Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
07:12, 15 ноября 2016

М. Айқымбаев атындағы Қазақ карантиндік және зооноздық инфекциялар ғылыми орталығының базасында Орталық референс зертханасы (ОРЗ) туралы

Сұрақ: Неліктен АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі зертхананың құрылысына демеуші болды?

Жауап: М. Айқымбаев атындағы Қазақ карантиндік және зооноздық инфекциялар ғылыми орталығының базасында Орталық референс зертхананы (ОРЗ) салу 1993 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасындағы Жаппай қырып-жою қаруларының таралу қаупін азайту жөніндегі мемлекетаралық келісімнің шеңберінде жүргізілуде. Осы Келісім бойынша атқарушы орган ретінде қазақстандық тараптан Қазақстан Республикасы Энергетика және минералды ресурстар министрлігі, америкалық тараптан – АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі айқындалған. Осы Келісіммен құрылыс АҚШ Үкіметінің қаражаты есебінен қазақстандық тараптың бақылауымен жүргізіледі деп көзделген.

Қазақстанның осындай зертхананы салуына болатын еді, бірақ бұл жерде мəселе ақшада емес, осындай объектілердің сәулеті мен құрылысы саласындағы технологиялық даму деңгейінде. Мұндай жағдайларда халықаралық кооперация – анағұрлым қысқа мерзімде сапалы нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін және табысты болады деп үміттендіретін әдеттегі практика. Бұдан басқа, ОРЗ құру жобасы тек кешен құрлысымен шектеліп қалған жоқ, ҚКЗИҒО мамандары мен инженерлері ең жаңа жабдықтармен жұмыс істеу, биоқауіпсіздік бойынша дайындықтан жəне біліктілігін арттырудан өтті.

Сұрақ: Бакзертхананың аумағында қандай патогендер, қай елдердің патогендері сақталатын болады?

Жауап: ОРЗ-ның құрылымына 1949 жылдан бері қазіргі кезге дейін ҚКЗИҒО-да сақталып келген аса қауіпті инфекциялар штаммдарының мұражайы (коллекциясы) кіреді, ал құрылыс аяқталғаннан кейін ОРЗ-ға көшірілетін болады. ОРЗ салынып жатқан бағдарлама бойынша басқа мемлекеттерден аса қауіпті патогендерді әкелу болжанбаған. Зертханада республика аумағында айналымдағы аса қауіпті инфекциялардың қоздырғыштарын зерделеу жалғастырылатын болады. Анықтама үшін: Қазақстан аумағының 39%-ын обаның табиғи ошақтары алып жатыр,  гемморагиялық қызбалар, туляремия, кене энцефалиті және басқа да инфекциялардың табиғи ошақтары бар.

Сұрақ: Неліктен зертхананың құрылысын жүргізілетін орын болып Отарда жұмыс істеп тұрған алаң емес, миллиондаған халқы бар мегаполис орталығы таңдалды?

Жауап: Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасындағы Жаппай қырып-жою қаруларының таралу қаупін бірлесіп азайту жөніндегі мемлекетаралық келісімнің шеңберінде ҚКЗИҒО базасында қазіргі заманғы зертхананы салу және зертханаларды, оның ішінде Отар кентіндегі де зертхананы жаңарту көзделген. Құрылыс барысында америкалық тарап Қазақстанның барлық заңнамалық және нормативтік актілерінің, халықаралық стандарттардың талаптарын ескерді.

Орталық референс зертхана карантиндік және зооноздық инфекциялардың таралу, профилактикасы және алдын алу саласында іргелі және қолданбалы зерттеулерді жүргізу мақсатында 1948 жылғы желтоқсанда негізі қаланған М. Айқымбаев атындағы Қазақ карантиндік және зооноздық инфекциялар ғылыми орталығының (бұрынғы – Орта Азиялық обаға қарсы ғылыми-зерттеу институты) аумағында салынған. ҚКЗИҒО-да барлық қажетті инфрақұрылым бар, бұдан басқа ол Алматы қаласының шет жағында  орналасқан. ОРЗ екі жағынан өнеркәсіптік кәсіпорындармен және бір жағынан ҚКЗИҒО қызметкерлері мен қала тұрғындарының бір қабатты үйлерімен шектеседі. ОРЗ құрылысы барысында Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтік актілеріне сәйкес күшейтілген физикалық қорғаныш көзделді.

Сұрақ: Патогендерді сақтау, зертхана материалдарын пайдаланатын лаңкестік әрекеттердің, техногенді және табиғи апаттардың алдын алу үшін қауіпсіздік шарасы жеткілікті түрде қамтамасыз етіледі ме?

Жауап: Орталық референс зертхана күші 9 балдық жер сілкінісі кезінде оның төзімділігін қамтамасыз етететін сейсмика бойынша ең жоғарғы талаптар ескеріле отырып салынған төрт қабатты ғимаратта орналасқан. Осы бірегей жоба нақты Алматы қаласының талаптарына сәйкес әзірленген. Сейсмология институты ғимараттың сейсмотұрақтылығына ең жоғарғы коэффициент – 3,3 қояды.

ОРЗ-да персонал мен қоршаған ортаның көп деңгейлі физикалық қорғанышын, ауа ағымдарын екі есе сүзгіден өткізуді, қатты және сұйық биологиялық қалдықтарды өңдеуді, қауіпсіз кәдеге жаратуды қоса алғанда,   биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы қазіргі заманғы әдістемені қолданылатын болады.

Жобаны құру кезінде инфекциялық агенттердің қоршаған ортаға түсу мүмкіндігін болдырмайды биологиялық қауіпсіздік және физикалық қорғалудың халықаралық стандарттары бойынша қорғау деңгейлерінің жүйесі таңдап алынды.

Мұның барлығы құрылыс құнының жоғары болуымен негізделеді – шамамен 130 млн. доллар.

ҚКЗИҒО құрылған кезден бастап осы уақытқа дейін патогендерді ұрлаудың және рұқсатсыз шығарудың бір де бір жағдайы тіркелмегендігін назарларыңызға жеткіземіз. ОРЗ-да патогендер қорғаудың бірнеше деңгейі бар әлемдік стандарттарға сәйкес сақталатын болады.

Сұрақ: Қазақстан мен АҚШ қандай бірлескен жобаларды жүзеге асырады?

Жауап: Құрылыс аяқталғаннан кейін зертхана ҚР Үкіметіне берілетін болады. Жаңа зертханада үш мемлекеттік орган: Қазақстан Республикасы ұлттық экономика, ауыл шаруашылығы, білім және ғылым министрліктерінің мүдделерін білдіретін қазақстандық мамандар ғана жұмыс істейтін болады:

ОРЗ-ның құрылысы аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің юрисдикциясына берілетін болады және үш министрлік: Қазақстан Республикасы ұлттық экономика, ауыл шаруашылығы, білім және ғылым министрліктерінің мүдделерінде пайдаланылатын болады.

ОРЗ қазіргі заманғы зертханалық жабдықтармен жабдықталған және биологиялық қорғау мен қауіпсіздіктің  халықаралық стандарттарына сәйкес келеді, бұл ғылыми ынтымақтастықты халықаралық деңгейде жүзеге асыруға және халықаралық жобалардың кең спектрін іске асыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты қазақстандық медициналық және ветеринариялық мамандар, ғалымдар мен зертхана қызметкерлері халықаралық стандарттарға сәйкес тиісті зертханалық практиканы енгізу бойынша процестерге тартылатын болады, сондай-ақ бірлескен халықаралық жобаларды іске асыруға қатысатын болады.

Қазіргі уақытта ҚКЗИҒО базасында жоғарғы оқу орнынан кейінгі оқыту және Қазақстанның да, Орта Азия мемлекеттерінің де (Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия және т.б.) мамандарының біліктілігін арттыру курстары жүргізілуде. ОРЗ базасында қазақстандық, сонымен бірге шетелдік мамандарды даярлау жұмысы жалғастырылатын болады.

ОРЗ-ны пайдалануға беру адамдар мен жануарлардың ауруларын диагностикалаудағы қазіргі кездегі әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді, бұл халықтың биологиялық қауіпсіздігін күшейтуге алып келеді.

http://kzpp.gov.kz/kaz/presscentr/san_prosveshenie/?cid=0&rid=6067

0
1202
0