Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
23:45, 27 сентября 2016

Т. Дүйсенова тұрғындардың медициналық сақтандыру жөніндегі өзекті сауалдарына түсініктеме берді

Жуырда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (әрі қарай – МӘМС) енгізу бойынша Ақтөбе, Алматы және Атырау облыстарының аймақтық штаб мүшелері үшін селекторлық тәртіпте өткен семинарда ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенова халықты, жұмыс берушілерді, медициналық қызметкерлерді толғандырған бірқатар сұрақтарға түсініктеме берді.

Аймақтардың өкілдері медициналық сақтандыру пациенттердің дәрілік заттар шығынын өтей ме, МӘМС аясында оралмандар үшін медициналық қызметтер пакеті қарастырылған ба, ауылдық денсаулық сақтау саласын қандай жаңалықтар күтіп тұр, өзін өзі өнімсіз еңбекпен қамтыған азаматтар және жұмыс істейтін зейнеткерлердің Медициналық сақтандыру қорының жарнасын төлеу тәртібі және жаңа жүйеде ведомстволық медициналық ұйымдар қалай жұмыс істейтіні жөнінде сауалдар қойды.

Алматы облысы аймақтық штаб мүшелерінің МӘМС жүйесіндегі дәрілік қамсыздандыру бойынша сұрақтарына жауап берген Тамара Дүйсенова МӘМС-ті енгізген уақытта амбулаторлық деңгейде дәрілермен қамсыздандыру Медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен жүргізілетінін айтты. Сонымен бірге, ол бірқатар аурулар бойынша дәрілік көмекті жақсарту мен оның аясын кеңейту мәселелері қарастырылатынын хабарлады.

Ауылдық медицина мәселелерін қарастыра келе, ҚР ДСӘДМ басшысы аудандық медициналық ұйымдар бір заңды тұлғаға біріктірілетіні жоспарланғанын айтты. Ол өз кезегінде Медициналық сақтандыру қорымен келісім шарт жасайтын болады. Құжатта халыққа көрсетілетін қызметтердің барлық шарттары, оның ішінде қызмет көрсетудің сапасын бағалау белгілері көрсетіледі.

Аудиториямен әңгімелесу барысында Тамара Дүйсенова мемлекеттің құрамына 17 миллион қазақстандықтарды вакциналау, әлеуметтік маңызы бар ауруларға көрсетілетін медициналық көмек және шұғыл медициналық көмек қызметтері кіретін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі пакетінің аясында медициналық қызметтермен қамтамасыз ету бойынша қаржыландырудың бүгінгі таңдағы бар көлемін сақтап қалатынын атап айтты. Сақтандыру медицинасы жүзеге асырылған жағдайда мемлекет Медициналық сақтандыру қорына халықтың әлеуметтік тұрғыдағы осал тобының 10,1 млн. азаматы үшін жарнаны төлеу міндеттемесін өз мойнына алады.

Министр көпшіліктің көкейінде жүрген МӘМС жүйесіне өзін өзі өнімсіз еңбекпен қамтыған азаматтардың қатысуы туралы сауалға толыққанды жауап берді.

Оның айтуынша, өзін өзі өнімсіз еңбекпен қамтыған азаматтар үшін мемлекет 2020 жылға дейін жоспарлы госпитализациядан басқа барлық медициналық көмек пакетін ұсынады. Аталған уақыт ішінде осы санаттағы адамдарға МӘМС жүйесіне қатысудың 3 нұсқасының біреуін таңдаулары қажет: біріншісі – жұмыссыз ретінде тіркелу; екіншісі – жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, мәлімденген кірістен немесе ол болмаған жағдайда ең төменгі жалақыдан жарна төлеу; үшіншісі – екінші дәрежедегі банктер арқылы жеке тұлға ретінде ең төменгі жалақыдан 2% көлеміндегі жарна енгізіп тұру.

Медициналық сақтандыру қорына ең төменгі жарна төлегеннің өзінде азаматқа қымбат медициналық қызмет (мәселен, құны 1 млн-нан астам жүрекке жасалатын ота) түрлері көрсетілетін болады.

Бұрындары хабарланғандай, ағымдағы жылғы 19 қыркүйекте Тамара Дүйсенова Батыс Қазақстан облыстары, 21 қыркүйекте Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Маңғыстау облыстарының, 22 қыркүйекте Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының аймақтық штабының мүшелері үшін семинар өткізді.

Оқыту шаралары аяқталған соң, аймақтық штаб мүшелері 1 қазаннан бастап халық арасында түсіндіру жұмыстарын бастайды. Олар жұмыс берушілермен, кәсіпорындар мен ұйымдардың еңбек ұжымдарымен, бюджеттік сала қызметкерлерімен, ҮЕҰ және кәсіподақ ұйымдарының өкілдерімен, сонымен қатар, ауылдық жерлердегі түрғындармен кездесулер өткізеді деп күтілуде.

   
0
269
0