---
title: "19 маусым — «Шоқан» қойылымының тұсаукесері"
description: "Бүгін Қаллеки театрында халық назарына ұсынылатын «Шоқан» қойылымының тұсаукесеріне тек актерлер ған..."
author: "TRK_kaz"
published: "2015-06-19T06:04:00+00:00"
modified: "2015-07-03T06:19:06+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/19-mausym-sho-an-oyylymyny-t-saukeseri-516449"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/19-mausym-sho-an-oyylymyny-t-saukeseri-516449/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# 19 маусым — «Шоқан» қойылымының тұсаукесері

> Бүгін Қаллеки театрында халық назарына ұсынылатын «Шоқан» қойылымының тұсаукесеріне тек актерлер ған...

**Бүгін Қаллеки театрында халық назарына ұсынылатын «Шоқан» қойылымының тұсаукесеріне тек актерлер ғана емес, музыка, жарық беру, декорация мен бутафория мамандары атсалысуда. Театр тігіншілері де қызу дайындық үстінде. Бүгінгі тұсаукесерге санаулы уақыттың ішінде екі құрамға бірден киім тігу оңай шаруа емес.**

**

![19 маусым — «Шоқан» қойылымының тұсаукесері](https://storage.yvision.kz/images/user/trk_kaz/8C7AVbPgEp8pk10PN3mFNackQGJPvQ.jpg)

**

«Шоқан» қойылымының кейіпкерлері өте көп. Біз әртістердің әрқайсысының дене бітіміне шақтап тігу керекпіз және ол тек суретшінің үлгісі бойынша тігіледі»,-дейді тігін цехының меңгерушісі Гүлайхан Мырзахмет.

Нұрлан Жұманиязов – сахналық түрлі тәжірибе жасау арқылы қолтаңбасымен ерекшеленіп жүрген режиссер. Бұл пьесаны ол екі шығармадан құраған. Сондай-ақ, Шоқан Уәлихановтың естелік хаттары мен орыс тілінен тәржімаланған Жарылқап Бейсенбайұлының аудармалары пайдаланылған. Туынды қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері Сәбит Мұқанов пен бірқатар драмалық туындылардың авторы Шота Уәлихановтың шығармаларының негізінде сахналанбақ.

Шоқанның рөлін сомдайтын актер Қуандық Қыстықбаев: «Біз талантты актер, досым Ержан Нұрымбет екеуміз Шоқанның өмірінің соңғы күндерін сомдаймыз. Атасы Абылайды ойнап жүрміз, енді міне, бүгін Шоқанның өзін алып шығу – әр актердың арманы»,-дейді.

Айта кету керек, «Шоқан» қойылымының тұсаукесері бүгін Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында сағат 20:30-да өтеді.

Биыл қазақтың тұңғыш ғалымы, этнограф, ағартушы, фольклоршы Шоқан Уәлихановтың туғанына 180 жыл толып отыр.

Пьесаға қазақ халқының біртуар перзенті, ғалым, саяхатшы Шоқан Уәлихановтың Кадет корпусындағы өмір көріністері мен ғұмырының соңғы сәттері арқау болып отыр. Басты кейіпкердің ішкі жан дүниесімен сырласуы, айналасындағы жақындарының, достарының бейнелерімен сұхбаттасуы спектакльде кеңінен суреттеледі.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/19-mausym-sho-an-oyylymyny-t-saukeseri-516449](https://yvision.kz/kk/post/19-mausym-sho-an-oyylymyny-t-saukeseri-516449)