---
title: "Ақпараттық қауіпсіздікке неге мән бермейміз?"
description: "Өкінішке қарай тағы да құзырлы орындар үнсіз отырды. Интернет дамыған заманда ақпараттық қауіпсізд..."
author: "Begalygaz"
published: "2019-01-03T09:40:26+00:00"
modified: "2019-01-03T09:40:26+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/a-paratty-auipsizdikke-nege-m-n-bermeymiz-823016"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/a-paratty-auipsizdikke-nege-m-n-bermeymiz-823016/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Ақпараттық қауіпсіздікке неге мән бермейміз?

> Өкінішке қарай тағы да құзырлы орындар үнсіз отырды. Интернет дамыған заманда ақпараттық қауіпсізд...

Өкінішке қарай тағы да құзырлы орындар үнсіз отырды. Интернет дамыған заманда ақпараттық қауіпсіздіктің маңыздылығына неліктен мән берілмейтінін түсінбеймін.

Құзырлы орындар қоғамды алаңдатқан оқиға немесе төтенше жағдай кезінде 8 сағаттан кешіктірілместен халықты ресми дерекпен құлақтандыру керек .Оның мәтіні екі-үш сөйлемнен құралсын , жұрт ресми органдардан жеткен ақпаратқа сенеді. Дегенмен ол деректердің шынайы болғаны және қысқа-нұсқа, сонымен бірге әр сөздің мағынасына мән берілуі керек.

Бұл түрлі оқиғалар туындаған кезде пайдаланатын әлемдік тәжірибе.

Кешегі жағдай мейрамханада ішімдік ішіп, текетірестен туындаған кикілжіңнің ұлттық араздық дауға от құя жаздағаны алаңдатты. Әлеуметтік желілердегі түрлі жазбаларды оқып, ішімнен елімнің тыныштығын тіледім.

Марқұмның туысқандарына көңіл айтамын. Дегенмен көпшілікке қызмет көрсететін мейрамхана, клубтар мамандарды көпшілікпен жұмыс істеуге бейімдеуі керек. Өзіне келген тұтынушымен ұрыс-керісті болдырмаудың мың айласы бар. Шоқпар алып , қызылкеңірдек айтысудың ешкімге пайдасы жоқ. Оған жол бермеу арқылы сіз қызметіңізді тұтынған адамның өмірін, өзіңіздің бизнесіңізді сақтап қаласыз.

Өзім өткізетін семинарда қоғамды дүрліктірген оқиғалармен жұмыс істеудің қыр-сырын айтамын. Өкінішке қарай құзырлы органдар тәжірибе жүзінде осы қарапайым ереже-талаптар қаперіне ілмейтіні қынжылтады.

Қарағандыдағы оқиға бойынша ресми мәлімет бір тәуліктен кейін пайда болды. Полиция қызметкерлері ,облыстың ішкі саясат бойынша жауапты мамандар ұйқысынан оянғанша немесе асықпай жүргенде ел арасына арандататын ақпараттар қаулап , бейнежазбалар әлеуметтік желілер арқылы тарап кетті. Тіпті кейбір жазбаларды оқып, төбе шашымыз тік тұрды.

8 сағатта Қарағандының құзырлы орындары оқиғаға қатысты ақпаратты әлеуметтік желілер , облыс әкімдігінің сайты , ІІМ сайты арқылы таратуға мүмкіндігі болды.

Жалпы осындай органдарда баспасөз қызметінің жұмысының ақсап тұрғанын ,конфликт туындаған жағдайда оған дайын еместігін тағы байқатты.

Енді осындай оқиғалар қайталанбасын деп тілеймін. Өйткені кез-келген оқиғаның салдары бар.

Жазира Бегалы журналист .

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/a-paratty-auipsizdikke-nege-m-n-bermeymiz-823016](https://yvision.kz/kk/post/a-paratty-auipsizdikke-nege-m-n-bermeymiz-823016)