Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
-1
14:45, 13 января 2017

ЭКСКЛЮЗИВ СҰХБАТ: КӘМШАТ ЖОЛДЫБАЕВА

Blog post image

Қазақ эстрадасының жарқын жұлдызы Кәмшат Жолдыбаева бүгінде халық сүйіп тыңдайтын әншілердің бірі. Он саусағынан өнер тамған орындаушы, отандық киноиндустрия саласын да қалт жібермей, дүйім жұрттың көңілін еріксіз баурап отыр. Халықаралық «Қазақстан келбеті» журналының ерекше сұлу әрі талантты қонағымен сыр шертіп, эксклюзивті сұхбатты назарыңызға ұсынамыз!

- Кәмшат, бір емес бірнеше өнер саласында өзіндік орныңыз бар, қазақтың маңдайына біткен жарық тұлғасыз, жұлдызыңыз жарқырай берсін! Ең алдымен шығармашылық жолыңызға тоқталсақ, барлығы неден басталды?

- Рақмет, Мадина! Мен өнерлі отбасында дүниеге келдім. Туып өскен жерім киелі Маңғыстау, кәрі Каспийдің жағасында, теңіз толқындарын қуып өскенбіз. Ата-анам да өнер майталмандары. Анам – Гүлнар Жолдыбаева, хореограф, көптеген түлектерді өз қолынан жіберген өңірімізге танымал би мұғалімі. Әкем – Мұрат Жолдыбаев, жүрегінде, жанында музыкант, бүгінде жүргізуші қызметін атқарады. «Жолдыбаевтар әулеті» атты бүкіл облысқа белгілі ансамбль болған. Сол аралықта әкем, оның аға-інілері мен келіндері жиналып, түрлі гастрольдерге баратынбыз. Сіңілім – Алтынай Жолдыбаева, інім – Руслан Нұрбергенов, жастайымыздан сахнаны сүйіп өстік. Мамамандыққа келгенде үлкен таңдау болмады, бәрімізді өнер жолы баурап тұрды. Дегенмен, өнерден өзге де саланы көздеп «Мұғалім және аудармашы-референт» мамандығы бойынша Маңғыстау Гуманитарлық колледжін тәмамдадым. Алайда бойымдағы өнер жібермей, Алматыға аттанып, ҚазМҚПУ-ға түстім. Төртінші курста Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлтық өнер академиясының «Эстрада-вокалы» мамандығына ауысып, сонда бітірдім.

- Алға жетелеген балалық арман ба? Әлде алға қойылған нақты мақсаттарыңыз ба?

- Бастапқыда арман болды, кейін уақыт өтіп үлкен мақсатқа айналды.  Кішкентайымда жәй қарап отыра алмай, шетелдік жұлдыздарды теледидардан тамашалап, ұмтылып, қатты ойлайтыным соншалық, түсімде көріп, таңертең сол түсіме қатты сеніп, мәз боп жүретінмін. Анам бастапқыда мені биші ретінде көрсетсе, тұңғыш  әншілік жұлдызымды жағып, үлкен сахнаға шығарған ұстазым, еліміздің мақтанышы, батыл, батыр қыздарыңыз – Тамара Асар. Өзінің қанатының астына алып, үлкен байқауларға қатыстырып, қолдау көрсетіп, маңғыстауша айтқанда – апам болады.  Сондай-ақ, «Кеш You» тобының құрамында болу өмірімдегі ең үлкен, маңызды әрі жарқын сәттерімнің бірі. Қаншама жеңілістер мен жеңістер болды. Біреуіне қол жеткізсең, армандар келесі белеске жетелейді. Маңдайыма қанша ғұмыр біткені белгісіз, сондықтан да еншімдегі аз уақыт ішінде асқақ армандарым орындалуын тілеймін, соған талпынамын.

- Кәмшат, таңдаулы жұлдыз болуды армандап жүргендер көп. Бірақ оның да кемшін тұстары жоқ емес. Сіздің пікіріңізше, өнер адамдары ауыр сынақтарға жиі кезігеді ме? Өз басыңыздан өткен осындай жайтпен бөліссеңіз, оларды қалай жеңдіңіз?

- Атақты болу оңай, бір сәт ғана. Әңгіме танымал болуда емес, сол дәрежені қалт жібермей, ұстап қала білуде. Ол талмай жасалған еңбек пен ұзақ ізденіс арқылы келеді. Бойдағы ерекшелікті көрсете білу, дәлелдеу әрі мойындату – зор өнер. Әртістің ең қиын тұсы осы, яғни, тек сахнаға келу ғана емес, сол сахнаның төрінде орын алу. Бүгінде жеткен зор жетістіктерім, жеке әнші ретінде шығып жатқан туындыларым жеті жыл бойы бірлесіп жұмыс жасап келе жатқан ұлы ұстазым, кеңесшім, продюсерім – Баян Мақсатқызының арқасында.

Blog post image

- Қазіргі таңда қандай жобалармен айналысып жүрсіз?

- Мен соңғы уақытта киноиндустрия саласына көп көңіл бөліп жүрмін. Жақында «Өгей жүрек» телеэкранға шықса, кеше ғана түсірілімі аяқталған «Сүйе білсең» атты жоба жуырда көрермен назарына ұсынылады. Оның арасында ауқымды мерекелік шараларға жүргізуші ретінде шақырып тұрады. Тұнып тұрған өнер, мүмкіндіктер өте көп.

- Тыңдарманыңызға шығармашылығыңыз арқылы қандай ой жеткізгіңіз келеді?

- Менің ойымша, әр әншінің өзіне сай ерекшелігі бар. Мен тыңдармандарыма жақсы көңіл-күй, сұлулық, махаббат, мереке сыйлағанды ұнатамын. Байқасаңыз, репертуарымда баяу, қайғылы әндер жоқтың қасы. Көбіне өзім билеп кетіп ән салғанды жақсы көремін. Алдағы уақытта туған жеріме деген ыстық лебізімді білдіретін әндер жазуды жоспарлап отырмын. Халық менің әніммен бірге шаттанса, билесе – мен үшін бұл зор бақыт.

- Еліміздің ең үздік ән кештері, тележобалары, тіпті телехикаялары да – сізсіз өтпейді. Бойыңыздағы сансыз қырларыңызбен қашан да таң қалдырып жүресіз. «Superwoman» болу қиын ба, мұның барлығына бір мезетте қалай үлгересіз, Кәмшат?

- Қалай үлгеремін... Әр істі уақытылы әрі тиянақты орындаудың өзі бір ғанибет. Ең алдымен бойдағы жалқаулықты жеңіп, қашан да белсенді болуға ұмтылу қажет. Өзіңе берілген уақытты дұрыс ұйымдастырып, тиімді пайдалана білген жөн.

- Қазақ киноиндустриясының өрістеуіне өз үлесіңізді белсене қосып келесіз. «Тракторшының махаббаты», «Ғашық жүрек», «Парыз» телехикаяларында, «Біржан Сал», «Тараз», т.б. қазекемнің атақты фильмдерінде сомдап жүрген рөлдеріңіздің санына жету мүмкін емес. Тұңғыш рет қандай рөл орындадыңыз? Ерекше есте қалған сәттермен бөліссеңіз?

- Бірінші рет – «Біржан сал» фильмінде Мақпалдың рөлін сомдадым. Досхан Жолжақсынов кино әлеміндегі тұңғыш тұсауымды кескен  тұлға деп мақтанышпен айта аламын. Кішкене ғана эпизод болды. Қиыны, көп сериалдық немесе толық метражды кинодағы басты кейіпкердің рөлін ойнап шығу емес, тап сол кейіпкердің образын ашатын, сан-қилы сезімдерін кішкене ғана берілген 1-2 минут ішінде көрсете білу деп ойлаймын. Ол кезде менің жасым әлі 22-де болған, әйткенде күйеуі қайтыс болып, серіге ғашық боп жүрген 30 жастағы әйелдің рөлін ойнап шықтым. Сол уақытта кино саласы жаныма жақын екенін аңғардым.

Камшат Жолдыбаева для журнала "Қазақстан келбеті"

- Кәмшат – қай кейіпкерге жақын? Неге?

- Қай кейіпкер болмасын мен үшін әр бірі маңызды. Бэлла да, Бибігүл де, қазіргі түскен жобамдағы Сая Маратқызы да, Мақпал да.

- Шет елдік режиссерлердің қандай да түсіріліміне ұсыныс түссе  қатысар ма едіңіз?

- Қандай жоба болмасын, мен үшін ол – зор мүмкіндік. Жуырда ғана «Әмре» атты фильмі шет елде түсірілді. Ә. Қашаубаевқа арналған кинолентаға арнайы барып қатысып, Жұмабекенің рөлін сомдап келдім. Америкалық режиссер, голливудтың атақты жұлдыздарымен бірлесе жұмыс жасап, тәжірибемді одан әрі толықтырдым.

- Отандық түсірілім техникасымен салыстырғанда өзгеше тұстары бар екен бе?

- Айтарлықтай ерекшелік жоқ, барлық жерде бірдей түсірілім алаңы, бір тәртіп, бірегей ереже. Олар өздерінің әйгілі режиссер, актер екенін ұмытып, баршасы бір толқында сөйлеседі. Сол тұстарына қатты қызықтым. Сондай-ақ, оларда жауапкершілік бірінші орында. Біреу өзінің мойнына жүктелген жұмысын дұрыс атқармаса, гонорардан қысқартады. Тағы бір ескеретін жайт, ол жақта түскі ас өте маңызды, тіпті сахна түсіріліп жатқанда оператор не жарық қоюшы аппаратурасын сөндіріп, тамақтанып келуге құқылы. Оларда ол қалыпты жағдай. Ал бізде түскі ас түгілі, кешкі 10-да бітетін түсірілім шамадан тыс түнгі 3-4 аяқталса да мәз болып жүре береміз. Бізде де бір тәртіпке келіп, осы тұсымызды өрбіткен дұрыс. Мен түсірілім барысында барлығын ұмытып кететінім соншалық, тіпті түннің бір уақытына дейін созылып жатса да сол жерде бақытты боп жүремін. Себебі бұл менің әлемім, осы сәт жалғаса берсе екен деймін.

- Құрметті Камшат, сіздің қазақ аруына тән ерекше образыңыз, сырбаз стиліңіз мені тәнті етеді, бұл жолда көмекші стилистіңіз бар ма, әлде тек қана өзіңіздің жеке талғамыңызға жүгінесіз бе?

- Ол жағын сіңілім Алтынай қадағалап отырады. Талғамы шынымен де ерекше, заманауи сән үлгілерін, маусым трендтерін, қай көйлекке қандай туфли сай келеді, оған қандай әшекей-бұйымдар тағылады барлығынан хабардар. Қандай да бір түсірілмге бармас бұрын, тәуліктің қай уақыты болмасын хабарласып, кеңес сұраймын. Ал, өнерде, кәсіби сахнада негізгі бағытты сілтейтін, әрине – Баян Мақсатқызы. Кей бір жобаларда, мәселен, «Гәкку әуендері», «Астана жұлдызы»  сынды түрлі марапаттау кештерінде, өздерінің стилистерін ұсынады. Ал өзім, өзім жақсы киінбеймін негізі J

- Кәмшат, сіз ырымшылсыз ба? Сахнаға шығудан бұрын жасайтын қандай да бір ритуалыңыз бар ма?

- Шыны керек, мен ырымшыл емеспін. Кішкентайымнан сахнада жүрсем де  біріншіден Аллаға, екіншіден өзіме деген сенімім болар, ағайын-туыстарымыз анама көп айтатын, сахнаға шығып жатыр, қаншама адамның алдында жүр, түйреуіш, көз-мойыншақ, жалтырақ заттар тағып жүрсін деп, бірақ тфә-тфә бүгінгі күнге дейін ондай заттарды қолданып көрмедім. Жақсы нәрсеге сенгенді ұнатамын, менің табиғатым сондай. Мәселен, алақаным қышыса ақша келеріне сенемін, немесе жаңбырдың жиналып тұрған суы басыма не көлікке түссе менің бүгін жолым болады деп, тіпті қара мысық жолымды кессе де жақсылыққа болжаймын. Ал былай сахнаға шығарда, бір Аллаға сеніп шығамын. Себебі барлығы тек Алланың қолында.

- Сіздің пікіріңізше, шынайы махаббат деген не? Ол қандай болуы керек?

- Адамды көңіліңнен шықпайтын тұстарымен бірге қабылдай білу. Идеалды адам болмайды, яғни, ұнамайтын қырларымен бірге жақсы көру – бұл нағыз махаббат. Бетіне айтуға батпасаң да, сүйіп-құшақтап жатпасаң да ішіңде, дұғаңда сол адамның аманшылығын, сәттілігін тілеп жүретін, жүректің төріне орналасқан махаббаттық сезімді – шынайы деп ойлаймын.

- Жеке өміріңзге тоқталсақ. Кәмшат, бүгінде сүйіктіңіз бар ма? Алдағы уақытта отбасылық фронтында қандай жоспарларыңыз бар?

- Мен қазіргі кезде үлкен ғашықтық сезімде жүрген адаммын. Ол жайлы айтар болсам, басы бос, келбетті жан. Қазіргі сезімім алдағы уақытта шығатын жаңа туындыларыма қатты әсер етіп, шабыттандырып жүр. Бұйырса, менің келесі әнім осы сезімге арналмақ.

- Егер де сіз журналист болсаңыз өзіңізге қандай сауал қояр едіңіз?

- Әлемдегі ең үлкен бақыт деген не? - деген сұрақ қойылса, мен, ойлаймын, ең  үлкен бақыт бұл, жасың келіп, үлкен бір қария болып отырған кезде «Мен бұл өмірге ризамын, мен асқақ армандарыма жеттім, мен бақытты жанмын» деп айтуым, яғни, сондай күйге жетуім деп жауап қатар едім. Неге мен уақытында солай істемедім, неге мен сол кезде жүрегімді тыңдамадым, уақытымды босқа жібердім деген сияқты өкініш бұл – өте ауыр тиеді. Сондықтан осы сөзге қазіргі секундтан бастап мән берген жөн деп ойлаймын.

- Бос уақытыңызды қалай пайдаланасыз?

- Жұмыс қызу жүріп кеткен кездері, бос уақытты армандаймын. Мұндай сәтте дым істемегенді жақсы көремін, ағзам болды мен тынықтым, енді қимылдашы деп айтпайынша, алдыма тек сүйікті кино, бағдарламаларымды  қосып, ең сүйікті тағамдарымды ішінде дұрысы да бар, бұрысы да бар барлығын қойып, есік-терезені құлыптап, телефонды сөндіріп, еш нәрсе ойламай демаламын. Шамадан тыс босап жатсам тыпырлай бастаймын, спорт қайда, мынау қайда деп.  Бірақ мұндай сәттер өкінішке орай, өте сирек болады.

- Өзіңіз жайлы естіген ең қызықты, шындыққа мүлде жанаспайтын өсекпен бөліссеңіз?

- Жалпы өнер адамдарының артынан көп өсек еріп жатады ғой. Біреумен қосып, біреумен айырылыстырады. Менің де жағдайым тап сондай. Мені көп әріптестеріме қосып қояды, қоспай жатып айырылыстырып та жатады, әйтеуір, өздері ойластырып қойған. Мұндай теріс пікірлерге айқындап айтып өткім келеді, мен осы күнге дейін өнерім, мақсатым, арманым деп жүрген адаммын. Әрине бұл жеке өмірімді ысырып қойғаным емес, қазір айттым, жеңіл ғашықтық сезімде жүрген жанмын, бірақ сол өзімнің теңім екенін байқап, сезініп жатсам мұны екінші орында қалдырып қоймаймын. Алла қаласа, сол күндерге жетсем бақытымның үстіне бақ қосылар. Бірақ бүгінгі таңда басым бос! Уақытымның барлығы өнер жолына жұмысалып жатыр.

- Өзіңіз әзірлеген соңғы тағам?

- Мен әзірлеген соңғы тағам балық болуы керек. Каспий теңізінің жағасында өскеннен кейін бе, балық өнімдерін ұнатамын. Балықты буда пісіріп жегенді жақы көремін, қасына міндетті түрде көкөністер дайындаймын. Теңіз өнімдері ұнайды, балықтан әзіріленген стейк те жағады. Әкем менің аңшы, жабайы құсты атып үйге алып келеді, одан анам өте дәмді сорпа істейді. Бүкіл әлемде анамыздың жасаған тағамдарынан артық дәм жоқ қой, аналарымыз аман болсын!

- Сүйікті әніңіз және әншіңіз?

- Darren Hayesтың «Insatiable» әні – мен үшін нөмірі бірінші ән. Өзім де таң қаламын, 2002 жылы жарық көргеннен бастап, әлі күнге дейін жалықпай тыңдап келемін. Отандық әншілер арасында да түрлі талғамға арналған әндер көп. Соның ішінде «Формат» тобының, марқұм Батырхан Шүкеновтың, «Кеш You»-дың әндерін тыңдаймын. Ал сүйкті әнім «Лашын» тобының орындауындағы «Таңдағаным» әні. Бұл Арман Дүйсенов шығарған керемет туындылардың бірі. Бірнеше рет, еріксіз тыңдай беремін.

- Үнді еліне деген қызығушылығыңыз қай уақытта пайда болды? Бұл тек қана образ ба, әлде шынымен бауырыңыз бұрып тұрады ма?

- Күндердің бір күнінде анам үйге үнді касетасын алып келді. Сол кезден бастап үнді әуендеріне деген әуестігім басталды. Таспаны күндіз-түні тыңдап, қосылып әндетіп жүргенде, «қызым үнді әндеріне дауысың жақсы келеді екен» деп, қанат бітірді. Эстрададағы әріптестерімнің көбі бұл ұлттың әніне деген құштарлығымды жақсы біледі. Осы ерекшелігіммен көп адамның көзіне де түстім. Ән айтшы дегенде әрине алдымен қазақша ән айтылады, соңынан үнді музакасын орындағанда таң қалып жатады. Бұған зор мән бере отырып, Баян Мақсатқызы алғашқы «Сүйіктім» әніне кішкене болса да үнді мәдениетінің жауһарын қосты.

- Үндістан эстрадасыныңдағы сүйікті орындаушыңыз кім?

- Әншісі Лата Мангешкар – бүгінде үлкен әже болса да  ән айтады, ол Гиннесс рекордтар кітабына ең көп 2500-ге жуық ән орындаған әнші ретінде енген. Сонымен қатар, Сону Нигам, Шриа Гошал дейтін дауысы керемет әншілер де ұнайды.

- Болливуд жұлдыздарының арасында ең қатты ұнайтын әртісіңіз кім?

- Әрине, ол – Шахрух Кхан, оның шеберлігін әлем мойындаған. Негізінен классикалық әртістер ұнайды, Рекха, Айшвария Рай, Мадхури, қазір шығып жатқан әртістерден Дипика Падукине, Ритик Роушен.

- Әнші карьераңызға оралсақ, «Сүйіктім», «Махаббат дастаны», «Бірге» хиттері сөзсіз миллиондаған тыңдарман жүректерін жаулап алды. Келесі туындыңыз қандай тақырыпта болмақ? Және қай уақытқа жоспарлап отырсыз?

- Алла қаласа осы жылы жаңа бейнебаянымды түсіріп бітуім керек, әзірше ол дайындалу үстінде. Клипте жанымда еразамат болмайды. Бұл әнімді тыңдайтын қыз-келіншектер өздерінің сұлулығын сезінсе, ыстық махаббат сезіміне бөленсе, жүрек лүпілдері жиілесе екен деген ниетпен жасамақпын. Шынайы ғашықтық сезімде жүрген, жақсы көрген, сүйген әйелдердің қандай күйде болатынын паш ететін туынды жасауды жоспарлап отырмыз.

- Түсірілімі қай жерде болады?

- Өзіміздің жергілікті режиссерімізбен Алматы қаласында түсіреміз. Қазір қандай стиль, киім, би болатыны талқыланып, толықтай дайындық процессі жүріп жатыр.

- Жанкүйерлеріңізге қаншалықты көңіл бөлесіз?

- Менің фанаттарым көп екенін инстаграм парақшаларынан байқаймын. Сұрағыңыз өте ойландырарлы, мен бұған дейін де жанкүйерлеріммен бірге кездесулер ұйымдастыруды жоспарлап жүргенмін. Жалпы мен жоқ, суретке түспеймін, автограф бермеймін, мені мазаламаңдар демегенмін. Мен халықтың ілтипатын, махаббатын жақсы көремін, соны бүкіл жүрегіммен қабылдаймын. Ғаламтор қатты дамыған заманда, аэропортта, дүкенде, есіктің алдында түсетін суреттер тым көбейіп  кету қауіп туындағаннан  қазіргі уақытта сахна сыртында немесе өнер ордасында қауышқан кезде ғана өз жанкүйерлеріммен суретке түсіп, тілдесемін. Реніш болады әрине, дегенмен тәртіп те болуы керек.

- Алтын уақытыңызды бөліп, қызықты сұхббат бергеніңіз үшін алғысымыз шексіз!

Blog post image

Мадина РЕБРОВА,

Халықаралық «Қазақстан келбеті»

журналының Бас редакторы

 
-1
2779
0