің өлеңдерімізді өзімізге оқып бергенде, Әмірханның бойындағы телегей теңіз тереңдігінің тамыры қайда жатқанын түсінетін едік…Пейіште рухы шалқи бергей марқұмдардың…

Әмірханның қазақтың көрнекті ақыны марғасқа Маралтай бастаған достары өмірден ерте кеткен достарын ұлықтауда имандылық көрсетіп келеді. Маралтай бастамашы болған Әмірханның ескерткіші, бюсті дайын тұрғанына біраз болған екен. Биыл Түркістан облысы Шардара ауданының тұңғыш халық сайлаған әкімі, Шардарадағы дүбірі дүниежүзіне әйгілі, 137 әлем чемпионын шығарған қол күрес ордасының негізін салушы Арман Қарсыбаевқа әкім бола салысымен біздің айтқан алғашқы ұсынысымыз осы Әмірхан Балқыбектің ескерткішін Шардараның көрнекті жеріне орналастыру еді. Жақында Шардарадағы “Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестігінің” ұсынысы бойынша Әмірхан Балқыбек ескерткіші Шардарадағы орталық саябақтағы Руханият алаңына қойылатын ең алғашқы ескерткіш болмақ, Құдай қаласа.

Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы басшысы Ә.Қойлыбаевқа ескерткішке рұқсат алу үшін ұсыныс жіберілген. Шешіліп қалуы тиіс деп күтіп отырмыз...

Бұл істе Маралтай бауырымыздың үлкен үлесі тиіп жатыр құдай қаласа! Алла жар болсын! Дос болса, осындай болсын! Мықты ақын барлық жағынан үлгілі болуы керек!

Мәжіліс депутаты [Қазыбек Иса](https://www.facebook.com/kazybek.isa)ның жазбасы (19.05.2024 ж.)

БАЛҚЫБЕК ӘМІРХАН (1969–2014) 19 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай ауданына қарасты Ленин атындағы ұжымшарда туған.

1989–90 жж. Шардара аудандық «Өскен өңір» газетінде тілші болып қызмет атқарды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін 1995 жылы журналист мамандығы бойынша бітірген.

1995 – 2000 жж. «Парасат», «Жас Алаш», «Ана тілі» секілді республикалық басылымдарда қызмет атқарған. «Қазақ әдебиеті» газетінде әдеби сын бөлімінің меңгерушісі, «Дала мен қала» газетінде әдеби редактор, «Қазақ энциклопедиясы» баспасында редактор болып істеді.

Өлең топтамалары «Ауылдан ұшқан аққулар», «Толқыннан толқын туады», «Жас ақындар поэзиясының антологиясы» іспетті ұжымдық жинақтарға кірген.

1996 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Метаморфоза», 2001 жылы «Отырар кітапханасы» сериясымен жарық көрген «Сынған сәуленің шағылысуы» жыр жинағының және «Қасқыр құдай болған кез» (2008) кітабының авторы. 1997, 1998 жылдардағы ҚР Президенті стипендиясының иегері. Алматы қаласында тұрған үйінде ескерткіш тақта орнатылып, Ә.Балқыбек атындағы мүшәйра өтті.

adebiportal.kz

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/a-yn-mirhan-bal-ybekke-eskertkish-ornatyl-aly-zhatyr-1004780](https://yvision.kz/kk/post/a-yn-mirhan-bal-ybekke-eskertkish-ornatyl-aly-zhatyr-1004780)