---
title: "АҚЫЛ МӘНІСІ ЖӘНЕ ЖАСТАР (Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының шығармалары негізінде)"
description: "Жаратылыс, дүние, тіршілік атты ұғымның өзіндік бастауы бар және шектелер шегі бар көпқырлы құбылыс ..."
author: "nazerke_semey"
published: "2013-09-12T15:45:36+00:00"
modified: "2013-09-12T15:51:51+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/a-yl-m-nisi-zh-ne-zhastar-m-sh-r-zh-sip-k-pey-lyny-shy-armalary-negizinde-313529"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/a-yl-m-nisi-zh-ne-zhastar-m-sh-r-zh-sip-k-pey-lyny-shy-armalary-negizinde-313529/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# АҚЫЛ МӘНІСІ ЖӘНЕ ЖАСТАР (Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының шығармалары негізінде)

> Жаратылыс, дүние, тіршілік атты ұғымның өзіндік бастауы бар және шектелер шегі бар көпқырлы құбылыс ...

Жаратылыс, дүние, тіршілік атты ұғымның өзіндік бастауы бар және шектелер шегі бар көпқырлы құбылыс екендігі баршаға мәлім. Біреу жаратылысты дүние деп жатса, енді біреу тіршіліктің мәні деп санайды. Дегенмен, ақылға салып таразылай білсек, үш ұғымның үш түрлі өзіндік белгісі бар. Көп ойланып, көп толғанып, ойды бір жерге қосып, сараптар болсақ, жаратылыссыз дүние, дүниесіз тіршілік, тіршіліксіз адам атты жан иесінің мәні жоқ секілді. Адамды адамммен салыстыратын, адам мен адамды теңестіретін, тіпті ажырататын да – ақылдың күші. Сондықтан да болар, ақылы көп ұтып, ақылы аз ұтылып әрі тұтылып жатады. Жаратқан иенің адамға ақылды әу бастан-ақ маңдайына жазатыны тағы да өзіндік аксиома. Бұл ұғымның дәлелденбейтінін ескерер болсақ, сонда адам ақылмен туады ма деген ой мазалайтыны да тағы бар. Ойлана келе, ой айдыны қаншама ағысты басып озып, бір шалқарға келіп құяды. Ол – адамның ақыл иесі екендігі. Себебі, ғаламдағы тіршілік ететін тірі жандардың ақылдысы да – адам.

Ақыл туралы ілімді ақтарар болсақ, жан-дүниесі, сана-сезімі жоғары тіршілік иесін ақылды жанға санайтындығына жолықтық. Сонда қайда барсақ та, ақыл сөзінің алып барар межесі адам атты тұлғаға кездестіретіні айғақталды. Ақылға көз тоқтатып, көңіл бөлетін болсақ, адамзаттың нұрға бөленетіндігі, ақылдың қашанда дұрыс жол таңдайтындығы өсиет етіледі.

Адамның бетіне, жүрген жүрісіне қарап оны ақылды деп тануға болмайды. Ақылды адамның ісі ғана дәлелдейді. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының айтуы бойынша, ақыл бүкіл ғалам үшін біреу ғана. Сондықтан ол айдағанның жетегінде, көрінгеннің қолында кетпей, өзі қол созған, сол үшін жанын салып, бар талпынысын ақылға жұмсаған адамның бойында болуы қажет секілді. Кей адамдардың ақыл мәнісіне бармай, кейбіреулердің алысқа қол сермейтініне, ал кейбіреулердің мүлдем бос қалатынына налимын. Қашанға дейін «ҚОЙ АУЗЫНАН ШӨП АЛМАС ЖУАС БОЛЫП», мазақ қазақ боламыз?! Одан да ақылдың мәнісін түсінуне тырысайық. Сонда ғана әр азаматтың «Мен ақылдымын»-деп, кеудеге қол соқпай, іспен дәлелдей алуға болатынына және сол үшін тер төгу керектігіне көз жеткізе аламыз.

Ғылым-білім иесі ақыл иесінің ішіндегі олжалысы әрі қомақтысы. Яғни ғалымда ой мен сананың терең болатындығы емес, оның ақылы терең ойшылдығында екені дәлелденеді. Сондықтан, оқу оқып, оны мәнісіне қарай көкірекке тоқып, саналы ой қорытындылай білсек, үлгі болар азамат қалыптасады.

Бүгінгі біздің қазақ жастарының бойында даналар айтқан дара ойлар өз бастауын тереңге сермеп жатса, ол ел игілігіне асар болса, қолдайтын жағдай. Мен бүгінгі жастардың бойында осындай игі қасиеттер бар екеніне сенемін. Себебі, бүгінгі жас ақпарат пен технологияның сырын меңгерген, ел, ұлт зиялыларының ұлағатты ойларын түсіне де, сараптай да алатын жастар. Ең бастысы, елдігімізді ту етіп, ұлттығымызды ұлықтай білсек болғаны. Қазіргі заман бұған толықтай жағдай жасап отыр. Сондықтан, ақылдымын деген кісінің жетегінде емес, ақылдығына көз жеткен тұлғаның өсиетін тыңдай білсек, үлкен қазына, зор мұра. «Жастар және Болашақ, бұл мәңгілік тақырып. Адамзат өзінің өсіп-өркендеуінде осы мәселені ешқашанда күн тәртібінен түсірмеген және түсірмек те емес. Жастар өмірдің қуат арнасы, оның тынысы, аяқ алысы, бір сөзбен айтқанда, өмірдің нағыз өзі. Жастар туралы сөз болғанда, үнемі де қайталап айтарым, жастық деген даналықтың формуласы...Жастардың даналығы ерекше, себебі олар өмір мәнісіне ой жіберіп, оны үлкендер сияқты қайғы-мұңға толтырмай, өмірдің не екенін біліп-танып болмай-ақ, өмір сүруге асқан құлшыныспен кірісіп кетеді, оны жастық максимализм деңіз, романтика деңіз, арманшылдық, тіптен болмайтын іске салынып қиял қанатында қалықтау деңіз, қалай айтсаңыз да, оның бәрі өмір сүруге ерекше талпыныстың табиғи көріністері» деген атақты философ Ғарифолла Есімнің сөздерінен бүгінгі жастарға деген шексіз сенімінің дәмін сезуге болады. Демек, жастар оңды-солды дәурен іздемей, ақылдың мәнісін іздеп, бүгінгі қоғамның жарқын болашағының іргетасын берік қып қалауға тырысу керек. Тоқсан сөздің тобықтай түйінін түйіндер болсақ, ақылдың мәнісі дегеніміз – дұрыс жол көрсетуде. Дұрыс жолдан тайынбайық! Елдің ертеңі үшін үлес қосайық, жастар! Сөзімді қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың өлеңімен аяқтағым келеді:

 

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты –

Қырандай күшті қанатты.

Мен жастарға сенемін!

Көздерінде от ойнар,

Сөздерінде жалын бар,

Жаннан қымбат оларға ар,

МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМІН!

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/a-yl-m-nisi-zh-ne-zhastar-m-sh-r-zh-sip-k-pey-lyny-shy-armalary-negizinde-313529](https://yvision.kz/kk/post/a-yl-m-nisi-zh-ne-zhastar-m-sh-r-zh-sip-k-pey-lyny-shy-armalary-negizinde-313529)