Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
11:37, 07 мая 2016

Сәкен Сейфуллиннің нағашы қарындасы Асылгүл Әбіштен бір үзік сыр

Blog post image

Қазақ әдебиетінің негізін салушы, мемлекеттік қайраткер, ұлтымыздың маңдайына біткен біртуар дара тұлға Сәкен Сейфуллиннің нағашы қарындасы Асылгүл ханым бүгінде халықтың сүйікті қызы, асыл данасы.

«Жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» - демекші, Сәкен Сейфуллиннің біртуған бауыры Мәжіт бір естелік кітабында «Біздің нағашы атамыз Тышамбай қара нардай қайсыпас тік мінезді, шешен, болыс болған кісі еді. Сәкен шешеміз Жамалдың туған інісі, нағашы атамыз Әбішке тартқан. Сәкеннің өзі шешеме Жамекем, мен кімге ұқсаймын деп, мұртын шиырып сұраса, ол Әбіш інімнен аумайсың деп жауап қататын еді, оған Сәкен өзінше бір марқайып қалатын» - деп жазған. Жалпы айтқанда, Сәкеннің нағашы жұртына ұқсастығы жөнінде бұдан да өзге деректер көп. Асылдың сынығындай Асылгүл Әбіштің аяулы ағасына тартқан қырлары да баршылық.

Жас кезінен ұстаз болуды армандап өскен кішкентай Асылгүл әке жолын қуып қанат біткен қиялына жастайынан қол жеткізеді. Әкесі Рахымжан құрметті ұстаз, оқушыларға білім мен тәрбие беру жолында күллі өмірін сарп еткен. Жас қыз студент атанып, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің биология факультетін үздік тәмамдайды. Сол жылы Қазақ Ұлттық Ғылыми Академиясының «Ботаника» институтына жолдама алып, ғылыммен айналыса бастайды.

Бой жетіп, тұрмыс құрып, балалы болғанда да алуан экспедицияларға шығып тұруға мәжбүр болады. Алматы қаласындағы Халық шаруашылығы институтында ұзақ жылдар бойы экономист маманын даярлап, білім беру жолында аянбай еңбек етеді. Кейіннен құрметті ұстаз – бас маман, методист, оқу бөлімінің басшысы қызметтерін атқарады. Астана шаһарындағы Қазақ Гуманитарлық Заң университетінде құқықтану мамандығы саласында студенттерді оқытады. Сегіз қырлы, бір сырлы сұлу әпкеміз домбыра да шертеді, түрлі тағамдарды да тәп-тәтті әзірлейді.

Ынтымағы келіскен, түтіні түзу ұшқан әрбір шаңырақ мемлекеттің құт-берекесі. Әйел-ана отбасы берекесі мен жылуын сақтаушы, қоғамның ертеңгі болашақ ұрпағын тәрбиелеуші жан. Қазіргі таңда Асылгүл ханым тоғыз немеренің асыл да ардақты әжесі. Тұңғыш ұлы Ержан – экономист,  ҚазТрансГаз саласын басқарып отыр. Ортаншысы – Гүлжан да экономист, ол елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШтың Флорида штатындағы Майами университетінде білім алып жүр. Кенжесі Ердос – заңгер, бүгінде Астананың Жеке сот орындаушысы лауазымында.

«Мен Асылгүл Рахымжанқызы, біріншіден, өзімді – адал жар, мейірімді ана, қадірлі ене және асыл әже ретінде осындай мәртебеге ие болғаныма және тағдыр жүгін қиналмай арқалап келе жатқаныма өзімді бақытты әйел, құрметке лайықты  жан  деп сезінемін! Аллаға шүкіршілік етемін!» - дейді Асылгүл апай.

Бала балдан тәтті демекші, келіндері Жұлдыз бен Жанна: Ерасыл, Әділ, Әбіш, Едіге, Абай, Іңкәр, Жанель, Дария сынды қошақандарды атасы мен әжесіне сыйға тартты деп мәз. Расында да бүгінгі күнде енемен келін тату-тәтті, ұрыс-керіссіз бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүріп жатқан картинаны жиі көре бермейміз. Ал Асылгүл апа өзінің даналығымен,  мейірімділігімен осының бәріне түсіністік танытып, қос келініне тамаша тәрбие беріп отыр. Мұндай қасиет Асылгүл ханымның көргенділігінен, тектілігінен. 1999 жылы 12-ақпанда «Егемен Қазақстан» газетінің №30 баспасында  «Енемді сағынып жүрмін» атты мақала жарық көрді. Мұнда жас келін сағыныштан сарғайып, енесіне деген сүйіспеншілігін, оның әрбір сөзі мен істеген ісіне тәнті болғанын, ол кісіні өзінің екінші анасындай көргені жайлы жазады. Мақаланы зерттеу барысында келесі үзіндіге тап болдық, онда «Күн өткен сайын аяулы анама деген сағынышым ұлғайып, өз енемдей бола алам ба дегенді жиі ойлайтын боп жүрмін» деп жазылған, бұл күнде Асылгүл ханымның жұрт үлгі алардай ене болғанына баршаның көзі жетіп отыр, демек, тағы да бір арманы орындалды.

«Келін – қайынене топырағынан деп атам қазақ біліп айтқандай, келіндерім менен тәлім-тәрбиені қабылдап, өмірлік маңызы зор кеңестерімді орындап отырды. Екеуі де маған ұқсауға тырысады. Меніңше, бұл – заңдылық! Келешекте олар да мен сияқты ақыл-парасаты мол ене болуына сенімім кәміл. Иә, бұл ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан ұлттық педагогиканың, ұлттық құндылықтарымыздың баға жетпес байлығы» - деп Асылгүл ханымның көңілі хош.

«Отан отбасынан басталады» демекші, кеңпейілді, жан дүниесі кең Асылгүл апа балаларының тәрбиесіне қалт етпей қарап, көп көңіл бөлді. Кеңес өкіметінің ауыр кезеңіне қарамай, үш баласын алысқа жетектеп болса да, қазақ тілді балабақша мен мектептерде оқытты. Оларды сан түрлі үйірмелерге беріп, жан-жақты білім-ғылыммен нәрлендіріп, қазақи тәліммен өсіріп отыр.

«Ұллтық салт-дәстүр мен әдет-ғұрып баланың бойына сіңуі тиіс. Сондай-ақ туыс-бауырлармен жақындастыру жолында аянбай еңбек еттік. Бұл өте қажет дүние. Қазір нәтижесінде олар өз балаларын тап солай тәрбиелеуде!» - дейді Асылгүл Әбіш.

Атадан балаға жалғасатын ұстаным, ата дәстүр, сана сезім бала еңбектегеннен бастап өсіп-өніп, өмірге қалыптасу жолында аса маңызды фактор болмақ.

«Халық болу отбасынан  басталады, ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілесің деген сздің жаны бар. Әрбір отбасы бала тәрбиесіне қатты көңіл бөлсе, бала-шағамыз мықты болады. Қазір не көп, қылмыс, тәртіп бұзушылық көп. Балаға жас, албырт кезінде көңіл аудармасақ қиындыққа душар болуымыз әбден мүмкін. Біздің жұдырықтай жұмылған отбасымыздан үлгі алып, шыққан тегіміз бен тарихымызды жиі айтып, музей-театрға барып тұруды әдетке айналдырыңыздар» - деп әңгімесін аяқтады.

Мадина Абдукадирова

 
0
2160
0