ҚАЗАҚША ЕСТІМЕГЕННІҢ
ҚАЗАҚША ТІЛІ ШЫҚПАЙДЫ…
САҢЫРАУЛАР — құлағының мүкістігі болмаса, тілдерінде ақау жоқ. Яғни құлағы естіген жағдайда сөйлеп кету қабілетіне ие. Сөздерді естімегеннен кейін не екенін айта алмайды.
Ым тілі — қол қимылы арқылы түсінісу тілі.
Қол қимылы арқылы түсінісіп жүрген жандардың тіршілігі туралы кеңірек ақпарат алу үшінбіз «Қазақстан» телеарнасында«Жаңалықтар» қызметінің сурдоаудармашысы қызметін атқарып жүрген Самал Нұрымовамен пікірлескен едік.Самалдың айтуы бойынша сурдоаудармамен айналысып жүрген жандардың арасында қазақ қыздары көп кездесебермейді екен. Көбіне бұл саланы ата-анасы немесе үйіндегі бір туысы есту қабілетінен айырылған жанұялардың балалары таңдап жататын көрінеді.Самалдың өзі бала күнінде ым тілімен түсінісіп жүрген жандарды көріп, осы тілді үйренуге ынтасы ауған. Есту қабілетінен айырылған жандар есту қабілетінің дәрежесіне байланысты бірнеше топқа бөлінеді. Әлсіз еститіндер мен мүлдем естімейтіндер арасында да біраз айырмашылықтар бар. Әлсіз еститіндер қол қимылы арқылы ән сала алатынын, адам бойындағы барлық сезім түрлерін ренжу, қуану, ашулану, таңдану сынды көңіл күй өзгерістерін де қол қимылымен жеткізе алады. Бүгінде біздің елімізде ресми дерек бойынша бойынша есту қабілетінен айрылған 16000 адам өмір сүруде. Ал бейресми дерек бойынша есту қабілетінен айырылғандар саны 100000-нан асады деп есептелінеді. Астана қаласында есту қабілеті шектеулі 370 адам, Ақмола облысы бойынша 630 адам тіркелген. Мұндай жандардың көпшілігі жұмыспен қамтылмаған, көбіне орта біліммен қалатындықтан олар тігінші, суретші т. б. сөйлесуді қажет етпейтін мамандықтарға барып жатады екен. Қазақстан бойынша 18 саңыраулар оқу өндірістік кәсіпорыны бар болса, Астанадағы қазақ саңыраулар оқу өндірістік кәсіпорынының 48 жұмысшысы яғни 56 пайызы саңыраулардан құралған. Қоғамдық ұйымдар тарапынан есту қабілетінен айырылған жандар туралы аз айтылып жүрген жоқ. Десек те біздің елімізде есту қабілеті шектеулі азаматтарға әлеуметтік көмек ретінде берілетін сурдоаудармашының уақыты әр адамға жылына 30 сағатты ғана құрайды. Ал Америка Құрама Штаттарында әр осындай мүгедек жандар айына 150 сағат сурдоаудармашының көмегін қолдана алады.
Яғни бұл қоғамдық орындарда, әлеуметтік көмек көрсету мекемелерінде, ауруханаларда арнайы сурдоаудармашылардың болуын қажет етеді деген сөз.
Мұқтажын түсіндіре алмайтын жандар іштен тынуға мәжбүр. Мұндай денсаулығының ақауы бар жандарға арналған мектептердің көпшілігі дерлік орыс тілінде. Самалдың айтуынша, көп құлағы естімейтін жандар телеарналардағы фильмдердің астындағы жүгіртпелі жазуды орыс тіліне ауыстырса екен деген тілек білдіреді екен. Яғни фильм немесе бағдарлама қазақ тілінде жүріп отырса, жүгіртпелі жазуды орыс тіліне аудару қиын емес шығар. Сонда құлағы естімесе де фильмді жазуы арқылы түсінер жандарға жеңіл болар ма еді? Ал енді құлағы естіп, тілі сөйлейтін, бірақ өкінішке орай ана тіліндегі сөздерді ести алмайтын жандардың да жағдайы осы жандардай қиын дер едік. Құлағы қазақ тіліндегі ақпаратты естімесе, қазақ тілінде тілі қайдан сөйлесін. Біреу амалсыздың күнімен тағдырына көндігіп жүрсе, ал біреудің өз еркімен, өз өз қалауымен мүгедек атануы қалай? Туғанынан Жаратушының берген сыйы денсаулығын өзі туылған ұлтының ана тілінің қажетіне жарата алмаса оның мүмкіндігі шектеулі жандардан айырмашылығы қандай?