---
title: "1944 ж. 23 ақпанда Кавказ халықтары депортацияланды.."
description: "1944 ж. біздің 60-үйлі ауылымызға да депортациямен бірнеше шешен отбасы келген. Олардың арасында да ..."
author: "Omirhan"
published: "2017-02-23T09:25:42+00:00"
modified: "2017-02-23T09:25:42+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/1944-zh-23-a-panda-kavkaz-haly-tary-deportaciyalandy-757487"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/1944-zh-23-a-panda-kavkaz-haly-tary-deportaciyalandy-757487/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# 1944 ж. 23 ақпанда Кавказ халықтары депортацияланды..

> 1944 ж. біздің 60-үйлі ауылымызға да депортациямен бірнеше шешен отбасы келген. Олардың арасында да ...

1944 ж. біздің 60-үйлі ауылымызға да депортациямен бірнеше шешен отбасы келген. Олардың арасында да жақсы-жаманы дегендей әртүрлі мінез иелері бар екенін кейін көзіміз көрді. Жасыратыны жоқ, арып-ашып келіп, тойынған соң ауылдастардың қорасына түсіп, "алғыс" білдіргендері де болды. Сонымен қатар, арасында үлкен жүректі азаматтар да болды.Солардың бірі Әзи деген ғұлама молда екен. Біздің әкеміз ол кезде соғыста. Әзидің отбасын біздің әулет паналатыпты. Біздің ауылда жұма, айт намаздары үзілген емес. Бірақ мешітіміздің имамы да, азаншысы да арнайы діни білімі жоқ қариялар болатын. Біраз уақыттан кейін саптың соңында тұратын Әзидің ғұлама екенін білген соң мешітке имам болуға ұсыныс жасайды.

- Жоқ, маған сіздерге имам болуға қоспаған. Біздің мазхабымыз Ханафи емес, Шәпиғи. Жүз жерден білімім тасып тұрса да, сіздерді намазға ұйытуға хақым жоқ!

- деп бас тартыпты. Әзи ақсақал мен ес білмей тұрып қайтыс болып кетіпті. Ақсақалдың Солтай, Махмуд деген екі ұлы болды. Солтай Кавказда туылғандықтан ба, әлде жаратылысы сондай ма, қазақтарға іші жылымайтын секілді көрінетін. Бірақ адал еңбекпен өмір сүрді. Өле өлгенше колхоздың экскаватор тракторын айдады. Ал Махмуд 1947 ж. біздің ауылда өмірге келіп, менің ең үлкен ағаммен бірге өсіпті. Кейінірек олар колхоздың орталығы Тасарыққа көшіп кетті. Бірақ Махмуд көке өмірден өткенше біздің әулеттің қуанышын да, қайғысын да бірге бөлісті. "Дефицит" деген пәле бар заман.. Сельпода жүргізуші болып істейтін Махмұд - Шеше индийский шәйіңіз таусылған жоқ па?

- деп анамды қарық қылып тастайтын. Жалпы, біздің отбасыға көп жақсылық жасады. Бізде ол кісіні туған ағамыздай көрдік. Тіпті ол кісінің ұлты басқа екенін ұмытып кететінбіз. Біздің үйдегілер ол кісі біраз күн көрінбей қалса, елеңдеп іздей бастайтынбыз. Абайсызда шешен мен қазақ шекісіп қалса, арасына Махмұд көке түсіп, жарастырып жататын. "Алғыс" деген жәй ғана ауызша рахмет айта салу емес екенін Махмұд көкеміз өз өмірімен көрсетіп кетті.

Қазақтың жеріне түрлі себеппен келген әлгі саны 130 деп жүрген ұлтыңыздың бәрі біздің Махмұд көкеміздей болса, кеңпейіл қазақ олардың өзіне алғыс айтар еді-ау...

![1944 ж. 23 ақпанда Кавказ халықтары депортацияланды..](https://storage.yvision.kz/images/user/omirhan/IZjZTbPj5FjCl73klAVhcUbb3MS11l.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/1944-zh-23-a-panda-kavkaz-haly-tary-deportaciyalandy-757487](https://yvision.kz/kk/post/1944-zh-23-a-panda-kavkaz-haly-tary-deportaciyalandy-757487)