Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
02:22, 23 ноября 2016

Мәжіліс Қазақстандағы медициналық сақтандыруды енгізу мерзімін өзгерту туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (әрі қарай - Қор) төленетін аударымдар мен жарналардың төлеу мерзімін өзгертуді, осыған байланысты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (әрі қарай - МӘМС) жүйесінің барлық процестерінің іске қосылуының мерзімін өзгертуді қарастырады.

Осылайша, мемлекеттің Қорға аударатын жарнасының мерзімін 2017 жылғы 1 шілдеден 2018 жылдың 1 қаңтарына ауыстыру ұсынылып отыр.

Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын  жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлердің, жеке нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың, жеке тұлғалардың Қорға төлейтін аударымдары мен жарналарының мерзімін 2017 жылғы 1 қаңтардан 2017 жылғы 1 шілдеге ауыстыру жоспарланып отыр.

МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсету үшін Қордан төленетін ақы 2018 жылғы 1 қаңтардан басталады. Сондай-ақ, МӘМС жүйесіндегі жеке тұлғалардың «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңының 5,6, және 7 баптарында қарастырылған медициналық көмек алу мен денсаулық сақтау ұйымын таңдау құқықтары 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асырыла бастайды.

Сонымен бірге, аталған заң жобасы интернат санатына жатпайтын орта білім беру ұйымдарындағы оқушыларға медициналық қызмет көрсетуді білім беру жүйесінен денсаулық сақтау, яғни, емханаларға беру бойынша «Білім туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізуде.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылғы 18 қарашада ҚР Президенті Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамының 80 қадамын жүзеге асыру шаралары аясында жасалған «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңына қол қойды. Аталған құжат үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, Қазақстанда мемлекет, жұмыс беруші және әрбір адамның ынтымақты жауапкершілігінің негізінде медициналық сақтандыру жүйесін енгізуді қарастырмақ.

Мектеп жасындағы балалардың денсаулығын нығайту мен қорғау, оқушылардың сапалы және қолжетімді, аурулардың алдын алуға бағытталған медициналық көмек қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында ҚР Президентінің 2016 жылғы 15 қаңтарда бекіткен ҚР денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында денсаулық сақтау жүйесіндегі мектеп медицинасын әрі қарай дамыту қарастырылған.

 
0
214
0